Өткен аптада «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Қызылорда облысының елдімекендерін аралады. Топ өз жұмысын Шиелі ауданындағы Жөлек ауылынан бастады. Экспедиция жетекшісі, «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы экспедицияның мақсатын – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына қолдау білдіріп, тұрғындар тыныс-тіршілігімен танысу, өңірдегі ауылшаруашылығы, мәдени-әлеуметтік жетістіктерді ақпарат құралдарында жариялап, насихаттайтынын айтты. Орталықтан алыс елдімекенде өзекті мәселе баршылық, оны тұрғындардың өз аузынан естіген топ басшысы айтылған жайларды сарапқа салып, тиісті министрліктерге хабарлайтынын жеткізді. Экспедиция ауыл тұрмысындағы шешімін таппай отырған көп мәселені көтерді, оның ішінде жүзеге асқандары да баршылық.
Қызылорда облысында бұл іс-шара 5 күнге созылып, аудан әкімінен бастап қарапайым адамдарға дейін ешкім назардан тыс қалған жоқ,.Әсіресе мәслихат депутаттары мен жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесуге көп көңіл бөлді. Экспедиция облыстың барлық аудандарын аралады. Оның құрамында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымов, Ауылшаруашылығы басқармасының қызметкері Звайда Садақбаев, басылымның өңірлік тілшісі Анархан Марданова болды.
Ауыл тұрғындарымен өткен кездесулерде елдегі қордаланған мәселелер қаңтар айында түрлі министрлік өкілдері, қоғам белсенділері мен Сенат, Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін дөңгелек үстелде талқыланбақ. Қазір экспедицияның бірнеше тобы басқа өңірлерді аралап жүр.