Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады», – деді.
Мен Парламентке бірнеше рет сіздер Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген норманы жылдар бойы ескермей, орындамай келесіздер деп арыздандым. Олар үнемі жазғаныма алғыс айтумен шектеліп, Ата Заңға қарсы әрекеттерін жалғастыруда.
Осы заңсыздықты тоқтату үшін мен 05.03.2024 ж. арнайы Мәжілістің «Заңнама және сот-құқықтық реформа» комитетінің төрайымы С. Имашевамен кездесіп, «сіздер заң шығаруды қабылдауды тек қана мемлекеттік тілде жүргізулеріңіз керек» деп шағымдандым. Алайда С. Имашева маған тосыннан «Неге заң шығару тек қана қазақ тілінде болуы керек?» деп сұрақ қойды.
Мен депутаттардың қызметін, құқықтарын реттейтін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 37-бабында «Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады» деп бекітілгенін, ал «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсеттім. «Осы заңның 9-бабында мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады делінген», – дедім.
Мен де: «Қай заңның негізінде сіздер орыс тілінде заң қабылдайсыздар?» – деп сұрадым.
Бұған С. Имашева Парламентте қазақ тілін білмейтін, сөйлемейтін депутаттардың бар екенін айтып ақталды. Мен С. Имашевадан «Заңнама және сот-құқықтық реформа» комитетінің төрайымы ретінде депутаттардан Парламенттің заң шығару процесінде Конституцияның 7-бабында, заңдарында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» деген нормаға қарсы заң бұзушылықты жою жайлы шешім шығаруларын талап ететінімді айттым. Және де депутаттардың Конституцияға қарсы бұл әрекеттерінде біліксіздіктің, білімсіздіктің, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, арандатушылықтың белгілері бар екенін жеткіздім.
Мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламент осы заң бұзушылықтар арқылы тек қана қазақ халқының құқын аяққа басып отырған жоқ, 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда біртұтас ел болып қабылдаған Конституцияны мойындамай, бүкіл елдің құқын шектеуде.
Менің арызыма жауап беруге төрайым С. Имашеваның уақыты жетпеді ме, әлде басқа ма, ары қарай араларындағы заң білетін депутат деп тауып Н. Байтилесовке сырғытып жіберіпті.
Менің арызыма берген жауабы: «На №ЖТ-2024-03591532 от 2 апреля 2024 года»
Сіздің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде мемлекеттік тілді қолдану туралы хатыңыз қаралып, келесіні хабарлаймын. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің регламентінің 4-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінде жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Член Комитета по законодательству и судебно правовой реформе БАЙТИЛЕСОВ НУРСУЛТАН ТОЛЕНОВИЧ».
Енді осыны талдап, құқықтық бағасын берейін:
• Мемлекеттік тілдегі арызыма жауапты орыс сөздерін қосып қолданыстағы заңдарға қайшы толығымен қазақ тілінде бермеген;
• Жауапта Н. Байтилесов сілтеме жасаған Конституцияның 7-бабының 2-тармағы менің арызыма қатысы жоқ, өйткені Парламент мемлекеттік орган болып табылады. Қазақстан Үкіметі туралы Конституциялық заңда мемлекеттік органдарының тізбесі берілген, олар: Президент, Парламент, министрліктер. Ал 7-баптың 2-тармағы тек қана «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп айтылған. Депутаттар мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйымдардың айырмашылығын білмейді, заңдарды түсінбейді. Демек «ресми түрде» деген сөз тіркестері бар, бірақ бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейді. Осы күрделі мәселені Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы нормативтік мiндеттi күші бар Қаулысымен былай деп бекітті, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді.
• Енді қай жерде, қалай орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын айтайын. Олар азаматтық заңдарда көрсетілген мемлекеттік ұйымдарда болады, атап айтсақ: мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар, басқаша айтқанда, құрылтайшысы меншік иесі мемлекет болатын компаниялар, заңды тұлғалар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мәслихаттар;
• Парламенттің қабылдап жатқан заңдары заңсыз болып табылады, себебі мемлекеттік тілде қабылданбайды. Конституцияда 44-бапта «Қазақстан Президентi Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды» деген. Жаңадан сайланып келген депутаттар Президент алдында ант бермеді, ант беру рәсімі Конституцияға қайшы өтті, демек Парламент қызметі заңсыз.
Бұдан шығатын қорытынды – Ата Заңымыздың 3-бабындағы «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген нормасына сүйене отырып, депутаттарымыздың заңдарды ұқпайтынын, орындамайтынын, қоғамға қауіптілігін ескере келе, олардың сауаттылығын тексеру жайлы ұсыныс жасаймын.
Редакциядан:
Парламентте қабылданатын заңдар, құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалатыны айтылып жүр. Осы күнге дейін тек 2 заң мемлекеттік тілде дайындалған. Автордың көтеріп отырған мәселесі, талабы орынды деп білеміз.
АЙЫПҚАН МУХАМАДИЕВ,
заң ғылымының кандидаты