Республикалық «Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, республикалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайты, «Мөлдір бұлақ» балалар журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры — ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясынан жұрттың көбі хабардар. Бүгін дәл осы экспедиция аясында «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Жамбыл өңіріндегі аграрлы аудан болып есептелетін Тұрар Рысқұлов ауданына ат басын тіреді. Әрдайым ұлт мүддесін қаламына арқау етіп жүрген қоғам қайраткерін алдымен аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Ғабдоллаұлы қарсы алып, өзара пікір алмасты.

Одан кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы 2023 жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып, пайдалануға берілген нөмірі 6 мектеп-гимназиясының ұжымымен кездесті. Айта кетейік, бұл білім беру ұйымында 330 оқушы білім алатын болса, оларға 45 педагог дәріс береді. Кіші қызметкерлер саны-33.

Жалпы алғанда ұжымда 78 адам еңбек етеді. Аталмыш мектеп-гимназияның директоры Мұратжан Мейманхановтың модераторлығымен өткен кездесуде бала тәрбиесіне қатысты қордалы мәселелер сөз болды. Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы балалар уақытының басым бөлігі ұялы телефонда өтіп жатқанын қынжыла айтты. Кездесу біржақты өткен жоқ әрине. Осы мәселеге қатысты аталмыш мектеп-гимназияның ұстаздары да өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, нөмірі 6 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухартас Тасқанбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айкенже Баймахан, химия пәнінің мұғалімі Айнұр Серікбаева өздерінің пікірлерін жеткізді. Кездесуде бала тәрбиесінен бөлек қазақ қоғамында серпіліс әкелетін рухани құндылықтар төңірегінде де әңгіме қозғалды. Кездесу соңында аталмыш білімі беру нысанының ұстаздары Сәуле Мешітбайқызымен естелік суретке түсіп, жылы шыраймен қоштасты.












