Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы жайтқа назар аудартатын жұмыстар Орал қаласында жан-жақты жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі – Орал қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының инспекторлары ұйымдастырған республикалық «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы аясындағы дөңгелек үстел.
Полиция басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң жол бермейді» тақырыбындағы басқосу «Отбасы» орталығында өткен. Басты мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамда отбасының рөлін арттыру, халықтың құқықтық мәдениетін жоғарылатуға мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды тарту.
Жиын барысында отбасындағы зорлық-зомбылықтың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сонымен қатар жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын жетілдірудегі мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі сынды мәселелер талқыланды.
Ағымдағы жылы 24-30 қаңтар аралығында қылмыстың алдын алу және жедел жағдайды тұрақтандыру бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық қызметін күшейту, бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалатын қылмыстардың және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында Орал қаласы аумағында ұйымдастырылған республикалық «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы белгілі болды. Соның нәтижесінде оралдық полиция қызметкерлері басқарманың Жергілікті полиция қызметінің есептік базасында тұрған 278 тұлғаға тексеру жүргізген. Сонымен бірге 157 тұлғаның құқық бұзушылыққа жол бергені анықталып, 64 адамға қорғау нұсқамасы шығарылған, тағы екеуіне алкогольдік ішімдікке тыйым салумен қоса мінез-құлқына сотпен ерекше талап қойылған. Орал қалалық полиция басқармасы «ішімдікке салынғандар» санаты бойынша – екі, «қолайсыз отбасы» санаты бойынша – 16 адамды есепке алған. «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасында 91 оралдық әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Дөңгелек үстелге қатысушы мамандар отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластық, үйдегі азаматқа деген құрмет, балаларының анасына деген сүйіспеншілігі туралы өз ойларымен бөлісті. Осы бағытта алдағы уақытта да ынтымақтаса жұмыстануға ниетті екендерін жеткізді