«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңірінің жұртшылығымен кездесуінде Қазақстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік туралы айтты», – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. «Соңғы бірер айда еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады. Мұндай әрекеттер, әсіресе, қазіргі науқан кезінде көп болды. Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз. Біз қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Мен бұған дейін «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген едім. Бұл қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке айналамыздағы геосаяси ахуалдан бөлек, өз ішіміздегі ахуал да айрықша әсер етеді. Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар. Әр нәрсеге немқұрайлы қарап, жайбарақат жүруге болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етті. Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи орында жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, елдік мәселелерді талқылады. – Қасиетті жерге зиярат ету үшін арнайы келдім. Мұнда 2019 жылы Президент лауазымына кіріскен кезде келген едім. Бүгін жұртшылықпен кездесіп, маңызды мәселелерді талқыладық. Маңғыстау облысының дамуына тың серпін беру керек екенін айттым. Үкіметке тиісті тапсырмалар бердім. Аманшылық болса, келешекте облыста бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бәрі менің бақылауымда болады, – деді Мемлекет басшысы.