Президент Араб Әмірліктеріне неге барды?

Президент Араб Әмірліктеріне неге барды?

Бұған дейін хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитінің жұмысына қатысу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорда ақпарат таратты. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qasr Al Shatie сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Мемлекет басшысы көрсеткен сый-құрметі мен қонақжайлығы үшін БАӘ Президентіне ризашылығын жеткізіп, «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Абу Дабиде және Дубайда өткен кездесулерді ықыласпен еске алып, келіссөздер нәтижесі екіжақты қатынастарға тың серпін бергеніне әрі ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашқанына назар аударды.

– БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде БАӘ еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіретінін атап өтті.

– Былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайды. Абу Дабидегі кездесу барысында біз тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткіземіз деп мақсат қойдық. Екі ел үкіметтері сауда-саттықтың оң қарқынын қалыптастыру үшін нақты экономикалық күн тәртібіне мән бергені жөн. Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыруға Сіздің тарапыңыздан қолдау көрсетіледі деп сенеміз. Бұл құжат аясында Әмірліктердің компанияларымен көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да көптеген салада белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеміз. Бұл серіктестік елдеріміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. БАӘ Президенті Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор деп санайды.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
16.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13163
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11999
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 15245
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14174
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 19205