
Ербол Мағжан Медетұлы - Еркін ауылының 26-жалпы білім беретін орта мектебінің 7- сынып оқушысы. Ол футболмен алты жылдан бері айналысып келеді. Ербол Мағжан досы Нұрым Алдияр екеуі 3 жастан бері дос. Футбол ойнауды бірге бастаған. Мағжан қосымша ағылшын, қытай тілін жетік меңгерсе, Алдияр ММА(көп салалы жекпе жек) қатысады. Ербол Мағжан, Нұрым Алдияр, Телеухан Ерасыл, Темникова Александр,Нұрдәулет Бейбарыс, Нұрланұлы Мансұр бастаған Еркін ауылының жас футболшылары қазіргі уақытта «Өтеген батыр» командасының сапында ойнап жүр. Бұған дейін «Іле сәулет» атауымен өнер көрсеткен команда шамамен бір-екі ай бұрын «Өтеген батыр» деген жаңа атауға ие болды. Команданың атауын өзгерту арқылы ауылдың атын спортпен таныту, жергілікті жас спортшыларға қолдау көрсету мақсаты көзделді. Команданың ең басты ерекшелігі – балалардың бір-біріне деген қарым-қатынасы. Алаңда әр ойыншы өз міндетін орындағанымен, жеңіске жетудің ортақ екенін жақсы түсінеді. Бір-бірін қолдап, бауырындай араласуы ойын барысында да байқалады.
Бұл ретте жаттықтырушының еңбегі де айрықша. Командаға жетекшілік ететін Темников Валерий Анатольевич балалардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, олардың мүмкіндігіне қарай бағыт береді. Валерий Анатольевич балаларға тек футбол ойнауды үйретіп қана қоймайды. Әр баланың мінезін, қабілетін жақсы біледі. Қай жерде қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, ойын барысында бір-біріне қолдау көрсетуді үйретеді. Балалар жаттықтырушыны тыңдайды, айтқанын орындауға тырысады. Жаттықтырушы мен балалардың арасында жақсы байланыс қалыптасқанын байқаймыз. Кейде ата-ана ретінде байқамаған баланың бойындағы қабілетті жаттықтырушы көріп, соны дамытуға бағыт береді.


Команда Алматы қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Әртүрлі қалаларға барып, тәжірибе жинақтап жүр. Тіпті шетелдік жарыстарға да қатысып үлгерді. Жақында команда Қырғызстан Республикасында өткен «Nomad Issyk-Kul Cup» лигасында алтын жүлдеге ие болды. Бұл жеңіс балалар үшін де, ата-аналар үшін де ерекше қуаныш сыйлады. Балалардың ерекше қалған жарыстардың бірі – J-лига. Себебі ойын YouTube арқылы тікелей көрсетілген. Отбасы болып отырып, баласының ойынын экраннан бақылаған сәт ата-аналардың есінде ұзақ сақталған. Бүгінде «Өтеген батыр» командасы әзірге жеңіліс көрмеген.
Футболдың балаларға берері тек спорттық нәтиже емес. Жарыс сайын олардың жауапкершілігі артып, тәртібі қалыптасып келеді. Уақытында жаттығуға бару, командаласын күту, алаңдағы әр қимылға жауап беру – мұның бәрі баланың күнделікті өміріне де әсер етеді. Ол командаға алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысып, әсіресе шетелдік бәсекелерде тәжірибе жинақтағанын қалайды. Бұл үшін ата-аналардың қолдауымен қатар, әкімдік, кәсіпкерлер және жергілікті ақпарат құралдарының да назар аударуы маңызды деп санайды. Әсіресе Өтеген батыр ауылындағы стадионның жағдайын жақсартып, балалардың тұрақты жаттығуына мүмкіндік жасалса деген спортсүйер қауымның тілегі бар. Өйткені ауылда футболға қызығатын балалар көп. Оларға ең керегі – мүмкіндік пен қолдау. Бұл сөздің астарында ата-аналардың қарапайым тілегі ғана емес, баласының болашағына деген сенім жатыр. Бүгін олар футбол алаңында доп қуып жүр. Бірі қорғаушы, бірі шабуылшы, енді бірі қақпашы болуға талпынып келеді. Ал ертең олардың арасынан ел намысын қорғайтын кәсіби футболшылар шығуы әбден мүмкін.
Шаргүл Қасымханқызы















