«Өзгеге жылы сөз айту – мұсылман адамға тән қасиет»

«Өзгеге жылы сөз айту – мұсылман адамға тән қасиет»

– Бейбіт Әліпбекұлы, қасиетті Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Бұрынғы кездегідей емес, қазір ауыз бекітушілер қатары көбейіп келеді. Оқырманның білгісі келетін мәселелері көп. Осы орайда өзіңізге бірқатар сұрақ қойғанды мақұл көріп отырмыз.

– Әлемдердің әміршісі бір Алланың атымен бастаймын. Барша жамағат асыға күткен қасиетті Рамазан айы есігімізден енгелі отыр. Баршамыз үшін қайырлы болсын! Сауапты істі насихаттауға септігі тисе, сауалға жауап бергенге асыққан дұрыс.

– Ораза ұстау – парыз. Оны жамағат жақсы біледі. Бірақ, оразаның шарты тек күндіз астан, ішіп-жеуден тыйылу ғана ма? Ауызы берік адам қандай шарттарды орындауы қажет. Ораза ұстап жүріп, ғайбат сөйлесе, біреуге ауыр сөз айтса, оразаға әсері қандай болады?

– Дұрыс айтып отырсыз. Ораза мұсылман адамға парыз амал. Ораза ұстау ішіп-жеуден тыйылумен қатар, әртүрлі күнәлардан да тыйылу. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімнің оразасы оны жаман сөздерден, ғайбаттан, күнәлі іс- әрекеттерден тыймаған болса, оның күндіз бойы шөлдеп, аш жүргені Алла үшін керек емес» деп айтқан. Оразаның парыз болуын баяндайтын аятта да ораза ұстаудың нәтижесі адамның түрлі күнәлардан аулақ болу арқылы рухани тақуалыққа жету екендігін ескерткен. Сондықтан, ораза ұстаған адам аузымен де, көзімен де, құлағымен де жалпы барлық денесімен ораза ұстап, күнәлардан аулақ болғаны жөн.

– Ораза кезінде ауызы берік болған адамға моншаға түсуге бола ма? Шаш қысқартып, тырнақ алуға рұқсат бар ма?

– Ауыз берік уақытта моншаға түсу, адамды одан сайын шаршатып, шөлдетіп, ағзадағы сулардың сыртқа шығып қалжырауға алып келетіндіктен және денеге су буларының сіңу қаупі болғандықтан түсуге болмайды. Ал, шаш қысқарту мен тырнақ алу мәселесінде ешқандай әбестік жоқ, ала беруге болады.

– Оқушылардың ораза ұстауы біраз даулы мәселе болып тұр. Бірақ, оларға да парыз екенін білеміз. Дегенмен, мектепте күніне 8 сағат сабақ оқып жүрген балалардың ауыз бекітуіне көзқарасыңыз қалай? Олардың уақтылы тамақ ішуін қадағалау қажет пе? Ауызы берік оқушы қалай тамақтанғаны жөн. Ағзасына кері әсер болмай ма?

– Жалпы, ораза ұстаушы адамның сілекейін жұта беруіне болады. Түкірікті жұту оразаны бұзбайды. Сондықтан, түкірікті ауызда жинап алып сосын оны түкірмеу керек. Шариғатымызда физиологиялық тұрғыдан кәмелет жасына толған әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз. Тек шамасы жоқ қарттар мен ораза ұстауға болмайтын созылмалы ауруы бар жандарға ғана ораза ұстамауға болады. Ал, ауырып жүргендер, жүкті әйелдер, бала емізетін әйелдер, жолаушылар және басқа да себебі бар жандарға уақытша ораза ұстамауларына рұқсат етіліп, кейін қазасын өтеу міндеттеледі.

– Үлкен кісілерге жастардың «Менің аузым берік еді. Ораза едім» деп міндетсініп жататындары болады. Бір жерде кезекте тұрған кісілер «Аузымыз берік еді. Ертерек өтіп кетсек» деп өтініш айтып жатады. Сол сияқты «Мен ораза ұстап жүрмін» деп айта беруге бола ма? Осы дұрыс па? Бұған шариғат не дейді?

– Орынды сұрақ. Жалпы, шариғатымызда құлшылық-ғибадаттар Алла мен пенденің арасындағы жеке мәселелері болып табылады. Оған өзгелерді жазғырып, біреулерді міндеттеуге болмайды. Қоғамда «Мен намаз оқимын, маған жайнамаз бер, құман бер, оқитын жер тауып бер» дегенді де естиміз. Тағы да айтамын, адам намазын да, оразасын да тек өзі үшін орындайды. Ол үшін басқа адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыруға, оларды жазғыруға болмайды.

– Ауызашарда міндетті түрде ет асылып, көл-көсір дастарқан жайылуы керек пе? Ауызашар дастарқаны қалай болуы керек?

– Шариғатымыз ысырап дегенге ерекше мән береді. Қандай жағдай болса да орта жолды ұстанған жөн. Әсіресе, ауызашар дастарқандарында аста-төк дастарқан жаймаса ораза қабыл болмайтындай түсінеді. Міндетті түрде «ет асу керек» немесе «қой сою керек» деген ешқандай шарт жоқ. Ауызашар дастарқаны адал астан құралған, қарапайым болса жеткілікті. Оразада мұсылман адам өзінің нәпсісімен күресіп, аз тамақ жеуге дағдыланады. Сол сияқты, күнделікті қара нан мен қара суға зәру болып отырған кедей- кепшіктердің жағдайын бір мезгіл түсінуіне мүмкіндік алатын ай.

– Сәресіде қандай тағам жеген дұрыс. Қай мөлшерде тамақтанған мақұл. Сәресіге ұйықтап қалған кісі не істейді?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәресінде берекенің болғаны үшін сәресі ішуді айтқан болатын. Сәресіне барынша құнарлы, күндіз шөлдетпейтін тағамдар қолданған жөн. Сәресіге ұйықтап қалған адам ұйқыдан тұрғаннан кейін ешнәрсе ішіп-жеместен, ораза ұстап кете береді. Бүгін сәресіне тұра алмай қалдым деп сол күні ораза ұстамай қоюына болмайды.

– Намаз оқымайтын кісілерге ораза ұстауға бола ма?

– Шариғатымызда әр құлшылық бір-бірімен байланысты емес, яғни намаз оқымаған адам да ораза ұстай алады. Бұл – намаз оқымай- ақ қоюға болады дегенді білдірмейді. Намаз да мұсылманға парыз – құлшылық. Ал, енді белгілі бір себептерге байланысты намаз бастай алмай жүрген адам ораза ұстай беруіне болады. «Намаз оқымаймын ғой, ораза ұстауға болмайтын шығар» деген түсінік қалыптаспау керек.

– Бір себептермен ораза ұстай алмай, бірақ үнемі аузы берік адамдарға сәресі беріп, ауызашар дайындаған кісілердің сауабы қандай?

– Ораза ұстаған жандарға ауызашар беру өз кезегінде бөлек бір сауапты амал. Шариғатта тек ауызашар беру ораза ұстамай-ақ қоюға мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, шариғат рұқсат еткен себептерге байланысты ораза ұстай алмаған адам өзіне қолайлы уақытта қазасын ұстайды.

– Мешіттер ауызашар береді. Үйде ауыз ашу мен мешітте ауыз ашудың сауабында айырмашылық бар ма?

– Жылда қайырымды жандардың демеуімен мешіттерде ауызашар ұйымдастырылады. Мешіт пен үйде ауыз ашудың арасында тамақтың түрлерінде айырмашылық болмаса, басқа айырмашылық жоқ. Дегенмен, мешітте ауыз ашу адамды қарапайымдылыққа, сабырлылыққа, өзгелермен дұрыс мәміле құра білуге тәрбиелейді. Сол сияқты мешітте ауыз ашу уағыз тыңдап, тарауих намазына кешікпей келуіне мүмкіндік береді.

– Рамазан айында бақилық болған кісілер туралы көпшілік «Жақсы адам екен. Ораза айында кетті» деп жатады. Шариғат бойынша ораза айында қайтыс болған кісілер қандай ерекшелікке ие? Оларға қандай шапағат, жақсылық болуы мүмкін?

– Әрине, Рамазан айы мұсылман адам үшін қасиетті ай екендігі сөзсіз. Дегенмен, шариғатымызда пенде қандай күнде, қандай айда қайтыс болса да оның осы өмірде жасаған амалдарының қарымтасын көретіндігі сөзсіз. Қазақта да «Не ексең, соны орасың» дегендей, қандай жақсылық қылған болса соның қарымтасын көрері сөзсіз. Болмаса, Рамазан айында адам өлтіріп те, түрлі қылмыстар жасап та дүниеден өтетіндер бар. Қайтыс болған адамның туған-туыстарын жұбату мақсатында осы сынды жұбату сөздерін айтуға болады.
Жалпы, өзгеге жылы сөз айту мұсылман адамға тән қасиет.

– Жалпы, ысырап- шылдыққа қалай қарайсыз? Қазір кісі қайтыс болса, бейсенбілігі деп аста-төк дастарқан жаю деген шықты. Осы
дұрыс па?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, шариғатта ысырапшылдық дұрыс емес. Ысырапшылдыққа еш жол жоқ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы осы күнге дейін бірнеше концептуалды құжаттар қабылдаған болатын. Солардың арасында «Ас беру мәдениеті» атты құжат бар. Осы құжатта қонақасы, жетісі, қырқы, жылы деген сияқты астарға қатысты нақты талаптар мен ұсыныстар айтылған. Халық арасында әке- шешесінің асын беруді перзенттік борышы санап, шамасы келсе де, келмесе де кейбіреулер түрлі ас беріп жатады. Тіптен, кейбірі соны орындау үшін несие алудан да тайынбайды. Мұның барлығы шариғат бойынша дұрыс емес. Қайтыс болған адамға керегі оқылған Құран аяттарынан болған сауап, марқұмның атынан берілген садақа сауабы ғана. Оны қарапайым дастарқанмен, отбасы мүшелері арасында да өткізуге болады. Қазір ұят болады деген желеумен мәжбүрлі түрде де дастарқан жаятындар аз емес. Бейсенбілік деген кейіннен пайда болған
дүние. Бұрындары ондай жоқ еді. Керісінше, шариғатымыз бейсенбі күні нәпіл ораза ұстауға қызықтырған. Осы бейсенбілік дегенді біртіндеп қысқартып, тоқтату керек дер едім.
Келесі бір мәселе, асқа жайылатын дастарқан мәзіріне қатысты. Осы дастарқанда да өте көп ысырапшылдыққа жол беріледі. Құдайы тамақ жиындарында дастарқан барынша қарапайым болғаны жөн. Біз сондай жиындарға барғанда көп көреміз, Алла сақтасын, бейне бір тойға жайылған дастарқан ба деп қаласың. Неше түрлі салаттар, торт, түрлі тәттілер, тағы да басқа заттар қойылады. Осыған да халық болып тоқтау салса.

– Ораза кезінде көршімен қалай тұру қажет. Біреумен жанжалдасқан адам өзін қалай ұстауы қажет?

– Шариғатымызда көршіге ерекше мән берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көршіге жақсы қарау жайлы көптеген өсиетті сөздерін қалдырған. Сондықтан, тек Рамазан айында ғана емес, үнемі көршімен жақсы қарым-қатынаста болған жөн. Ораза ұстап жүрген адам біреумен жанжалдасқан жағдайда, оған сөз қайтарып, боқтап, жаға жыртысуына болмайды. Барынша сабыр сақтап, ұстамдылық танытқаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «егер біріңіз ораза кезінде біреумен сөзге келіп қалса, оған бас салып дүре көтерілместен, «мен оразамын», «маған ұрысуға болмайды» деп айтсын», деген болатын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.
21.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 86
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 94
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 191
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 191
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 329
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 332
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 554
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 501

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9205
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8602
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11829
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9599
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10813