Индустриалды-инновациялық даму – қазіргі заманғы мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Бұл ұғым әсіресе Қазақстан үшін аса маңызды, себебі еліміз ұзақ уақыт бойы шикізаттық экономикаға тәуелді болып келді. Дегенмен, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық пен сұраныстың құбылмалы болуы елдің өндірістік және технологиялық әлеуетін күшейтуді талап етеді. Сол себепті Қазақстан индустриалды-инновациялық даму стратегиясын қабылдап, экономиканы әртараптандыруға ден қойды.
Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы аясында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтқанда, Индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, одан кейінгі кезеңдердегі индустрияландыру жобалары осы бағытта іске асырылды. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы өндіріс орындарына цифрлық технологиялар енгізіліп, кәсіпорындардың тиімділігі мен өнімділігі арттырылды.
2029 жылы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2020-2025 жылдарға арналған «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын таныстырған болатын. Жеңіс Қасымбек өз сөзінде жаңа бағдарламаны іске асыру кезінде өңдеу салаларына, xалық тұтынатын тауарларды шығару шараларына жіті назар аударылатынын, осы кәсіппен айналысатын кәсіпорындарға қолдау жасалатынын айтты. Бағдарлама негізінде өнеркәсіптің үш тобына басымдық беріледі. Олар «Бірінші топ, ол – «мықты тыл». Оған өңдеу кәсіпорындары кіреді. Олардың есебінен xалық тұтынатын тауарларды қоса алғанда отандық өнімнің көлемі мен ассортименті кеңейтілетін болады. Екінші топ – «бәсекеге қабілетті өндірушілер». Бұл топқа экспорттаушылар жатады. Олардың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту. Ал үшінші топ – «салмақты орталықтар». Бұл – трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі жобалар. Олардың есебінен өнеркәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерін шығару және қажетті шикізатты жеткізу шаралары шешіледі» деп мәлімдеді.
Республиканы индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама өңдеу өнеркәсібін дамытуға және инновацияларды енгізуге басымдық береді. Бағдарлама аясында өнеркәсіптік саясатты жетілдіру және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру көзделген.
2023 жылы Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық әлеуетін күшейту мақсаттары қойылған.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өнеркәсіп» мемлекеттік ақпараттық жүйесін құру жоспарланған. Бұл жүйе өнеркәсіп саласындағы деректерді жинақтап, талдауға мүмкіндік береді, осылайша саланың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет қолданыстағы инфрақұрылымдық және институционалдық базаны барынша пайдаланып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бұл ретте, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарымен сабақтастық қамтамасыз етіліп, негізгі бастамалар мен қағидалар ескерілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Бұл мақсатқа жету үшін нақты көлем индексі жыл сайын орташа 4,2%-ға өсіп, өндіріс көлемі 13,1 трлн теңгеден 19,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюы жоспарлануда. Еліміз бұл бағытта әлі де біршама жұмыстар атқаруда.
Қазақстанның индустриалды-инновациялық саясаты еліміздің болашақта тек шикізат емес, дайын өнімдер арқылы да экономикалық тұрғыда қуатты мемлекетке айналуына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қолдау тетіктері, жеңілдіктер мен инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылып, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Индустриалды-инновациялық даму – Қазақстанның жаһандық экономикадағы орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.