Облыстық акиматтың дәл алдында ағаш үй тігулі тұр, алаңда жүргендер сол жерден тамақтануда. Ыстық тамақ пен шәй тоқтамай жеткізілуде, ауызбіршілік мықты!
Халық көңілді, көңіл-күй көтеріңкі. Музыка ойнап тұр. Сөйлеймін деушілер сөз алып өз ойларын айтуда. Ақындар өлең оқыды, ақсақалдар батасын берді. Халық мәдениетті түрде тұр, ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеуде. Құқық қорғаушылар да сырттай бақылауда.
Сағат кеше кешкі 20-ларда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, сөз алды.
Бірақ сөзі халықтың ойынан шықпады, кетуіне тура келді. Басында "Газ 50" деп басталған ұрандар кейін саясилана келе "Шал, кет" деуге дейін барды.
Ақтау қаласына Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалалары мен Құрық ауылынан кіретін жолдар жабылған, ешкім қалаға кірмейді, ешкімді шығармайды. Аэропорт жақтан келетін жолды Ақшұқыр ауылының тұрғындары бақылауында ұстап отыр. Себеп: қалаға басқа өңірлерден келетін әскерилерді кіргізбеу. Бүгін күндіз қалаға 9 автобуспен Нацгвардия кірді дегенді естіген халық осындай қадамға баруға мәжбүр болуда.
Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында, аудан орталықтары мен ауылдарда алаңда тұрған халыққа қолдау білдіру мақсатында Қаражанбас, Қаламқас, Өзенмұнайгаз, т.б. кен орындарының мұнайшылары жұмыстарын тоқтатып тұр.
Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларының орталық алаңдарына шығып, Маңғыстаулықтармен біргеміз деп ұрандатқан бірнеше қоғамдық белсенділерді полиция ұстап әкеткенін естідік. Сондай-ақ Атырау облысының Құлсары, Индер аудандары, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданы, Қарағандының Осакаровка ауданы, Алматы облысының Еңбекші ауылының тұрғындары да үндеу жолдап жатыр.
Ертең Маңғыстауға Үкімет тарапынан құрылған комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов келетіні белгілі болды. Бірақ халық оны жылы қарсы алмайтыны айдай анық. Басты себеп: ҚазГӨЗ-ден шығып, тұтынушыларға дейін жететін аралықта делдал боп отырған мекемелер ("SK LTD KZ" ЖШС, Алан Трейд) Тоғжановқа тиісті екен деген сөз бар. Рас-өтірігін ертең өзі айтып берер деп сенеміз. Егер рас боп шықса "қасқырға қой бақтырған" боп шыққанымыз.
Ертең көп мәселе шешілетін күн деп отыр алаңдағы жұрт. Ақорда өз тарапынан жағдайды ушықтырмай, шешіп береді деген сенім бар (аз да болса үміт бар).