Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында парадзюдодан Гран-при жарысы мәреге жетті. Әлемдік деңгейдегі жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және «Sport Qory» спортты қолдау қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Екі күнге созылған айтулы додаға 22 елден 201 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Бразилия, Түркия және Иран елдерінен кейін төртінші орынға табан тіреді. Парадзюдодан жарысқа қатысатын спортшылардың екі санаты болады – J1 және J2. Бірінші санаты – зағип спортшылар, екіншісі – көзі нашар көретіндер. Алғашқы күні J2 санаты бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек жеңіске жетті. Ақмарал барлық қарсыласын иппонмен жеңді. Бұл – оның паралимпиадалық дзюдодан бірінші халықаралық жарысы.
Сондай-ақ Ерғали Шәмей 73 кг (J1) және Олжас Оразалы 73 кг (J2) салмақта күміс, Даяна Федосова (57 кг, J2) қола медальға ие болды. Жарыстың екінші күнінде бірден 5 қазақстандық спортшы, атап айтқанда, Жанбота Аманжол (90 кг, J2), Дулат Бөгенбаев (+90 кг, J2), Бауыржан Арыстанбеков (90 кг, J1), Ерлан Өтепов (+90 кг, J1), Ерлан Қонкиев (+90 кг, J2) қола жүлде үшін күресті. Осылардың ішінен Ж.Аманжол мен Б.Арыстанбеков қана үздік үштікке ілікті. Айта кетейік, Токио паралимпиадасында қазақстандық парадзюдошылар үш күміс жүлдені жеңіп алған болатын.