Қазіргі таңда халық денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын алуда скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік құжаттарына сәйкес №10 қалалық емханада халықтың нысаналы топтары арасында скринингтік тексерулер тұрақты түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар туралы №10 қалалық емхананың Профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Пак Наталья Валентиновнамен әңгімелескен едік.
– Наталья Валентиновна, алдымен скрининг дегеніміз не?
– Скрининг – белгілі бір жас санатындағы дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу арқылы ауруларды ерте анықтауға бағытталған зерттеу. Оның негізгі мақсаты – аурудың бастапқы кезеңін анықтап, дер кезінде ем жүргізу. Ерте анықталған дертті емдеу әлдеқайда тиімді болады және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан – азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында скринингтің 11 түрі жүргізілетін бірегей елдердің бірі.
– Бұл тексерулердің басты мақсаты қандай? Одан кімдер өтуі тиіс?
– Ең басты мақсат – қоғамдық денсаулықты сақтау және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтуі қажет. Сонымен қатар, жұмыс берушілер қызметкерлердің скринингтен өтуіне жағдай жасап, тексеру уақытында оларды жұмыстан босатуға міндетті. Бұл талап ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде көрсетілген. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан скринингтен өту – тек медициналық тексеру ғана емес, өз өміріңізге деген қамқорлық.
Скринингтер белгілі бір жас топтарына арналған. Мысалы, жатыр мойны обырын ерте анықтау мақсатында 30-70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет тексеруден өтеді. Егер азамат ағымдағы жылы скринингтен өту тізіміне енгізілсе, учаскелік мейірбикелер хабарласып, тексеруге шақырады және дайындық тәртібін түсіндіреді.
– Бөлімшенің негізгі қызметтері туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің бөлімше профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі. Негізгі міндеттеріміз мына төмендегідей:
● скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыру;
● салауатты өмір салтын насихаттау;
● қауіп факторлары бар азаматтарды оқыту;
● денсаулық мектептері мен Жастар денсаулық орталығының жұмысын ұйымдастыру;
● созылмалы аурулары бар адамдарға патронаждық бақылау жүргізу;
● әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету;
● статистикалық есеп жүргізу және талдау жұмыстарын орындау.
– Қандай ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтер жүргізіледі?
– Емханада келесі бағыттар бойынша скринингтер жүргізіледі:
Артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және глаукоманы анықтау үшін – 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер тексеріледі.
Сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін – 40-76 жас аралығындағы әйелдер скринингтен өтеді.
Жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау үшін – 30-70 жас аралығындағы әйелдер тексеріледі.
Тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау үшін – 50-75 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер қамтылады.
Сонымен қатар, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау мақсатында тәуекел топтарына жататын медицина қызметкерлері мен белгілі бір санаттағы пациенттерге арнайы зерттеулер жүргізіледі.
– Емханаға қаралуға келген адамдарға қандай көмек түрлері көрсетіледі?
– Біз тек ауруларды анықтап қана қоймаймыз. Халыққа профилактикалық, медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеміз. Сондай-ақ:
● салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргіземіз;
● вакцинация ұйымдастырамыз;
● ауруларды басқару бағдарламасы аясында созылмалы науқастарды бақылауда ұстаймыз;
● жастар мен отбасыларға кеңес береміз;
● халықтың аурушаңдығы мен өлім-жітімін төмендетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырамыз.
– Бөлімше құрамында қандай мамандар жұмыс істейді?
– Бөлімше құрамында бөлімше меңгерушісі, аға мейіргер, дәрігерге дейінгі тексеру кабинеттері, әйелдер мен ерлерді қарау кабинеттері, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салты дәрігері, диспансерлік бақылау кабинеті, вакцинация кабинеттері, инфекциялық бақылау мамандары, отбасын жоспарлау және Жастар денсаулық орталығының қызметкерлері жұмыс істейді.
– Скрининг нәтижесінде ауру анықталса, қандай шаралар қабылданады?
– Скрининг қорытындылары медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Егер қандай да бір патология анықталса, пациент толыққанды тексеруден өткізіліп, қажетті ем тағайындалады. Созылмалы аурулары бар адамдар диспансерлік есепке алынып, тұрақты динамикалық бақылауға қойылады.
– Тұрғындарға қандай үндеу айтасыз?
– Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат байлық. Көптеген қауіпті аурулар бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан өзің жақсы сезінетін адамдардың өзі уақытылы тексеруден өтуге шақырамын. Адамдар дәрігерлердің шақыруын күтпей-ақ, өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуді ұмытпаған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Алматы қаласы















