«Президент шыршасы» аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңажылдық сыйлығын оралдық 24 бала алды. Солардың бірі – дарынды жеткіншек Азат Нұрбек.
Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков пен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова дарынды ұлан Азат Нұрбекті арнайы құттықтап үйіне барды. Мерекенің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақша қар, өткен жылдың иесі Сиыр мен жаңа жыл иесі Барыс та келді.
Шаһар басшысы Абат Абайұлы Азат пен бауырларын келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтап, Мемлекет басшысының ашық хаты мен сыйлығын тарту етті. Сыйлық жиынтығында bilimbook, роутер, энциклопедиялық кітаптар мен тәттілер бар. Азаттың бауырларына да мерекелік сый қоржыны ұсынылды.
Азат Нұрбек – №50 ЖОББ мектептің 4-сынып оқушысы, оқу екпіндісі, түрлі байқау-жарыстардың жүлдегері. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған мәнерлеп оқу байқауының «Ұлтжанды ұл» аталымының иегері.
Азат Президенттің құттықтауын жеткізген қала әкіміне рахметін айтып, өзінің де елжанды, ұлт үшін қызмет ететін азамат болуға ұмтылатынын жеткізді. Сондай-ақ А.Садықтың «Тәуелсіздік» өлеңін оқып берді.
Азаттың ата-анасы қала басшысына, білім бөліміне алғысын білдірді.
Ел Президентінен сыйлық алған балғындардың арасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан ұл-қыздар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды жеткіншектер бар.