Әлемдік саясат күнде құбылуда. Ғылым мен жаңа инновация қарқынды дамуда. Соған орай дамыған елдерде жаңа заманға сай жаңа заңдар қабылдануда. Бейқам отырған мемлекет жоқ. Бәрі жанталас үстінде.
Бір қызығы, дамыған елдердің көпшілігінде Парламентке заң мамандары мен экономистерді көбірек тартады екен. Әрине, халықтық сайлаумен, – тағайындаумен емес. Сосын оның әр ісін халық бақылап отырады. Билікке жағынып, айтқанына бағынып, орден-медаль тағынып кетсе, сайлаушылары жағасынан алып, ит терісін басына қаптап, боқтап-боқтап, «аяқпен таптап» кетеді екен. Міне, саған демократия! Міне, саған әділдік!
Осындайды естігенде, оппозицияның «шекпенін» киіп алып, өтірік халық үшін «қиналып», реті келген жерде жоғарыдан «сый алып» жүрген партиялар есіңе түседі. Қайтеміз, бәрін олардың ұятына тапсырамыз да!
Хош, сонымен біздің Парламентімізде кім жоқ дейсің. Айтыскер де, ақын да, бизнесмен де, әкім де, журналист те, зейнет жасындағы мұғалім де, қарттық жастағы зейнеткер де жүр. Солардың көбінің заң саласына қатысты білімдері жоқ. Бірақ түймені (кнопка) басуға, бірауыздан қолдай кетуге диплом қажет емес екенін дәлелдегендері рас.
Үкімет мүшелеріне депутаттық сауал қойып, халықтың сөзін айттым деп маң-маң басып жүретіндері де жетерлік. Ол сауалдың ақыры не болды, жауап неге кешігіп жатыр, оған бас қатырғысы келмейтіндер қарасы мол. Көпке топырақ шашпаймын, Парламентте білікті заңгерлер баршылық. Ұлтжанды азаматтар да кездеседі. Тым аз, әттең! Мәжілістегі 98 депутаттың көпшілігі «Күріштің арқасында су ішіп жүрген күрмек» секілді көрінеді. Үндері шықпайды.
Арнайы тоқтала кетейікші, депутаттың қызметі деген не осы? Сұрақ қою ма, әлде заң шығару ма? Сұрақ қою болса, оны журналистер де қатырады. Бір топ тілшіні Парламентке шақырып, Үкіметке сауал қойдыру түк те қиын емес. Қайта өткір ойлы сөздер мен халықтың жанайқайын жеткізіп биліктегілердің «тізесін» дірілдетер еді. Және қыр соңдарынан қалмай, сауалдарының жауабын сұрап мазаларын алар еді. Кейбір депутаттарға ұқсап «сауалыма заңға сәйкес жауап беріңіз» деп отырмас еді мөлиіп.
Ал депутаттың міндеті заң шығару болса, депутат мырзалар оған лайық па? Қайдам?..
Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деуші ме еді? Бұл сөзді әркім әртүрлі қолданады. Жалпы, айтылар түйіні бір. Ендеше, заң шығаратын қызметте неге заңгерлер отырмасқа? Неге экономика мен заң тетіктерін түсінетін маман бармасқа? Популистерге басқа алаң да табылар еді ғой.
Мысалы, Назарбаевтардың жылжымайтын мүлкі туралы айтып, ҚазҰУ-дың жерін қайтарумен айналысқан, жерге қатысты от пен соттардың жуан ортасында жүретін бір адвокат бар, Бақытжан Базарбек деген. Парламентте сондай жігіттердің жүргені дұрыс қой!
Абзал Құспан секілді білікті адвокаттар да Парламентке лайық. Тіл мәселесін көтеруде «Ақжолдық» депутат Қазыбек Исаның орны бөлек. Айтыстың дарабозы Ринаттың да ішінде сөнбейтін «қыжыл» бары байқалады. Осылайша тарқата берсем, жиырма шақты өз айтары бар депутатты тізіп шығуға болады. Олардың не айтып, не қойғандарын халық біліп отыр. Сондықтан осы жерден тоқтағым келіп отыр.
Осындайда есіңе қайдағы-жайдағы түседі. Назарбаев заманында болған оқиға бұл. Бір жылдары Мәжіліс депутаты болған марқұм Құдайберген Сұлтанбаев Парламент қабырғасында кездесу өткізген Президентпен жолығып қалады. Оны депутаттардың арасынан байқап қалған Президент қасына шақырып алып, Құдекеңнен былай деп сұрапты:
– Еее, Құдайберген, қалай жағдайың?
– Шүкір, шүкір жақсы…
– Парламентте өзіңнен басқа қанша әртіс барсыңдар?
– 130-дай әртіс бар-ау… (Ол кезде депутат саны 130).
– А?..
– Парламентте, Нұреке, 130 әртіс бармыз, ішіндегі профессионалы менмін! – дегенде, Президенттің ішек-сілесі қатып, әбден күліпті…
2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ КӨЗ АЛДАУ МА?
Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылады.
Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады және жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұрады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің бастауы болды. Сол жылдың маусым айында елдің Негізгі заңына енгізілетін түзетулер бойынша республикалық референдум өтті. Жалпыхалықтық дауыс беру Қазақстан азаматтарының ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдайтынын көрсетті. Олар Парламент палаталарының рөлін күшейтіп, мәртебесін көтерді. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енгізілді. Қазір Мәжілістің VIII сайланымы 98 депутаттан тұрады, оның 69-ы партиялық тізім бойынша саяси партиялардан, 29-ы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Ал сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.
Обалы нешік, қос палатаның белсенді депутаттары Үкіметке халықтың талабы мен жанайқайын жеткізудей жеткізіп жатыр. Депутаттық сауалдарды тыңдағанда айызың қанады. Бірақ жеріне жетуі, айтылған проблеманың дұрыс шешім табуы жағынан олқылық көп.
Мысалы 2,5 пайыздық несиені кім алғысы келмейді? Бұл дегенің халыққа жасалған көмектің көкесі ғой. Егер шынымен халықтың қолына тиіп жатса, жыртықтарын жамап, еңселерін тіктеп алуына көп-көрім көмек.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай 2,5 пайыздық несие туралы депутаттық сауалында көп нәрсенің бетін ашты. Халықтың да көзін ашты.
«Ауыл халқына арналған «Ауыл аманаты» жобасынан мыңдаған адам тыс қалып жатыр. Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әбден әуре-сарсаңға салған. Біздегі бюрократия қарапайым елге үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Бұл – бір.
Екіншіден, бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Бюджет тапшылығына байланысты былтыр жобаға 100 млрд теңгенің орнына бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген. Демек, құжат жинатып алдық. Беретін ақша жоқ.
Тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді. Ал әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар: Несие алатын адамдардың санын толтырып берсе болды және бөлінген ақшаны игеру. Бітті.
Кооперативтер құру деген не? Оның механизмі қандай? Мұны жергілікті атқарушы органның өзі түсінбей жатады. Сонда оны қарапайым халық қайдан түсінеді?
Президент «Агросауат» оқу орталығын барлық ауданда ашуды Үкіметке тапсырған. Үкімет те, өңір әкімдері де қылаудай шешім қабылдамаған. Сондықтан Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннан «Агросауат» оқу орталықтарын ашу туралы министрліктің нақты жоспарымен тез арада таныстыруын сұраймын.
Меніңше, кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере беруге болмайды. Біздегі жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Бұл да өзекті. Сонымен қатар қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріліп жатыр. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техникалық сақталуын кім қамтамасыз етеді? Қысқасы, айта берсең, басы ашық сұрақ көп», – деді депутат. Шынымен де депутаттың сөзінің жаны бар. Ал Үкіметтің бұл сауалға қалай деп жауап берері әлі белгісіз! Халық жауапты сарыла күтіп отыр.
БАНКТЕР ҚАШАНҒЫ ТАЙРАҢДАМАҚ?
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловқа жуырда кибералаяқтықпен күрес шаралары бойынша депутаттық сауал жолдады. Бұл да өзекті сауал. Халықтың көпшілігінің басынан кешіп жатқан хал. Алданып, арбалып қалған жұрттың банктерге өкпелері қара қазандай.
– Адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп, білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ Қазақстан халқына ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр. Солардың бірі – «онлайн алаяқтық». Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатып жатыр. Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған, – дейді депутат.
Сонымен қатар Р. Зайытов азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауда банктер еш жауапкершілік алмайтынын сынады.
– Дәлелмен айтсақ, Республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған.
Бір түсініксізі бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айырылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат қой.
Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын, ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан-нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, халық екенін есіңізге салайын! – деді ол.
Сол себепті Мәжіліс депутаты Бас прокурор Берік Ноғайұлына бірқатар ұсыныстарды да айтты:
1. Екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу шараларын қарастыруды;
2. Шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз, – дейді депутат Р. Зайытов.
Басқа партия депутаттары емес, атағынан ат үркетін «AMANAT» партиясының екі бірдей жас депутатының жанайқайын Үкімет қалай қабылдады екен? Егер олардың сөзі өтпесе, басқа партиялар туралы сөз қозғаудың өзі қиын...
Құдайшылығын айтайық, депутаттар айтудай-ақ айтып жатыр. Ел аралап көрген-білгендерін, халықтың аманатын да жеткізуге күш салуда. Тағы айтамын, көп жағдайда түйткілді мәселелердің шешіліп жатқандары аз. Өте аз! Бұл халықты ашындырары сөзсіз!
ТҮРКІСТАН ЕКІ ДҮНИЕНІҢ БЕСІГІНЕ АЙНАЛА МА?
Айтпақшы, 13 ақпан күні ел үшін елеулі жаңалық болды. Бұл туралы Бейсен Тәжібаев жазды.
«Бүгін Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Сенатының екі оқылымында талқыланып, мақұлданды. Маңызды құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Енді Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Басты мақсат – ғасырдан-ғасырға сақталып келе жатқан ескерткіштерді қорғауға алу және ұрпаққа жеткізу. Бұл бойынша археологиялық резерват құрылады.
Түркістан қала әкімдігі мен мәслихатына 44 түрлі жаңа өкілеттіктер беріледі. Арнайы сәулет жоспарлары әзірленеді. Қаланың дизайн коды дайындалады. Туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру жұмыстары жанданады. Осы заң шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүргізіліп жатқан зерттеулер 3 жылды қамтыды. Биыл аяқталады. Қорытындысына қарай тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс атқарамыз.
Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда іске асыру қажеттілігіне айрықша тоқталды. Түркістанның рухани мазмұнына ерекше мән беріп, елге танытуда тың бағытта белсенді әрекетке көшу керектігін атап айтты. Талқылау кезеңінде депутаттарды алаңдатқан сұрақтарға вице-министрлермен бірге жұмысшы топтың мүшесі әрі облыс әкімдігінің өкілі ретінде жауап бердім.
Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Шаһар ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заманның ағымына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік, мәдени-рухани бағыттарда таныла түсетін болады. Осы орайда Түркістан жұртшылығына мәртебелі міндет пен ерекше жауапкершілік жүгі артылып отыр».
Иә, Түркістанның мәртебесінің көтерілуі – қазақ руханиятының қуанышы. Заң күшіне енсе, Түркістанды түрлентуге көңіл бөлінер. Жоғалғанымыз түгенделер. Маңайымыздағы түркі әлемі де қарап қалмас.
Алайда Сенат Түркістан қаласына «ерекше мәртебеге» ие болатын заңды мақұлдағаннан кейін депутат Әлішер Сатвалдиев пленарлық отырыс барысында қалаға қомақты сома салынғанын айтты. Бірақ соған қарамастан Түркістан қаласына шетелдік туристердің тек 2,6%-ы келгенін қынжыла жеткізді.
– Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Туризмнің әлі де маусымдық сипаттан аспай отырғаны рас. Туризмнің онсыз да тығырықтағы жағдайын халықаралық әуе бағыттарының қысқаруы қиындатып отыр. Қазіргі уақытта Әзірет Сұлтан әуежайы тек Әбу Даби және Ыстамбұл рейстерін қабылдайды. Бұрын Кувейт бағытында рейс болған, Самарқанд бағыты қарастырылған. Дегенмен табыссыз болғандықтан, бұл бағыттар жабылды, – дейді сенатор.
Сатвалдиевтің сөзінше, мұндай жағдай билет құнының жоғары болуына байланысты жеті республикалық ішкі рейстерде де төніп тұр.
– Өйткені Шымкент қаласы арқылы ұшып келу екі есе арзан. Өңірде туризмді дамыту үшін Түркістанды Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа сияқты негізгі маршруттармен байланыстыру мәселесі мамандар тарапынан қайта-қайта көтеріледі, екі жақты келісімдер де жасалған. Бірақ Өзбекстанмен шекарадағы кезек мәселесі шешімін таппай отырғанын көріп, бұл мәселеде созылатын түрі бар деп топшылаймыз, – дейді Әлішер Сатвалдиев.
Көрдіңіздер ме, кедіргілер көп. Жалпы депутаттар айтудай-ақ айтып жатыр. Тек бұл сөздердің Үкіметтің құлағына жетуі мұң. Киелі Түркістанның киесін қашырмай, бөлінген әр қаржының тиынына дейін есептеп, қадағалап отырса, жер жүзінен туристер ағылар күн алыс емес...
«ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ МЕН ШЫНДЫҚТАН ҚАЙТУ»
PS: Осылай демеске басқа амал болмай тұр. Екі бірдей Мәжілістің ару қыздары Танашева Гаухар мен Ирина Смирнованың депутаттық сауалдары көптің назарын аударды.
Қарап отырсақ, екі сауал да өзектес. Тамырлас. Ащы сын! Жанайқай!
Біреуінде елдегі көпбалалы аналардың зары мен ауыр халі. Тұрмыс тауқыметі. Аналардың зейнет жасын төмендету. Оларды қамқорлыққа алу. Екіншісінде әлемдік саясат, елді сынайтын БАҚ-ты тықсырту. Үнін өшіру! Тек жамандықты көретін, жақсылықты елемейтін ақпаратқа тыйым салу.
Осы екі сауалдың қайсысы қазаққа пайдалы, оны өзіңіз саралаңыз. Өзіңіз бағалаңыз!
Көбіне ел ішіндегі саяси жағдайларды сөз ететін мәжіліс депутаты Ирина Смирнова «Үндемегеннен үйдей бәле шығатынын» жақында көрсетті. Ол Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, еліміздегі шетелдік ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді айта «шетел агенті» туралы заңды қабылдау қажеттігіне тоқталды. Мәжілісмен сөз арасында «қазақстандықтар өзге біреулердің ойынында қуыршақ болғанды қаламайды» деді.
Оның айтуынша, (USAID АҚШ-тың даму агенттігі) қызметіне қатысты өткен пленарлық отырыста айтылған депутаттық сауал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақстандықтар өздеріне сырттан таңылатын бөтен құндылықтарға, жастарды теріс жолға бағыттайтын идеяларға наразы екенін білдіруде.
Депутаттың мәліметінше, АҚШ-тың арнайы өкілі жақында «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» секілді америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын БАҚ-ты жабуды ұсынды. Бұл бастаманы Илон Маск та қолдап, аталған медиаресурстарды «қызықсыз, радикалды солшыл идеологияны ұстанатындардың диалог алаңы» деп сынға алды.
Ирина ханымның айтуынша, Үкімет пен Президентті үнемі сын садағына алатын «Азаттық» сайтында «жаңа мектептер, жолдар салынғаны туралы, жүргізілген реформалар, қазақстандықтардың жеңістері туралы» «бірде-бір материал жоқ» екенін «бетке басты». «Тасада тұрып жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың статусын қайта қарайтын уақыт жеткенін де ащына жеткізді.
Смирнова «шетел агенті» туралы заң Израильде, Қытайда, Австралияда, Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та бар деді.
«Біздің басты мақсатымыз – ұлттық мүддені қорғау. Қазақстандықтарға сырттан таңылатын құндылықтарды толеранттылық деп көрсетуге, ал пропаганданы тәуелсіз журналистика деп атауға жол бермеуіміз керек», – деді Ирина Смирнова.
Депутат бұл мәселені заңды түрде реттеу қажеттігін атап өтіп, Үкіметтен депутаттық сауалға белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді талап етті. Бұл депутаттық сауалдың нені көксегені жайлы пікірлер қоғамда қызу талқыға түсуде. Бір адамдар «бұл депутаттық сауал – демократияны тұншықтыру. Бір адамға шексіз бағынуға жол ашу» десе, енді біреулер «Елдің тыныштығын бұзатын, үнемі тек негативтерді көрсететін сайттар жабылсын» деп шулап жатыр.
Айтпақшы, жаңа жылға санаулы күндер қалғанда ащы сыни пікірлерімен дараланып тұратын Мәжіліс депутаты ҚХП партиясы мүшесі Танашева мандатынан айырылды. Бұл ел күтпеген, халық тоспаған тосын оқиға болды. Өткенге көз жүгіртсек, соңғы жылдары Парламент Мәжілісінде «жақтырмаған», «ұнатпаған» депутаттарды үнсіз орнынан алып тастау дәстүрге айналып бара жатқан секілді.
Мысалы Д.Шүкіжанова, А.Садықов т.с.с. депутаттар ел есінде. Осы жолы халықтық партия депутаты, көпбалалы аналардың қорғаушысы, Танашева Гаухар «құрбандыққа» шалынғаны байқалады.
Көпбалалы аналар мәселесін жиі қозғап, өткір ойлар айтып жүретін Г.Танашеваның өзгеріске ұмтылысы ОСК (Орталық сайлау комиссиясы) мен ҚХП (Қазақстан халық партиясы) жетекшісі Ермұхамед Ертісбаев мырзаға ұнамай қалды деген әңгімелер әлеуметтік желіде гулеп тұр. Кім білсін! Халық айтса қалып айтпайды ғой дегенмен...