Психологияны зерттейтін сандық ғылым. Сюцай ілімі туралы не білеміз?

Психологияны  зерттейтін  сандық ғылым. Сюцай ілімі туралы не білеміз?

 Қазіргі таңда уақыт өткен сайын адам дүниетанымын айқындайтын тың  ғылыми болжамдар дүниеге келуде. Әсіресе, оған себеп жаһанда болып жатқан ғылыми психологиялық әлеуметтік процестер негізінде сандық технологияның өмірге жаңа қырынан келуі дер едік. Осы орайда біздің қоғамда көпшіліктің назарын өзіне аударып отырған – Сюцай ілімі. Ол – ХХI ғасырдағы психологияны зерттейтін сандық ғылым. Әр санның артында адам тағдыры тұрады екен. Сондықтан сандарды сөйлету арқылы өміріңіздің бұралаң жолдарын түзетіп, жаңа да жақсы бағытқа бет бұруға әбден болады. Ол үшін әрбір санның құпиясын жетік меңгеру қажет. Сюцай ғылымында адам өмірінің философиялық деңгейіне басымдық беріледі.

Ең бастысы – адамдардың күнделікті тіршілігі, қарым-қатынасы, алға қойған мақсаты, дүниелер қозғалыс айналымындағы сандардың мәніне, энергиясына терең үңілу арқылы болжам жасалады.

Статьи - МЕЖДУНАРОДНЫЙ ИНСТИТУТ ИНТЕГРАЛЬНОЙ МЕДИЦИНЫ

 

Сандарда құпия қуатты күш жатыр

Елімізге белгілі ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, Сюцай мектебінен бірнеше рет дәріс алған Омар Жәлел Сюцай сандық ғылымын терең зерттеп, сандардың сырына терең үңіліп, адамдардың өмірде адаспауына, жақсылықтың даңғыл жолымен жүруіне мүмкіндік беретін бұл ілімді жетік меңгеруге кіріскен екен.

– Сюцай – сандық ғылым, осыған орай, адамның туған күні оның коды болып есептеледі. Ол ақыл-ойдың тәртібін және жанның дамуын зерттеуді мақсат етеді. Көпшілік Сюцайды нумерологиямен салыстырады. Бұл мүлде қате. Өйткені, екі жағдайда да біз сандардың адам тағдырына әсері туралы айтып отырмыз. Бірақ Сюцайдың қағидалары әлдеқайда тереңірек және оны сандық психология деп атауы тегін емес. Менің Сюцай ғылымына қызыққаным, ол сенің ең жақын досың өзіңсің. Өмір сүру – өз-өзіңмен күресу деген қағиданы алға тартады. Өкінішке орай, сенімен жақындарың әрқашан бірге бола бермейді. Ренжісу, көре алмаушылық, сатқындық, ұрыс-керіс туыстық байланысты үзеді. Сондықтан адам өзінің жан дүниесіне жанашырлықпен қарауы шарт, – дейді Омар Жәлел.  

Шындығында, Омар Жәлелдің бұл пікірімен келіспеске болмайды. Олай дейтініміз, қазақ халқында қасиетті саналатын көптеген сандар бар. Олардың қатарына 3, 5, 7, 9, 40 сияқты сандар жатады. «Тал бесіктен жер бесікке» дейінгі қолданыста жүрген ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлеріміз осы сандармен тығыз байланысты емес пе? 7 саны – қазақ халқы үшін қастерлі сан. Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды. Бұл ата-бабамыздан бері қарай келе жатқан қатаң ереже. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, яғни жеті атасының есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген аталы сөз осыдан қалған. Ал, 3 саны да  халқымыздың ұлттық болмысына әбден сіңіп кеткен. Мысалы, қазақ халқы ер жігіттің үш жұрты бар дейді. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты,  қайын жұрты. Халық осы үш жұртына былай баға берген: «Өз жұртың – күншіл, бар болса көре алмайды. Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды. Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді». Міне, қарап отырсақ, адам психологиясын зерттейтін Сюцай сандық ғылымы қазақтың сандық дүниетанымымен жалғасып жатқан жоқ па? Сюцайдың түп қазығы  философия болғандықтан,  мазмұны қазақ тарихымен тығыз байланыста. Өйткені әрбір санның өз киесі, энергиясы, мақсаты болады. Сондықтан  Сюцай ғылымы да әр санның өзіндік қасиеті мен парасат,  сыры мен жұмбағы, мән-маңызы бар екендігін алға тартады.

Адам психологиясын зерттейтін сандық Сюцай ғылымын ойлап тапқан адам – Жанат Мұхаметқалиұлы Қожамжаров. Ол 1962 жылы Абай облысы  Жарма ауданының Енрекей ауылында дүниеге келген. Ол – өзінің ұстазы, қазіргі заманғы Қытай медицинасының маманы Нахыспект-ұлы Бақыт Байдарлыға  өмірінде қатты дағдарыс болған кезде жолыққан. Ұстазы оны ежелгі Тибеттің «Отты цигун» емі арқылы емдегеннен кейін, оның өмірінде  түбегейлі өзгеріс болады. Қазіргі таңда ол «Отты цигун» эмоционалды тазарту емін қолдану арқылы адам санасына тыныштық орнатады. Бұл сеанс қауіпсіз, денсаулықты жақсартады, жүйке жүйесін қалыпқа келтіреді, кундалина энергиясын арттырады. Жанат Қожамжаров дүние жүзі бойынша Сюцай ғылымының негізін қалаушы ретінде әлемге танымал. Осы саладағы ұлағатты ұстаз халықаралық деңгейдегі білікті маман, комплементарлық медицина профессоры ретінде адамдарды психологиялық сандық ғылымға үйретуде. Сюцай халықаралық мектебі Ресейдің Мәскеу қаласында тіркелген.

 

Бұл ілім – заманауи ғылым

Енді біз Сюцай мектебінен дәріс алған, республикамыздың әр саласында еңбек етіп жүрген адамдардың пікірлерін тыңдасақ.

Зәуреш Ермекқызы, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Ұлы Абай: «Мықты болсаң өзіңді жеңіп көр» десе, ал Шәкәрім атамыз: «Адам өзін таныса, құдайын таниды, құдайын таныса, дүниені таниды» деген екен. Сондықтан  Сюцай арқылы сандардың сырына үңілу кісі тағдырына араша түсудің, күнделікті тіршілікте адамдарды жақсылыққа жетелеудің жолдарын жетік білуге болады. Менің түсінгенім, нумерологияда адамның мінез-құлқы ғана айтылады. Ал Сюцай өзіңіздің оң және теріс қасиеттеріңізді қалай дұрыс пайдалану керек, тіпті сіздің шынайы тағдырыңыздың қандай екенін түсіну туралы мағлұмат береді.

Мысалы, туған күніңіздегі сандар – жан дүниеңіздің құпия кілті. Осыны жіктеу арқылы қаржы-қаражатқа  қатысты мүмкіндігіңізді, өз ортаңызды, қызмет пен бизнестегі жетістіктеріңізді, шығармашылық өсу мен  ішкі мүмкіндіктеріңізді, денсаулықты күту, жақсы өмір сүру үшін қандай белсенділік қажеттігін біле аласыз. Әсіресе  мектеп түлектерінің өз мамандығын адаспай таңдауына септігін тигізетінін ашық айтқан жөн. Сюцай іліміне сәйкес, адамның өміріне әсер ететін маңызды сандардың ішінде тек туған күн ғана емес, некеге тұрған күні, аты-жөнінің саны, пәтер нөмірі, телефон нөмірі, тіпті келісімшарттың жасалған күні де бар. Бұл – қоршаған орта және табиғатпен үйлесім табуға керемет жол ашатын ғылым. Тағы бір айта кетерлік жағдай, адам «уһ» деп таңғалғанда  мида ерекше құбылыс пайда болып,  санасы сол мезетте  кеңейіп сала береді екен. Кейінгі кездері таңғалуды ұмытып бара жатқан ұлтымыз үшін де бұл ғылымның берер әсері бар. 

    Серік Байгиреев, кәсіпкер:

– Бұл Сюцай ілімі сандардың заманауи ғылымы болып саналады. Әсіресе, сіздің шын мәнінде кім екеніңізді түсінуге, бейсанаға енуге және өзіңізді жаңа қырыңыздан тануға көмектесетін зейін тәжірибесіне сілтеме жасайды. Мен институт бітірісімен бизнес, ақша, табыс табу деген мақсатта кәсіпкерлікпен айналыстым. Алғаш теміржол саласының кірме жолдарын жөндеумен айналыстым. Ауыр жұмыс болғанымен, табысым өте жоғары болды. Қарағанды қаласына келіп, үлкен кәсіппен айналысып, екі жылда долларлы миллионер болып шыға келдім. Ол кезде менің энергиям «5» еді.    Алайда биікке шыққанымнан құлағаным тез болды. Неге дейсіз ғой? Менде «мен, тек мен» деген өркөкіректік сайтан сенім (эго) пайда болды. Ешкіммен санаспадым, тыңдамадым. Қасымдағы қамқоршы адамдардың айтқандарына құлақ аспадым. Бірінші, қымбат машинам ұрланды. Сосын аяқ астынан арзанға үйімді саттым. Ауылшаруашылығы өнімдерін сатумен айналыстым. Бәрінде де банкротқа ұшырадым. Осы екі ортада әкем мен шешем, содан соң жұбайым қайтыс болып, екі ұлыммен қалдым. Бір күні апам менің Сюцай мектебінің ұстазы  Жанат Қожамжаровтың шеберлік  мектебіне қатысуымды қалады. Мен бардым. Оның сандарды сөйлету негізіндегі әрбір пікірін тыңдап, өмірдегі қателіктерімді түсіндім де өкіндім. Адам ең бірінші өзін-өзі тану керектігін сонда байқадым. Қазір мен басқа адамдардың да табысқа кенелуіне кең жол ашудамын. Бойымдағы таршылық қасиеттен арылып, жомарттыққа қол создым. Айналамдағы достарымның қиын тағдырына араша түсе бастадым. «Адамның күні адаммен» деген ақиқатқа көз жеткіздім. Қазір арнайы қор ашып, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға бір миллион теңге көлемінде көмек жасаудамын. Сюцай заңдылығына сәйкес, қазір мен әр санға айрықша мән беріп, қателіктерді қайталамайтын болдым. Сюцай ілімінде әділ бол,  өзіңе ғана сен, күншіл болма, шешімді бол, ашуға бой алдырма, ақымаққа сенбе деген сан қағидалары Абайдың қасиетті қара сөздерімен ұштасып жатыр. 

Самат Ұрмағанбетов, «Centep Group» құрылыс компаниясының директоры:

– Мен екі рет Жанат Қожамжаровтан дәріс алған соң, өмірдегі, жұмыстағы және  туыстармен болған  қарым-қатынаста жіберген қателіктерімді сандық психология негізінде терең түсіндім. Мен Сюцай мектебіне дағдарысқа ұшырағанда келдім. Рас, сандық психология қазақтың қасиетті сандарымен ұштасып жатқандығына көзім жетті. Мысылы, 3 санын алайық. Қазақта үш арсыз: ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз деген бар. Тілімізде  «үш қайнаса, сорпасы қосылмайды» деген баламалар да бар. Осының бәрі Сюцай сандық психология ғылымында бар нәрселер екен. Біздің компания соңғы жылдары Батыс Қазақстанда 1 миллион шаршы метр тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар салды. Сюцай сабағын алғаннан кейін жұмысым жанданды. Тіпті мен қойма меңгерушісін де туған күніне қарап алатын болдым. Өйткені, санның ішінде жалқау да, жұмысқа жауапсыз қарайтындарды және көзбояушылыққа баратындарды байқауға болады. Бірақ, адамдарды алаламай кемшілігін көзіне айтып, қоғамда адал өмір сүруге бейімдеуді мақсат тұтамын. Жалпы жаман сан жоқ. Адам өзін-өзі тәрбиелегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

 

Мұнда әл-Фараби мен Абайдың өмір философиясы бар

 Сымбат Қазыбекқызы, тарихшы:

– Мен ес білгелі қазақтың мақал-мәтелдерімен өстім. Анамның бала тәрбиесіндегі басты мақсаты мақал еді. Кейін мектеп табалдырығын аттаған соң, Хакім Абайдың философиясы қосылды. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің әр нақыл сөздері маған тіптен қызық болды. Оқимын, қазбалаймын, бірақ түбінде бұдан да асыл дүние жатқанын сезінетінмін. Алғаш рет Сюцай мектебіне дәріс алуға келгенде ішімде сәл күмән, сенімсіздік болды. Сандар, планеталар. Бірақ төртінші күні күдігім су сепкендей басылды. Бұл ғылым Абай мен әл-Фарабидің жазып кеткен өмір философиясы екендігіне нақты көзім жетті. Әсіресе, ұстаз Жанат Қожамжаров «қазақ» деген сөзді жілік-жілігімен талдағанда көзімнің қараңғы пердесі ашылды. Ұйықтап жатқан санам дүр сілкіністен оянғандай болды. Тіліме, дініме деген махаббатым оянды. Жылдар бойы оқыған өлең шумақтары есіме түсті. Таң қалдым.

Қазіргі таңда табысым мен жұртшылықпен қарым-қатынастағы жетістіктерім өз алдына бір төбе. Материалды дүние (ақша) мен байлықтың айырмашылығын түсінген адам тек рухани дамуға ұмтылатыны сөзсіз. Сюцай ілімі қазақ қоғамын адалдықпен, әділеттікпен, шыншылдықпен алға сүйрейтініне мен  кәміл сенемін.

  Шолпан Жақыпова, Қарағанды техникалық университетінің шет тілдер кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты: 

– Жанат Қожамжаров ойлап тапқан Сюцай ғылымы қазіргідей қиын-қыстау кезінде, әсіресе банктердің несиесіне белшесінен батқан адамдарға моралдық тұрғыдан дем беріп, тығырықтан шығуына көмектесуде. Сюцай іліміне сәйкес, адамның өміріне әсер ететін сандар бар. Сол сандардың құдіретін түсіну адамды саналы етеді және өмірдің көптеген салаларын өзгерте алады. Мысалы: Материалдық жағдайды жақсарту, басқалармен қарым-қатынас орнату, мансап құру, шығармашылықты ашу, денсаулықты жақсарту, жарқын өмір сүруді үйрену. Адамға әсер ететін сандардың артында жатқан энергия бар. Сол энергияны адамның қалай басқаратындығы аса маңызды.

  Олег Ним, кәсіпкер, Қырғыз Республикасы Бішкек қаласынан:

– Шындығын айтқанда, мен Жанат Қожамжаров Академиясына келіп, сабақ алғаннан кейін өмірім, тіршілігім түбегейлі өзгеріске ұшырады. Сандар құпиясын білу менің бизнесімді және әйеліммен ажырасудан сақтап қалды. Дұрыс тамақтану, уақытында дем алу менің денсаулығымның жақсаруына көмектесті.  Әсіресе, жанұямда болатын жанжал, жарыммен, балаларыммен ұдайы ұрыс тіршілігімді тығырыққа тіреген болатын. Сандар құпиясын дұрыс пайдалану негізінде қазір шаңырағымда шаттық орнады. Балаларыммен бірге ой бөлісетін болдым. Менің бойымда (ЭГО ) менмендік басым екен. Ұстазым айтқандай, күн сайын 10 шақырым жүремін. Бұрын сыраханадан шықпайтынмын. Қазір шылым тартпаймын, мүлде ішімдік ішпейтін болдым. Артық салмағым бар еді, 20 келіге арықтадым. Өзімнің қоғамға керек адам екенімді түсіндім. Қоғам деген – халық, ал халық деген қоғам емес пе? Сондықтан елмен етене жақын болу әр азаматқа қажет. Сюцай маған осыны үйретті.

 Сергей Теплих, Ресейдің Мәскеу қаласындағы Сюцай мектебінің басшысы: 

– Мен қиын жағдайды, көптеген дағдарысты басымнан кешірдім. 2015 жылы Ресейге салынған санкция менің бизнесімді түбегейлі құлатты. Ақырында бау-бақшаға керекті тыңайтқыш та саттым. Машинамда түнедім. Қарызға батып, көп қиналдым. Әжемнің айтуы бойынша, Жанат Қожамжаровтың «отты цигун» сеансын қабылдадым. Тазарудан өткен соң, тозып жүрген жүйкем қалыпқа келіп, өмірге деген құлшынысым артты.

Алғаш ұстазым Жанат Қожамжаровтан дәріс алғаннан кейін, ол менің қабілетімді біліп, Мәскеуде Сюцай мектебін басқаруды сұрады. Мен қаншама бизнесім болса да, ұсынысын қабыл алдым. Қазір үйлесімді жұмыс істеп жатырмыз. Әр санның артында адамның тіршілігі тұратындығына менің көзім жетті. Сюцай ғылымы 5 маңызды элементке негізделген, олар: жан, ақыл, сана, ой және эмоция. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланыста, егер сіз олардың  өзара қарым-қатынасын түсінсеңіз,  қалыптасқан қиын жағдайды дағдарысқа әкелмей-ақ, көптеген өмірлік мәселелерді шеше аласыз. 

Сергей Теплых айтқандай, сананың дамуы: моралдық және кармалық, рухани, жоғары кундалин энергиясын босату және материалдық мақсаттарды жүзеге асырған кезде пайда болады.

Дәл осы қатынасты арбаға мініп бара жатқан, дәлірек айтсақ, оны делбеші басқарып келе жатқан адам бейнеленген төмендегі сурет көрсетеді. Бұл суретте: жолаушы – жан, жүргізуші – ақыл, тізгін – ақыл, ал жылқы – эмоция мен ой. Төмендегі сурет арқылы өзін-өзі танудың жолын табады.

 Асыл Бекбаев, Сюцай халықаралық мектебінің Қазақстандағы аймақтық меңгерушісі:

–  Мен негізі заңгер болып, көптеген мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аппаратында қызмет істедім. Қаншама уақытымды жұмсап, еңбек еткеніммен бұл жұмыстың ешқайсысында дұрыс нәтиже болмады. Қызмет бабымен өсе алмайсың. Пара беріп жұмысқа тұратындар  жолыңды кесіп кетеді. Мемлекеттік қызметте әділеттік болмағандықтан, адам жаншыла береді. Осыдан құтылудың жолын іздеп, өзімді қалай ұстауым керек деген оймен Сюцай академиялық мектебінен бірнеше рет дәріс алдым. Мұнда келіп, санның да, яғни цифрдың да өз энергиясы бар екендігін білдім. Сюцай ғылымында тек қана сөздің энергиясы емес, әрбір әріптің сандық кодтары бар. Мысалы, дәлел ретінде әрбір адам есімінің әріптері сандармен есептеледі. Және сол цифрлық код бойынша адамның сапалық, сандық қасиеті айқындалады.

 Сюцай мектебіне көбінесе дағдарыс жағдайында болғандар келеді. Мен сандардың құпиясын терең түсіндім. Бір сөзбен айтқанда, сан артында адам тағдыры тұрады. Мысалы, «Үштік» (3, 12, 21, 30-да туғандар) «Мен білемін!» деген ұранмен өмір сүреді. Олармен диалог жүргізу қиын. Өйткені олар әрқашан өздерінікі дұрыс деп есептейді. Бірақ бұл «үштік» болу жаман дегенді білдірмейді. Егер сіз энергияңызды дұрыс бағыттасаңыз, нәтижеге қол жеткізесіз.

 

 Сөз түйіні немесе ақыл-парасаттың жолымен

Міне, Сюцай сандық психологиялық ғылымнан нәр алған адамдардың ой-пікірлері осындай. Мен өткен жылы  өзім философ болғандықтан,  Қырғызстанда іссапарда болған кезімде бір танысым арқылы Жанат Қожамжаровтың лекциясын бір сағат тыңдауға мүмкіндік туды. Сол лекцияда Жанат Қожамжаров отбасылық  тақырыпта жанұялардың неліктен ажырасуы тақырыбында әңгіме қозғады. Сол оқу сабағында 10 жанұя ажырасу алдында екен. «Біздің бүгінгі тақырыбымызда қаралатын мәселе отбасын қалай сақтап қалу мәселесі болғандықтан, адамдар Сюцай ілімінің сандық ғылым негізіне сүйену маңызды», – деді ол. Мысалы, Қазақстан бойынша айтсам, 2021 жылы елімізде 48 232 жанұя ажырасқан. Мұның 72 пайызы қала халқы, ал 27 пайызы ауыл халқына тиесілі. Қазіргі кезде жылылығы жоқ, мейірімсіз, жүйкесі әлсіз, ұяты аз жастардың болуы өкінішті.  Ажырасудың бірінші орнында Астана тұр. Ең соңғы орында Түркістан облысы.

Сюцай психологиялық ғылымы бойынша ажырасу себептері мынау: басты мәселе – ерлі-зайыпты арасында  махаббатқа деген құрметтің болмауы, әйелін немесе күйеуін алдау. Интимдік өмірдегі наразылық  және қиын уақытта жұбайына қолдау көрсете алмау. Сюцай ғылымының негізі бойынша  махаббат бұл сізге ұнайтын адамның қасында болуды ғана білдірмейді. Бұл оны қуантуға деген ұмтылыс. Бір-біріңіздің қажеттіліктеріңіз бен сезімдеріңіз туралы ойланыңыз, тіпті ең қиын жағдайда серіктесіңізді түсінуге тырысыңыз. Егер сіз өзіңіздің жақын адамыңыздың өзгеруін қаласаңыз және оған қамқорлық жасағыңыз келсе, әрдайым отбасын сақтай аласыз. Жалпы, екі жылда 32 жанұя Сюцай ғылымының мән-мағынасын және  өздерінің қателіктерін сандық код бойынша түсінгендіктен, ерлі-зайыптылар ажырасуға жол бермеген. Қайта өзара қателіктерін түсініп, бала-шағасымен бақытты өмір сүруге көшкен..    

Ал Сюцай халықаралық мектебінің – ХХІ ғасырдың сандық психологиясы мен философиясы ғылымының негізін қалаушы Жанат Қожамжаров бүкіл ғұмырын адамзат баласының өрнекті өміріне арнап, сандардың сырына үңілу арқылы адам тағдырына араша түсудің және  адамдардың күнделікті тіршілігі негізінде оларды парасаттылыққа, жақсылыққа, адалдыққа жетелеудің жолдарын таңдауы таңдай қақтырады. Сюцай адамның табиғаты, түпсана дегенді қазақтың дүниетанымымен түсіндіруі ерекше үйлесімдік.  Жылқысы, күймесі, арбакеші, қысқасы, ұлтымызда не бар –  соның барлығы қамтылған.  Мәскеуде рухани даму және инновациялық технологиялар академиясы жанынан Сюцай халықаралық мектебі деп тіркелген. Кезінде Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік болмаған соң, Мәскеуге кетіп, қазір бүкіл ресейліктерді  мойындатып отыр. Тибеттің «Отты цигун» ем-домы да ерекше пайдалы. Кәдімгі қызыл шоқты басып, қып-қызыл темірді тілімен жалап, адам тамырларының өзегін ашып, адамның жүйке жүйесін қалыпқа келтіреді. Сюцай психологияны зерттейтін сандық ғылым ретінде, ал «отты цигун» жүйке жүйесін қалыпқа келтіретін ем ретінде Қазақстан Республикасында   авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік тізімге енгізілген. Жанат ҚожамЫжаровтың атында № 11570 және 11634 нөмірлі куәліктері бар. Бәрі заңдастырылған. Жақында  кәсіпкер Ахметбек Нұрсила деген азамат «Адырнаға» берген сұхбатында «Жанат Қожамжаров деген кісі «секта» ашып алып, халықтың санасын улап жатыр» деген пікір айтыпты. Бұл дұрыс емес.  Секта дегеніміз дәстүрлі діннен бөлінген және қоғамға қарама-қайшы келетін діни ағым. Сектаға түскен адамдар үйінен безеді, тек түнде ғана кездеседі, тамақ аз ішеді, аз ұйықтайды, ақша талап етеді, не ұрлайды, тұйық не ашушаң болады, психологиясы өзгереді, балаларымен, ата-анасымен қарым-қатынасын біржола үзеді. Сондықтан мәселенің байыбына бармай, оғаш ой айту қисынсыз дер едік. Сюцай ғылымы мемлекет      саясатына араласпайды, ол қазақтың ұлттың ұлы дәстүрлері негізінде адамдарға психологиялық ғылым негізінде тәлім-тәрбие береді.

   Сюцай ілімі мұндай жағымсыз әрекеттің бірде-біріне  қатысы жоқ. Олай еместігіне жоғарыдағы пікірлер арқылы айқын көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі күнде Жанат Қожамжаров ойлап тапқан Сюцай іліміне деген қызығушылық дүниежүзінің назарын өзіне аударып отыр. Сюцай ілімі қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілуде. Ай сайын 200-ге жуық адамға ай сайын оқуға тегін жолдама беріледі. Бүгінгі таңда Германия, Италия, Франция, Голландия, Шри-Ланкада, Түркияда, Дубайда, Қырғызстанда Сюцай сабақтары өтуде. Нақты айтқанда, әлемнің 12 мемлекетінде Сюцай академиясының бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Күн санап оның қатары арта түсуде. Бір қызығы, осы жүйе қазақтың рухани құндылықтарына негізделген.

  Қарап отырсақ, қазақтың рухын көтеретін тағы бір жол Сюцай ілімі болатын түрі бар. Бүгінгі таңда кейбір адамдар мемлекет пен халық алдындағы, үй іші жақындарына байланысты және адамгершілік әлеміне қатысты өзінің азаматтық борышын біле бермейді. Жаман әдетке жолама, сараңдықтан аулақ жүр, ақымаққа сенбе, арсыздан бата алма деген өткен ғасыр ғұламаларының өсиеттерін Сюцай мектебі заңды түрде жалғастырып отыр. Ұлтымыздың жеті қорғаны бар: ол –  тәуелсіздігі, экономикалық қуаты, тілі, діні, тегі, ділі (Ар-ұжданы мен салт-санасы, әдет-ғұрпы) және жан саны. Сюцай халықаралық  академиясы осы бағытта адамдардың санасын оятып, ұлттық рухтың жоғалмауына және жылылығы жоқ, мейірімі аз,  ұяты жоқ ұрпақтың қоғамға пайдасы болмайтындығын сандық код бойынша дәлелдеуде. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде біздің қоғамдағы кейбір адамдар кінәлі болудан қорықса да, өзінің адал еңбегімен емес, қулықпен мемлекет мүлкіне қол сұғумен, жемқорлықпен, парақорлықпен байлыққа қол жеткізуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде әділетті қоғам құру ғана зайырлы мемлекет болуға жетелейді деген болатын.

    Олай болса, Сюцай ілімі – адамның жан дүниесін, өресін,  ақыл-парасатын, тәнін, ойлауы мен эмоциясын қалыпқа келтіретін психологиялық және педагогикалық жүйе. Сондықтан, әлемді сандар мен сөздер арқылы адамзат баласы билейді емес пе. Демек, ұлы  ойшылдарымыздың даналық, тәрбиелік, данышпандық қасиеттері негізінде цифрлық код бойынша Сюцай ғылымы иманын – ырыс, ата жолын – қазына санаған нағыз озық ойлы қазақ ұлтының тәрбиесіне үлес қосып жатса, оған неге қуанбасқа?!

 

МАҒЖАН САДЫХАНОВ, Философия ғылымдарының кандидаты, журналист
09.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368