Өрісін төлмен түлеткендер

Өрісін төлмен түлеткендер

Мал арқылы табысын арттырғандардың бірі – Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылының тұрғыны Досымхан Дүйсебеков. Ол шаруа қожалығын 1998 жылы құрып, мал бағып, оның жем-шөбін өз алқабынан-ақ өндіріп алып отырған. Ауданда сүт зауыттарының қатары артқандықтан, нарықтың сұранысына қарай былтыр 15 миллион теңгеге Ресейден 20 бас сауын сиыр сатып әкеліпті. Осымен сауын сиырларының саны 50-ге жеткен. Қазіргі уақытта бұл қожалықтан күніне 300 литр сүт сауылып, «Бурный сыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізіледі.

– Ең алғаш кең шардың шаруашылығынан 20 үй бөлініп шыққан едік. Бар егістік алқабымызды, малымызды бірлесе пайдаланып, жұмыс істедік. 5-6 жыл осылай жұмыс істеп, өз шаруа қожалығымды құрып, оны жақсылыққа ниеттеніп «Береке» деп атадым. Қазір қожалығымда 4 отбасы бар. 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен ет бағытында мал алдым. Кейін сүт бағытына бет бұрып, Ресейден сүтті сиырларды сатып әкелдім. Жем-шөбіміз жеткілікті, өзіміздің жеріміз, техникаларымыз бар. Әкелген сиырларымның төртеуі бұзаулады, сүттері жақсы, майлы әрі мол, әрқайсысы күніне 15 литр сүт береді. Бурный сыр зауытына былтыр литрін 200 теңгеден өткізуші едік, қазір енді бағасын төмендетті, 160 теңгеден алып жатыр. Шаруа қожалығымызда 2 сауыншы, бір малшы және бір жұмысшымыз бар. Сауыншыларға жалақыны сауған әр сиырына 5 мың теңгеден, ал малшы мен жұмысшыға 120-130 мың теңгеден төлейміз. Жұмысшыларымыздың отбасыларына отын-суын алып беріп, тұрмыстық қажеттіліктеріне қарай көмектесіп те тұрамыз. Қазір сенімді малшы табу өте қиын. Сондықтан, алдағы көктемде гидропониканы пайдалансақ деген жоспарымыз бар. Ол арқылы арпа-бидайдан жыл он екі ай көк шөп өндіріп алып отыруға болады. Сонда малшы да іздемейсің әрі жылдың барлық мезгілінде мал көк майсада жайылып жүргендей қоректенеді, яғни құнарлы азықтан мол өнім береді, – дейді малсақ шаруа Досымхан Ермекбайұлы.

Ауыл әкімі Бауыржан Абдалиев Боралдай ауылдық округіндегі үш елді мекенде жалпы 2459 тұрғын, 441 аула барын айтты. Округте жалпы 246 шаруа қожалығы болса, соның ішінде сүт бағытында еңбек ететін 30 қожалық бар екен. «Береке» қожалығы секілді табыстың көзін тапқандардың қатарында «Мырзан», «Қуантай» деп аталатын ірі шаруашылықтар да бар. Округте 6100 мүйізді ірі қара болса, соның ішінде 2500-ге жуығы сауынды сиырлар. Округтегі үш ауылдың халқымен тікелей байланыста 6 сүт жинаушы жұмыс істейді. Бұл ауданда сүт өнімдерін шығаратын зауыттар соңғы жылдары көбейген. Тек былтырдың өзінде 4 шағын сүт зауыты іске қосылған. Осының арқасында мұндағы халық та сүт бағытында мал бағуға бейімделген. Сондықтан, мұнда сүттің бағасы да, сұранысы да артып келеді. Ауыл әкімі малдарды түрлі аурулардан қорғау мақсатында аудандық санитарлық- эпидемиологиялық станциямен, ветеринариялық қызметпен бірлесіп, тұрақты түрде сақтық шараларын жүргізіп отыратындарын, соның арқасында округте ешқандай мал ауруы тіркелмегенін айтты.

Бұл аудандағы Б.Момышұлы ауылының «Рауан» шаруа қожалығы жылқы өсірудің табысты жолын тапқан. Бұған дейін 50 бас жылқы өсіріп отырған қожалық биыл Павлодар облысынан 53 бас асыл тұқымды «Герефорд» бұқашықтарын сатып әкелген. Ет бағытында мал бағатындықтан, жем-шөбін өз алқабына сеуіп, өсіреді. Егіндікке қажетті техникада жетерлік. Шаруашылықта 6 трактор, 3 астық комбайны, 2 мал азықтық комбайн бар.

– Ең алғаш шаруашылықты бір ғана Т-40 тракторымен бастаған едім. Ескі де болса әлі жүріп тұр, әлі де шаруамыздың қажетіне жарайды. «Рауан» деп атаған шаруа қожалығым 2000 жылы іске кірісті. Алғашында 30 гектар жерден бастадық. Алдымен Алла, содан соң әкемнің еңбекқорлығының арқасында кәсіпкерлігімізді жолға қойдық. Бастапқыда жаңа айтқан 30 гектар жеріміздің 15 сотығына қырыққабат, 20 сотығына сәбіз егіп, қалған жерлерді игеруге шамамыз келмеген. Шүкір, қазір егін сеуіп, мал бағып, қожалығымызды өркендетіп отырмыз. Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Қасымда ұлдарым Жанасыл, Есімхан, Жанәділ және Бекболат шаруаны бірге атқарысып жүреді. Біреуі техниканы жүргізсе, екіншісі ферманың жұмыстарын атқарады, басқалары егіндікке, басқа да шаруаларға жауапты. Біздің ауданда қыс бес ай болады. Ондай уақытта егіншілік жұмыстары тоқтайды. Сол уақытта құр отырмайық деп мал шаруашылығын бастағанбыз. Былтыр 100 басқа арналған мал фермасын салып алдық, ішінде малшылардың демалатын бөлмесі барлық жабдықтарымен қамтылған. Айналасына бақылау камералары қойылған. Малдың жем-шөбін алдындағы астауына жеткізетін жолдарын да тиімді етіп жасадық. Дәл қасында жалпы аумағы 28/6,5 метрлік шөп жинайтын қоймамыз бар. Ал, бір бұрышта жем жинайтын арнайы бөлме салынған. Малдың қиын шығару жолдарында қолайлы етіп салдық. Мұнда 60 бас бұқашық бар, бұйыртса келесі жылдың наурызына дейін бордақылаймыз. Бұдан бөлек өзіміз үшін бірнеше жылқы бордақылаймыз, қымыз алуға бірер бие ұстаймыз. Қазір қожалығымызда 300 гектар жеріміз бар, соған малымыздың жем-шөбін егеміз. Келешекте сүт бағытында да мал алып, фермаға 4-5 жұмысшы алсақ деген жоспарларымыз бар, – дейді қожалық иесі Бектұрған Қансейітов.

Мемлекет тарапынан халықтың игілігіне арналған қолдауды пайдаланып, өз кәсібін жүргізіп, басқа да күнкөріс көзі болар жұмыс таппай жүрген ауылдастарын да тұрақты табыспен қамтыған іскерлердің қатары артып келеді. Көңілге медет болары да осы. Бұл мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік жағдайын ілгерілетуге үлкен серпіліс беруде.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА Жуалы ауданы
13.10.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 73
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 110
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 111
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 34
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 73
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 219
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 224
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 438
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 402

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9096
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8495
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11722
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9488
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10703