Ойпырым-ай ә десеңізші, бір кішкене ғана әңгімеде қазіргі қазақ қоғамының бар сипаты көркем тілмен суреттеліп қана қоймай, бүкіл бітім-болмысын саралай отырып әділ тұжырымдама жасалыпты.
Әңгімеде «қаһарынан халық именетін Кеңес одағының қабырғасы қақырап түскенде» дүниеге келген кейіпкер өзі тұратын 24 пәтерлі екі қабатты үйдің тұрмыс-тіршілігін ғана баян қылмай бүкіл Қазақ Елінің жай-күйін айтып отырғандай. Сол 24 пәтердің бірінде қоғамға еңбегі сіңіп, жасы зейнеткерлікке жетсе де әділетсіз қоғамнан зардап шегіп, зейнетақы алмайтын, бұрын ұстаз болған жалғызбасты әйел тұрыпты. Жүйкесі сыр берген әйел «дүйім халық баладай балбырап, қарттай қалжырап ұйқыға кеткенде» «дауысын созып, жыны қозып» ән айтады екен. Әйелдің жағдайын білетін көршілері басында шыдауға тырысқандарымен, шала ұйқы тірлік өздеріне өз кесірін тигізе бастаған соң, үй тұрғындары жынды әйелдің үстінен арыз жазуға мәжбүр болады. «Көршімен татудың көңілі тыныш», «қорқау да көршісін қорымайды», «ауылдастың аты озғанша, қораластың тайы озсын» деген атадан қалған асыл сөздерді көңіліне түйген кейіпкердің атасы әу дегеннен арыз жазуға қарсы болады. Бұл кішіпейілдікті, мейірбандықты алдында ұстайтын, ұрпағын жан баласына қиянат қылмауға тәрбиелейтін қазақтың ұлттық болмысынан өнеге болатын. Бірақ сананы тұрмыс билеген заман болғандықтан арыз жазылып, өкіметтің өкілі – тәртіп сақшысы келеді.
...«Полицей оң қолын шекесіне сәл ғана жақындатып өзін таныстырды. Сыртқы сұлбасы тойған мысықтай көрінген бәленің тегі «Тышқанбаев» екен.
– Азаматша, сіздің мұныңыз не? – деді ол әйелге сыпайы сұрау тастап.
– Мұныма не бопты? – деді көршіміз түкке түсінбей.
– Сіздің мұныңыз тәртіп бұзушылық. Түнгі он бірден кейін тыныштық сақтау керек қой. Заңда солай жазылған. Ән салып халықтың мазасын алуыңызға жол болсын... – деп полицей қатуланды.
– Ән салған жалғыз мен бе екем, айналаңа қарасаңшы. Небір зәулім үйлердің асты да, үсті де таңға дейін тыным алмай тойлай беретін мейрамханалар. Соны сен неге көрмедің? Алдымен соларды түзетіп ал да маған келші, жарқыным. Жалғызды жөнге салу қашанда оңай ғой, – деді де көрші әйел есігін тарс жапты.
Шарасыз Тышқанбаев «тфу» деп түкірді де жөніне кетті»...
Бұл өкіметтің өкілі – тәртіп сақшысы Тышқанбаевтың ғана шарасыздығы емес, өздері шығарған заңдарын өздері орындамай, өзге жұртқа орындата алмай отырған биліктің шарасыздығы еді. Мұндай жағдай әңгімеде тағы да бір рет көрініс береді. Тұрғын үй ауласындағы қураған ағаштарды балталап шауып құлата бастаған әйелді тоқтатпақ болып тәртіп сақшысы Тышқанбаев тағы келеді.
... «Тағы сіз бе? – деді Тышқанбаев
– Тағы да сен бе! – деді біздің көрші.
«Сенен басқа естілеу жан жоқ па» дегендей таңырқай қарады.
– Мынауыңыз не, тападай тал түсте ағаштарды шауып жатқаныңыз. Бұл ағаштардың жазығы не? – деп, Тышқанбаев айналасына жалтақ-жалтақ қарап қойды. Жынды әйелдің қашанда жауабы әзір тұратын сияқты. Бастырмалата сөйлей жөнелді.
– Ағаш шауып жүрген жалғыз мен бе? Олай болатын болса, қаланың шетіндегі қарағайлардың не кінәсі бар? Оны да дәл мен сияқты екі аяқты пенделер шетінен құртып жатқан жоқ па, сен соларға барып айтып көрші «мыналарың қалай?» – деп. Айта алмайсың. Сендердің заңдарың мына мен сияқты маңдайынан соры сорғалаған қамқорсыздарға ғана жүреді. Ал шауып жатырмын. Олар қарағай құлатса, мен кәрі қайыңдарды құлаттым. Неғыл дейсің маған? Алаңға апарып атып тастасаң да құзырың жетеді. Өзің біл!.. – деп, көршіміз шімірікпестен шап ете түсті»...
Осы оқиғадан кейін әйелді төрт айға жындыханаға жатқызады. Бұған екі қабатты үйдің қалған 23 пәтеріндегі жұрт мәре-сәре болып қауқылдасып, іштерінде Ауған соғысының ардагері бар, ғарышкердің оқуын оқып аспан көгін көрмей қалған «ұлы ғарышкер» бар, біреуі лепіріп, біреуі тілегін айтып, қалғаны қостап қуанып жатқанда кейіпкердің атасы ғана үнсіз қалады...
Қазақ баласы ежелгі дүниетанымы арқылы қалыптасқан ұлттық болмысында өзгенің қайғысынан айналып өтіп кетпей көңілін білдірмеуші ме еді, жығылғанға жұдырық сілтемей, керісінше қолтығынан демеп, жәрдемдеспеуші ме еді. Көненің көзіндей ақсақалдың өзгелерге қосылмай оқшау қалғаны да оның бойынан қазақи қалыптың ажырамағанын білдірмей ме? «Апам өмірден бүгін қайтқандай тыпыршып қалды...» дейді кейіпкердің өзі, атасының қамыққанын алғаш апасының қайтқанында көрген немеренің бұлай салыстыруы ақсақалдың ел ішінде, яғни қоғамда болып жатқан жәйттарға күйзелгенін білдірмей ме? «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген Абай сөзінің қазіргі қоғамға жат болғанына қынжылғаны емес пе. Шәкәрімнің «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше» дегенін қазіргі қоғам ескермей жүргеніне еңсесінің езілгені емес пе. Бірақ...
Иә бірақ, бұл пенделердің не жазығы бар? Әркімнің өз жан жарасы өзінде. Бозбала шағында қияндағы ауған жеріне барып оқ пен оттың ортасына түскен Тұраш ағаның, ғарышкердің оқуын оқып ғарыш айлағының алаңын баса алмаған «ұлы ғарышкердің», «есін біліп, етегін жиғалы бері түрмеден шықпайтын орыстың» шалының өз күйіктері өз іштерінде ғой...
Десекте, ақсақалдың қоғам неден бұзылды деген сұраққа жауап іздегені анық. Бәлкім ол осыдан ғасыр бұрын жазылған Мұхтар Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесін еске алған болар. Алаш қаласында болған оқиғаны М.Әуезовтің «тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы», «бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты» деп бастап баян қылуы қазақ арасының ата-бабадан қалған салтты бұзып, боқ дүние үшін ардан аттап, оқыған баласының адами қасиетіне емес, «оқыды» деген бір жапырақ қағазына масаттанатын халге жеткендігінен болар. Сырқаттанып дүниеден өткен досының балалы жесіріне көк шатырлы үйіне бола үйленіп, ұлының қазасына қайғырып отырған кемпірді далаға қаңғыртып жібермек ұлдарына «е, алса алсын байдың қызын! Ол немені біз оқытқанда, «ылғи бізден шығын шығара бер, кемпір-шалдың қолындағы азын- аулағын тауыса бер» деп оқытып па едік?! «Мал тап, бізді асыра» деп оқытқанбыз» дегендері қазақи қалыптан кетіп, өзге елдің ғұрпына бет бұрудың бастауы еді. Қазақтың қолынан қамшысы түсіп, мойнына қарғыбау таққанды жөн көргені сол М.Әуезов жазған кезеңнен басталған болатын.
Сол «Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің жағасындағы Сібірдің бір кішілеу қаласындағы» оқиғадан кейін ғасырдан астам уақыт өтті, шындықты айтып жынды атанған әйел де төрт айдан соң жындыханадан шығады. Қыс. Қала шетіндегі екі қабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы берілетін жылуға жылынбай үй іші суық болғандықтан, әлгі әйел өзінің ғұмыр бойы жинаған кітаптарын бөлме ортасына қойып от жағып, бөлмесін жылытуға кіріседі. 2 қабатты үй тұрғындары абыр-сабыр болып дүрлігеді. Ел дүрліккен жерге жетіп келген тәртіп сақшысы Тышқанбаевтың ашулана өршеленген кейпін елең қылмастан түбіт шәлісін қымтана түсіп: «Жаным-ау... – деді де жынды әйел отқа шетелдік бір жазушының қалың томдығын тастап жіберіп қайта сөйледі – «Өкімет» деп өңешің үзілердей өңмеңдей бермеші. Мен бұл адамдар өртенсін деп жүргем жоқ қой. Пәтерім суық. Сондықтан өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымды өртеп, жылынып отырмын. Отқа жанса да кітаптың пайдасы тиіп жатыр. Өкімет өздеріне шығын келмесін десе, біздің пәтерімізге жылуды аямай берсін. Ал ажал жетсе өлетін адам мынандай суық үйде үсіп те өліп қалады ғой, – деп, ыржалақтай күлді жынды әйел». Осы бір көріністің өзінен жұрттың жәй-күйін, биліктің қауқарсыздығын көріп-білумен қатар, заман ағымын байқауға болады. «Отқа жанса да кітаптың пайдасы тиіп жатыр» деген сөз бүгінгі күнде кітаптың қадірі кетіп, Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып білуге» деген сөзінің жұрт жадынан өшкенін білдіріп тұрғандай. Былайғы жұрттың бұл әйелді «жынды» дегені қауым мен қоғамның теңіз бетінде ескексіз қайықтың қалқығанындай күй кешіп отырғанын білдірсе керекті. Бұл әйелдің кей ісі дұрыс көрінгенімен жұртқа теріс, қазақ болмысына жат өнеге көрсетіп отырғанын және ол әйелдің өзінің бұл ортада бөтен сезінсе де, «сыртқы жүнін күдірейтіп» өзгелерге өктемдігін көрсетіп отырғанын байқаған кейіпкердің атасы әйелді сөзге тартып, бұл істі бір ыңғайға келтірмек те болады.
«Сен осы біздің елді қайтесің, өзіңнің орыстарың сияқты Ресейді аңсап жүрген боларсың. Егер Отаныңа ораламын десең, біз жәрдемдесейік, – деді атам оны жұбатпақ ниетте сөз аңғарын басқаға бұрып.
– О-йй, ата, сіз де айтасыз. Мен Мәскеуді қайтемін. Біз тұратын көше – Чехов. Ал анау ар жағындағысы Толстой, одан Гоголь. Дүкендер, базарлар, біз бара бермейтін саябақтар – бәрінде орысша атаулар. Мұндағы кез келген адам орысша біледі. Қиналмай өмір кешесің. Бұның Мәскеуден не айырмасы бар? Бұл қала менің Мәскеуімнен де артық! – деп көңілденіп кеткен көршіміз кеудесін түйгіштеп-түйгіштеп қойды. Мен күліп жібердім. Атам күлген жоқ, ұзақ ойға шомып қалды».
Иә, «жынды» әйелдің бұл сөздері ақсақалды ойға шомдырып, Шәкәрімнің «көретін көзі жоқ, ұғатын сөзі жоқ. Қазақтың бұл күнде аты бар өзі жоқ» дегенін қайталатып отырғанын қалың жұрт сезсе ғой, шіркін!
Көп ұзамай қоғам «жынды» атандырған әйел қайтыс болады. «Мазамызды алса да, жуылмаған, жалбыр-жұлбыр шашымен жалмауыздай қорқынышты болып жүрсе де, «өкпеге қиған адамды өлімге қия алмадық» деп, соңында көршілері ғана емес, бүкіл қоғам қалды. Қоғам жәй қалған жоқ, марқұмның дүниеден өткеніне үш ай толғанда оның бұрынғы оқушылары үй бұрышына «Бұл үйде аналық мейірімін төккен үлгілі ұстаз Татьяна Асылзадаевна тұрған» деген жазуы бар ескерткіш-тақта орнатады...
Не үшін? Кім үшін? Бұл тақта өмірінің соңғы күндері «жынды» атанған, дүниеден өткен соң «мейірімін төккен үлгілі ұстаз» деп танылған әйелге еш қатысы жоқ-ау, сірә... Қатысы болса, осы тақтаны орнатқан шәкірттері көзінің тірісінде күніне болмаса да, аптасына біреуі келіп, бірер сағат жан дүниесі күйзелісте жүрген ұстаздарының көңілін аулап кетсе, ол әйел «жынды» атанар ма еді...
«Өлі разы болмай, тірі байыз таппайды» десек те, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, қауымдаса-руласа ғұмыр кешіп, қолында барын жоқ-жітікпен бөлісетін, «жалғыздық құдайға ғана жарасар» деген ұстанымда болған қазақ болмысы сонау өткен ғасырда М.Әуезов баян қылған шақтан бастап жойылу жолына түскен еді. Өткен ғасыр қазақтың болмысы жоғалған ғасыр болды.
Серікбек БОЛАТБЕКҰЛЫ,
«Туған қалам – Семейім»
ҚҚ төрағасы
Сурет интернеттен алынды