Орал қаласында автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 шақырым болса, оның ішінде 439,6 шақырымы (63,7%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал топырақ жабынды жолдардың ұзындығы 250,7 шақырымды құрайды (36,3%).
Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлімдеді. Яғни, облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысы тақырыбын қаузаған кезекті брифингте ең өзекті мәселеге айналған жолдардың жағдайы баяндалды.
– Автокөлік жолдарының сапасын жақсарту мақсатында биыл жалпы ұзындығы 107,6 шақырым жолды жөндеу жоспарланды. Оның ішінде, күрделі жөндеу – 9,05 шақырым (5 жоба), реконструкция, яғни қайта қалпына келтіру – 4,3 шақырым (5 жоба), орташа жөндеу – 66,4 шақырым (21 жоба), ANT әдісімен ағымдағы жөндеу – 27,8 (5 жоба) шақырым. Аталған барлық жобаларды жүзеге асыруға 8,6 млрд теңге қаражат қажет. Бұдан бөлек өткен жылы басталып, өтпелі кезеңмен жоспарланған сегіз жоба бойынша 18 шақырым жолды жөндеу жұмысы биыл аяқталады, – деді Жандос Асхатұлы.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, биылғы сәуір айының соңынан бастап көше жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу шаралары басталған. Шаһарымыздағы Қызылжар және Некрасов пен Лермонтов көшелерін орташа жөндеу толық аяқталса, қазір тиісті жұмыс Назарбаев даңғылында және Алаш көшесінде жүргізілуде. Орташа жөндеумен негізгі көшелермен қатар көлік қозғалысы қарқынды көшелер қамтылмақ. Сондай-ақ қаладағы 50-ден астам көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, қазіргі уақытта соның жиырмасы ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл ағымдағы жөндеу жұмысы аясында көпірлердегі деформациялық тігістерді қалыпқа келтіру, теміржол өткелдерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ осы жылы қаланың жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғыларды орнату, жөндеу бойынша бірқатар жұмыстар жоспарланыпты.
– Атап айтсам, 10 орынға «жаяу жүргіншілер өткелі» компо-белгісін, жиырма жасанды жол тегіс еместігі (ИДН) белгісін, жеті жаяу жүргіншілерге арналған шақыру түймесі бар бағдаршам, төрт көше қиылысына бағдаршам, бес орынға проекциялық жаяу жүргіншілер өткелін орнату көзделді. Қала бойынша жол таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, соған байланысты биыл 132 көшенің жолын таңбалау жоспарланды, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Белгілі болғанындай, тілсіз жау саналатын судың әлегіне орай облыс орталығында жарияланған төтенше жағдай да бұл саладағы жұмыстарға кесірін тигізуі ықтимал.
– Өздеріңізге белгілі, қаламызда су тасқынына орай төтенше жағдай жарияланды. Қазір тасқынның салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан жол жөндеуге қатысты кейбір жобалар жүзеге аспауы мүмкін. Алайда біз мүмкіндігінше жол жөндеуді жоспарға сай атқаруға тырысамыз, – деді Ж.Дүйсенғалиев.