Оқуда, спортта және жоғарғы оқу орнының қоғамдық өміріне қатысып, жетістікке жеткен студенттер оқу жылы бойы стипендия алатын болды. Атаулы гранттарды Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов тапсырды. Педагогикалық университетке келген аймақ басшысы оқу орнының техникалық мүмкіндіктерімен танысып, ғалымдар, билік және бизнестің әріптестігін орнатудың қажеттілігі туралы еске салды.
Ең алдымен әкім археологиялық және этнографиялық экспедициялар жүргізетін «Margulan Centre» орталығының жұмысының нәтижелерімен танысты. Орталық ғалымдары 2018 жылдан бері Павлодар облысының киелі орындарының картасын құрастырумен айналысып жатыр. Қазіргі кезде картаға 70 киелі орын белгіленді.
– Біз жұмыс істеген аудандар мен ауылдық округтерде киелі орындарды суретке түсіріп қана қоймай, оларды ғылыми түрде зерттеу мен жүйелеу жұмыстарын жүргіздік, – деді «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Еңлік Әбеуова.
– Өңірдің киелі орындары 70 нысаннан көбірек болуы керек. Егер біз тереңдетілген зерттеу жүргізсек, облыс аумағында басқа да киелі орындарды іздеп табуға болатынына сенімдімін. Тарихшы-археолог Татьяна Крупа қазақстандық зерттеушілердің олжаларын көрсетті. Ол Шідерті кенті аумағында орналасқан зиратта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді, оның ішінде, көне бас киімді ерекше мақтанышпен көрсетті.
– Бұл бас киім Алтын Орда заманындағы жерлеу орнынан табылды, бірақ, жүргізілген зерттеулер бұл бас киімнің XI-XIII ғасырлардағы құмандардың балбалдарының иконографиясымен байланысы бар екенін көрсетті, – деп түсіндірді ғалым. – Біз осындай олжалардың микроскопиясын жүргізіп, олардың қай кезеңде, қандай шикізаттың көмегімен боялғанын және басқа да ерекшеліктерін айта аламыз. Әбілқайыр Сқақов дарынды балалар өздерінің ғылыми-практикалық жобаларын әзірлейтін ғылыми нано-зертхананы және студенттер «Күнделік» электронды журналымен жұмыс істеу дағдыларын дамытатын педагогикалық шеберлік кабинетін қарап көрді. Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығы таяуда лицензияға ие болуы тиіс. Бұл зертхананың қызметін коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Бірегей құрал-жабдықтардың арқасында орталық қызметкерлері ДНҚ-сараптамасын жүргізіп, азық-түліктердің құрамындағы патогендер мен түрлі ортадағы ауыр металлдарды анықтай алады. Аймақ басшысы ғалымдарға ынтымақтастық әріптестігін орнатуды ұсынды.
– Павлодарда топырақ сапасына қатысты үлкен проблемалар бар, – деді әкім.
– Облыс орталығын абаттандырумен айналысатындарға топырақты байыту бойынша сарапшылардың ұсыныстары қажет. Біреулер зақымданған жерге қайта топырақ қабатын төсеуді, біреулер шөп өсіруді ұсынады. Бірақ бұл қаншалықты тиімді болатынын ешкім басып айта алмайды. Сондықтан бұл мәселеде бізге ғылымның көмегі қажет. Әбілқайыр Сқақовқа нейрондық желілерді қолдану арқылы экологиялық мониторинг жүргізу технологиясы да таныстырылды. Осының арқасында ғалымдар Павлодардың жалпы ластану коэффициентінің бөліну картасын жасады.
– Бұл жұмыс эксперименталды, біз оны облыс орталығында орналасқан 100 бекеттің көрсеткіштеріне сүйене отырып жүргіздік, – деді география және химия кафедрасының профессоры Жанат Шоманова.
– Жалпы шоғырлану емес, қаланың нақты учаскесіндегі ластану бойынша деректер алу үшін зерттеулерді тереңдетіп жүргізгіміз келеді. Экскурсиядан кейін өңір басшысы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Университет ректоры Жанбол Жылбаев университетті трансформациялау жоспары туралы айтып берді. Олардың ішінде болашақ педагогтардың даярлығын күшейту үшін академиялық басымдық орталығын ашу жоспары да бар.
Әкім педагогикалық университет өңірдің билігі мен бизнес-қоғамдастығы үшін маңызды серіктес болатынына сенім білдірді.
Бізге Ертіс жайылмасының, өңірдің флорасы мен фаунасының ағымдағы жай-күйін анықтау және шыбын-шіркеймен күрес жүргізу бойынша, ауылшаруашылығы және басқа да көптеген салаларда ғалымдардың қолдауы қажет, – деп атап өтті ол.
– Магистрлік және докторлық жұмыстардың жоспарын да біздің өзара тиімді қажеттіліктерге қарай бейімдеуге болады. Кездесу соңында Әбілқайыр Сқақов педагогикалық университеттің бес студентіне атаулы шәкіртақы табыстады. Осылайша өңірде оқуда, спортта және ЖОО-ның қоғамдық өмірінде көзге түскен шәкірттерді ынталандыруға ниетті.