Орталық Азия медиафорумының әлеуеті

Орталық Азия  медиафорумының әлеуеті

Медиафорум несімен есте қалды? 

Көпшілікке ортақ қандай мәселе көтерілді? Қандай жетістіктерге қол жеткізілді? Сарапшылар не дейді? Орталық Азиядағы медианың беталысы қалай?  Мұның бәрі қоғам үшін өзекті тақырыптар.

Ең алдымен айтарымыз,  II Орталық Азия медиафорумында медиа саласындағы халықаралық келісімдер бекітілді. Бұл – білгенге үлкен жетістік! Үлкен табыс! Алдағы уақытта Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна құрылады. Қарым-қатынас күшейеді. Креативті хаб және журналистика академиясы жасақталуы мүмкін. 

Ортақ телеарна Түркі елдеріне халықтардың достығы мен бірлігі және тарихынан сыр шертетін тележобалармен толығады. Сондай-ақ бұл жоба Орталық Азия елдерінің ортақ тарихи және мәдени мұрасын, сауда-экономикалық, туристік әлеуетін насихаттауға мүмкіндік бермек. Жиында айтылған тағы бір жағымды жаңалық – қазақстандық сериалдар мен фильмдердің ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталуы. 

Иә, Орталық Азия өңірі әлемдік ірі медиаресурстар мен интернет-платформалар үшін қызығушылық тудыратын ортақ нарық ретінде қалыптасып келеді. Бұл көптен айтылып жүр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан осы бағытта халықаралық байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Соның бір дәлелі ретінде өткен жылдың тамызында Астанада ашылған «Euronews» өкілдігін айтуға болады.

Осы ретте  «Euronews» бас директоры Клаус Штрунцтің пікірі мынадай: «Мен үшін Орталық Азиядағы медиа саланың дамуы қызық. Бұл – өңірдегі ең жылдам өсіп келе жатқан саланың бірі. Біздің арнаның басты ұстанымы – көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен бейтарап әрі сенімді ақпарат ұсыну. Бүгінде Euronews арнасы Еуропа халқының 82 пайызына қолжетімді. Сондықтан бұл – осы аймақ туралы қызық дүниелерді көрсетуге тамаша мүмкіндік.

Қазір «Euronews» командасы түркі тілдес халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарын көрсетіп жатыр», – деді.

Форумға қатысқан медиасарапшы Венкат Айердің пікірі мынаған саяды:  «Қазақстанда, жалпы Орталық Азияда медиа саласының деңгейі едәуір өскен. Осындай форумдар мен маңызды бастамалар оның әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Бұл – БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасып, өз идеяларын, білімін паш ететін үлкен алаң. Мен қозғаған тақырып жасанды интеллект пен әлеуметтік желі заманындағы медиа этикаға қатысты. Қатысушылар өте белсенді. Олардың сұрақтарына қуана-қуана жауап бердім. Мен де дәрістің дәл осындай интерактивті форматта болғанын қалаған едім».

Өзбекстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев: 

«Біз Қазақстанмен және Әзербайжанмен тиісті жол карталарына қол қойдық. Осы бағытта әлі де бірлескен жұмыс күтіп тұр. Орталық Азия елдерін түгел қамтитын келісім жасау керек. Сондықтан бүгін Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы әріптестерімізбен осындай өзара іс-қимыл тетіктерін құру жолдарын қарастырдық. Бұл ретте, алдымен ынтымақтастық меморандумдарына қол қою маңызды. Құжатта осы бағыттардағы әріптестік аясы белгіленеді», – деді.

Әлем күн санап өзгеруде. Құндылықтар алмасуда. Осындай кезеңде медиа саласы да қарап қалмасы анық. Нақтылық керек. Көрермендерді жалықтырмау, оларды елітіп, еліктіріп отыру – заман талабы. Орталық Азия Медиа форумында қазіргі Жаһандану заманында жаңа әдістердің маңызы талқыланды. Ерекшеліктері айтылды.

«Әлеуметтік қоғамда өзекті мәселелерді өз пайдасына қолдану жаңа жарнамалардың керекті нәтижеге жеткізеді. Жаңа жарнамалар қысқа және есте қалатындай, қайталанбас болу керек. Адамның назарын аударуға 3 секунд қана уақыт жетеді. Және де тұрақтылық идеясы басым болуы керек», – дейді Иэн Макдональд.

 Қытай медиа корпорациясы Еуразиялық бюросының директоры Ин Ван: «Қазақстан медиасы Орталық Азия елдері арасында өте тез дамып келеді. Біз Қытай аудиториясына көрші елдерде болып жатқан оқиғаларды үлкен қызығушылықпен таратамыз. Бұл тұста бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен жұмысы өте маңызды. Яғни, ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және медиа саласындағы өзара байланысты дамыта түсуіміз қажет»,  – деген пікір білдірді.

Айта кетер жайт, форумға Орталық Азия елдерінен бөлек, Ұлыбритания, Қытай, Қатар және Ресейден 700-ден астам делегат қатысты. Жиын екі күнге жалғасты. Екінші күні шетелдік білікті мамандар мен сарапшылар Орталық Азияның БАҚ өкілдеріне шеберлік сағаттарын өткізді. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз пікірін былайша өрбітті: 

«Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стримингтік платформаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып, ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» бағыты бойынша «Жаһандық инновация индексі» рейтингінде 65-орынға көтерілді.

Форумда бірнеше маңызды келісім жасалды. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан арасында 2025 жылға дейін медиа контент алмасу, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және жалған ақпаратқа қарсы бірігіп күресу туралы құжатқа қол қойылды. Одан бөлек жуық арада елімізде әзербайжандық «CBC TV» телеарнасы хабар тарата бастауы мүмкін. Қазір арнаны тіркеу мәселесі қарастырылып жатыр».

 

Орталық Азия журналистер академиясы құрылмақ

 

Орталық Азия медиафорумы аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмысты талқылайтын бірегей алаңға айналды. Жиынға қатысқандар екі күнге жалғасқан форумды осылай деп түйіндеді. Медиа саласының білікті мамандары мен айтары бар беделді сарапшылар көршілес елдер мен Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Ресей және тағы да басқа елдерден келген. Креативті индустрияны дамыту, жаңа тележобаларды іске асыру және өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныту мәселелері әңгіме өзегі болды. Форум нәтижесінде Орта Азияға ортақ бірқатар жоба іске асатын болды. Сондай-ақ форум аясында шетелдік медиасарапшылар журналистер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. 

Форум аясында Мәдениет және ақпарат министрі еліміздегі медиа саласын жетілдірудегі толағай табыстарға да тоқталды. А. Балаева уәкілетті органның мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ-қа гранттар беруді, мемлекеттік тілдегі контент үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтуды, қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды бұзу тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдеріне мониторинг жүргізу жөніндегі құзыретін енгізуді көздеген «Масс-медиа туралы» Заңның сәтті қабылданып, күшіне енгенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, еліміз заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізген.

«Мәселен, 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шектеудің құқықтық тетіктерін бекіткен «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Заң қабылданды және жетілдірілуде. Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды. Қабылданған шаралардың арқасында «балалардың ақпараттық қауіпсіздігі», «балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау», «балалардың ақпаратқа қол жеткізуі» сияқты анықтамалар пайда болды, балалар үшін тыйым салынған контенттің тізбесі бекітілді, ақпараттық өнімдерге жас шектеулері белгіленді», – деді министр.

Айта кетейік, Аида Балаева форум барысында Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты. 

ІІ Орталық Азия медиафорумда министр көтерген бастамаларға тоқталсақ:

- Елдердің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру;

- жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру;

- үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау;

- «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, ол арқылы қоғамның ең лайықты өкілдері, тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелейді;

- «Наурызға» арналған телекөпір ұйымдастыру, елдерге ортақ мереке күндері біріге түсуге мүмкіндік береді;

- бауырлас елдердің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, сериалдар және өзге де өнімдер үшін ең төменгі төлемді белгілеу немесе оны мүлдем алып тастау;

- бірлескен туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту;

- Биыл күзде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну;

- телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру, бұл шетелдік тілшілер пункттерін ұстауға арналған шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді.

«Елдеріміздің одан әрі өсуі мен дамуы үшін үлкен әлеует бар екеніне, ал халықтарымыз бір-біріміз туралы жағымды ақпаратты көбірек біле түсетініне сенімдімін. Жалпы, форум аясында Euronews, CNN, Яндекстің шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланып отыр, бұл өте пайдалы болады деп ойлаймын, сондықтан әріптестерімді белсенді қатысуға шақырамын», – дейді ведомство басшысы.

Жалпы айтқанда, Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор аймақ. Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Демек алыс-берісті медиа саласында да жаңғырту маңызды. Сонда ғана өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныта аларымыз сөзсіз.

Нағашыбай Қабылбек
27.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 5692
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5838
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20814
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 19437
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22902