Оралдың төл мерекесі басталды

Оралдың төл мерекесі басталды

Тарихы тереңнен басталатын көне қалалардың бірі – Орал шаһарында «Қала күні – 2025» мерекелік шаралары басталып кетті. 

Жыл сайын қыркүйек айына жоспарланатын жасыл қаланың төл мерекесін оралдықтар асыға күтетіні анық. 

– Биыл облыс орталығында «Қала күні» мерекесіне орай ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар жоспары әзірленді. Қыркүйектің басында басталған мерекелік бағдарлама ай соңына дейін жалғасады. Жоспарланған 50-ден астам түрлі форматтағы шаралар қала өмірінің мәдени, спорттық, әлеуметтік және қоғамдық даму салаларындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауда, – дейді қала әкімінің орынбасары Аслан Тапишев.

Осындай тағылымды іс-шаралардың бірі – қала орталығындағы Жұбан саябағында ұйымдастырылған «Түнгі кітапхана» атты әдеби-поэзия кеші. Орал қалалық кітапханалар жүйесі ұйымдастырған бұл кеш «Әдебиеттің абаданы» деген атаумен ақын, жазушы, тележурналист Мұнайдар Балмолданың шығармашылығына арналды. 

– Мұндай іс-шаралар әдебиетке құштар жандардың басын қосары сөзсіз. Сүйікті қаламыздың мерекесі аясында өткізілген кеште жерлестерімізге танымал қалам иесі Мұнайдар Балмолдамен сырлы сұхбат құрып, өлең өлкесіне оқырмандарымызбен бірге саяхаттадық. Біздің мақсатымыз – жастарды әдебиетке баулу, рухани құндылықтарды дәріптеу және сөз өнерінің мәңгілік құдіретін оқырманға сезіндіру, – дейді қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Ганди Шамкелова. 

Поэзия кешінің шымылдығы батысқазақстандықтардың әнұранына айналған «Ақжайық» әнімен түрілді. Шараның тізгінін журналист Жандос Хамза алып:

– Бүгінгі кештің басты қонағы – киелі әдебиет әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, талантты журналист, тележүргізуші Мұнайдар Мұханбетжанұлы ағамыз, – деп, кеш кейіпкерін ортаға шақырды. 

Ақын жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, өзінің шығармашылығы жайында аз-кем айтып өтті. Сонымен қатар өз туындыларын оқып, жастарға шабыт сыйлады.

Патриот ақын Жұбан Молдағалиевтің тас мүсінінің жанында кітапханашылар, жергілікті облыстық телеарнаның тілшілері, студент жастар рухты өлеңдер оқып, саябақты ерекше күйге бөледі. Кешті әсем әуендерімен көркемдеген өнерпаздар тыңдарманға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Осындай іс-шаралармен айшықталған «Қала күні» мерекесі әлі де жалғасуда. Жуырда «Тартынбай сөйлер асылмын» атты облыстық оқушылар айтысы және жергілікті ақын, композиторлардың шығармаларынан «Әсем өлкем – Ақжайық» ән-фестивалі өтті. Көрнекті шаһарда «Анаға тағзым» атты кіші сәулет туындысының ашылуы, «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы, жергілікті тауар өндірушілердің «Сапалы өнім» көрмесі, «Достық-Дружба» волейбол турнирі, арқан тартыстан «ORAL CUP» қалалық чемпионаты, «Тарихқа тұнған саябақ» атты мерекелік гала концерт ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама өз мәресіне жететін 20 қыркүйекте қаланың әр ауданында жаңа демалыс орындары тұрғындар игілігіне берілмек. Ал кешкісін оралдықтар мен қала қонақтары өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Туған қалам – Орал» гала концертін тамашалайды. Сондай-ақ экологиялық «Жасыл қала», «Үздік болашақ жұмысшы мамандық иесі» және үздік шығармашылық жұмыстар байқауларының жеңімпаздары марапатталады.

– Жалпы қыркүйек айы бойына жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы, мектептерде тәрбие сағаттары, тарихи-танымдық экскурсиялар, түрлі концерттер мен шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған мерекелік бағдарламалар да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ спорттық турнирлер, экологиялық акциялар, еңбек жәрмеңкелері, отбасылық сайыстар секілді халықтың барлық санатына арналған шараларымыз да бар. Қала күніне арналған іс-шаралардың мазмұны биыл ерекше. Бағдарлама Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» идеясымен үндесіп, еңбек адамын дәріптеуге, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды, – дейді қала әкімінің орынбасары Аслан Нұрланұлы. Сонымен қатар қаланың орталық көшелеріндегі LED-экрандарда, әуежайда, аялдамаларда, түрлі әлеуметтік желілерде қала күніне арналған имидждік бейнероликтер көзге түседі.

Жасыл желекке бөленген Орал қаласы – табиғатымен ғана емес, тұрғындарының өмірлік тынысымен де әдемі. Бұл шаһарға аяқ басқан әр жан уақыт өте келе, оның шырайлы келбетіне, жайдары халқына, тылсым тарихына бауыр баспай қоймайды. Осы орайда тұрғындардың пікірін білу мақсатында Лаура Басарова және Лариса Жұмажан есімді оралдықтарды сөзге тарттық. 2023 жылы Ақсай қаласынан Оралға отағасының жұмыс бабымен қоныс аударған Лаура Жұмабайқызы басында бейтаныс қалаға бейімделу оңай болмағанын жасырмады. 

– Әрине, бастапқыда жат ортаны, бейтаныс адамдарды, басқа қаланы бірден қабылдай алмағанымыз рас. Себебі, осы өңірдегі Бөрлі ауданының орталығы әрі «қала» мәртебесін иеленген Ақсайда жолдасым 30 жылдай тұрған екен. Сол қалада отбасын құрдық, балаларымыз дүниеге келді, байырғы достарымызбен кездестік. Өзіміз үшін ыстық естеліктерге толы еді. Қазір тарихи ғимараттарымен, жасыл табиғатымен, тазалығымен көз тартатын, адамдары жарқын әрі ақкөңіл Орал шаһарына да бауыр басып келеміз. Бос уақытымызда балаларды осындай іс-шараларға, ойын-сауық орталықтарына жиі апаруға тырысамыз, – деді алғашқы кейіпкеріміз. 

Ал 2001 жылдан бері жанұясымен Оралда тұратын Лариса Бисенғалиқызы сүйікті қаламыздың байырғы тұрғынына айналыпты. 

– Біз үшін Орал қаласы өте ыстық. Тарихы мол, мәдениеті бай. Отбасымызбен қазақ драма театрына, музейлерге, хайуанаттар бағына барып тұрамыз. Хан тоғайы, Жеңіс алаңы сынды көрнекті орындарға барып демалып қайтамыз. Сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды жерлестерімізбен бірге тамашалауды ұнатамыз, – дейді келесі кейіпкеріміз.

Расымен де, Оралдың әр бұрышында тұнған тарих пен көне мәдениеттің ізі бар. Бұл – келген қонақтарға жылылық пен нұрлы естеліктер сыйлайтын, ал өз тұрғындарына жайлы өмір сыйлайтын ерекше шаһар.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО Орал қаласы

 

18.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18112
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17974
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33161
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31712
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35401