ПУШКИНДІ ТҰҚЫРТҚАН СЫНШЫ һәм МҰҚАҒАЛИ ҚАЛАЙ СЫНАЛДЫ?

ПУШКИНДІ ТҰҚЫРТҚАН СЫНШЫ  һәм  МҰҚАҒАЛИ  ҚАЛАЙ СЫНАЛДЫ?

Бала кезімде әлем таныған ұлы ақын Александр Пушкиннің өлеңдерін  күл-талқан етіп сынаған орыстың бір жас  сыншысы туралы оқып едім. Сол сыншы (есім-сойын ұмыттым) Пушкин өлеңінің әр шумағына шүйлігіп, буындарына қадалып, көркемдігіне тиісіп, теңеулерінен түңілетіні есімде. Дастандары мен балладаларын түкке алғысыз етіп,  орыс халық ертегілерін өлеңге айналдырып,  халыққа қайта «қуырып» берді деп  сын-тезіне алады.  Оқып отырып ұлы ақынды да осылай сынайды екен-ау деп таң қалған едім.   Кейін есейе келе талай мықты ақындардың осал тұстарын мен де көрдім. Асығыс жазылған, қаламақы үшін жазылған дүниелер қаншама... Мықтымын деп жүрген кейбір ақындардың «жылаңқылығы», ой-өрістерінің тарлығы, кітап оқымайтындығы, жылт еткенге еліктегіштігі көзге қораш көрініп тұрады.   Бұл, әрине, әдебиетке адалдыққа жатпайды.  Әдебиет жанкештілікті, өлермендікті талап етеді.  Сынға сынбау да  осы категорияларға жатады.

Шын үңіліп, мін іздеген адам  кез келген ақыннан кемшілік табатыны рас. (Проза туралы әңгіме бөлек).   Ол үшін Әуезов айтпақшы, «Сын шын болсын, шын сын болсын».  Шын сын – ақынды өсіру үшін, өрісін кеңейту үшін  таптырмас  мүмкіндік.  Ақынды мұқату үшін жазылған сын қауіпті.  Оның арты қайғы-қасіретке ұласып кетуі  кәдік.  Мұқағалиша айтқанда «Ақын жаны бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарау керек!»

Мұқағали демекші, бір заманда (1974 жылы, «Қазақ әдебиеті» газетінде)   арда ақынды терең  білімді  сыншы Сағат Әшімбаев  та сынаған.  Орынды сын айтқан  («Аққулар ұйықтағанда» кітабына).  Әрине, одан Мұқағалидың  бәсі төмендеп пәс  тартып  қалмағаны анық. Пенде ретінде ренжіген болар.  Бірақ  поэзия үшін бәріне көну міндет қой!  «Біреулермен жалғастырып жең ұшын,  жасап  жүрсем  жаным сүймес келісім, барлығы да, поэзия,  сен үшін!» деген ақын бәріне көнуге мәжбүр. 

Айтқым келгені,  әдебиет алға дамуы үшін сын керек.   Әділ сын! Тура сын! Бүгінгі қазақ әдебиетінде сын емес, топтанып мақтап-мадақтау  басым. Оған мастанған ақын-жазушылар  дүмбілез, шикі дүниелерімен  абырой биігіне көтеріліп жатыр.  «Әдебиет – ардың ісі» болудан қалып бара жатқандай әсерге бөлейді. 

Төмендегі көне «Қазақ әдебиеті» газетін бүгінгі мықты жазушылардың көш басында жүрген Жүсіпбек Қорғасбек ағадан алдым. Оған себеп: Сағат Әшімбаев Мақатаев поэзиясын орынсыз сынады, обал жасады деген сөздерді құлағым шалғандықтан. Жоқ.  Әшімбаев ақынды орынды сынапты. Артық ауыз бір сөз жоқ. Бәрі байыпты. Нақты дәлелге сүйенген. Сағат аға көрсеткен кемшіліктер бүгінгі ақындардың көбінің поэзиясында құлағы қылтиып тұр. 

Айтпақшы, Мұқағали ақын «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын Ғабит Мүсіреповке қолжазба күйінде оқып беріп, ақсақалдың ризашылығына бөленіп, қолына алтын сағат тағып қайтады. Оны ақын күнделігінде жазады. Мұқағали  Ғабеңе арнау өлең де арнаған.  Қызығы, бұл поэмаға Әшімбаевтың көңілі толмайды. Жаңашылдық жоқ, ескі сарынмен жазылған, халықтың бәрі білетін дүние деп бағалайды.  

Ұзын құлақтан жеткен хабарға сенсек, Мұқағалиды  Сағат Әшімбаевтың сынауына  Ғабит Мүсірепов  түрткі  болған деседі. Қалай десекте, Мұқағали – нар ақын. Дара ақын.  Бірақ поэзиясы саф алтын емес...

Жоғарыда Пушкинді сынаған ақын оны әдебиеттен жоқ қылғысы келгендей төпелейді. Бәле іздегені әр сөзінен сезіледі.  Ал сыншы  Әшімбаев Мұқағалидың ақындығын әспеттей отырып ұстамдылықпен, шектен шықпай  кемшін түсіп жатқан тұстарын керемет үйлесімділікпен, дәлдікпен көрсетеді. 

Көненің көзіндей болған газетті оқуға кеңес беремін...

 

40 жасында мас әлі жас боп  жүргендерге сабақ

Тургеневтің бір шығармасында мынадай  сөйлем кездеседі: «Үйге жасы қырықтағы қария кіріп келе жатты» деген. Тургенев шығармашылығын зерттеушілер жазушының шығармашылық шабыты 1834 жылы басталғанын айтады. Демек Иван Сергейұлы  16 жасында қолына қалам ұстаған болып шығады.

Менің айтқым келгені қазіргі қырықтағы кісіні шал деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине. Тіпті 50-60-тағы адамға шал деп көр, талағы тарс айырылсын. 

Ең қызығы, Тургеневтен 27 жыл кейін дүниеге келген Ұлы Абай да: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» – деп, кәрілікке «бас иіпті».  Бұл өлең 1886 жылы жазылған. Ақынның 41 жасында. Бұны азсынсаңыз, Құнанбайдың баласы тап сол жылы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...» деп тағы бір өлең жазып тастапты. Қырық жастағы қылшылдаған  байдың бағлан баласының бұнысы несі, ә?

Бүгінгілер қырқында жас болып, мас болып жүр. Таң қаларлығы, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) де пайғамбарлық қырық жасында келген. Мұнда да үлкен сыр жатыр-ау... Демек қырық жас – кемелдену жасы, кәрілікке баспалдақ. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» .

Құран Кәрімде тек қырық жасқа толғандар үшін ғана дұға жазылғанын оқып, қайран қалдым. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Ахқаф» сүресінде: «Біз адамдарды жақсылық істеуге бұйырдық. Өйткені шешесі оны омыртқасын үзіп көтерді, сансыз бейнетпен босанды. Жүкті болу мен емшектен шығару  мерзімі қосылып отыз ай. Ол ер жетіп есейіп, қырық жасқа жеткенде «Раббым, маған және әке-шешеме  берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді; өзің разы боларлық ізгі амалдар істеуімді маған нәсіп еткейсің! Менің ұрпақтарымды да жақсы адам етіп түзей гөр! Шынымен тәубе еттім, мен енді нағыз мұсылманмын», – дейді.

Ислам ғалымдары бұл дұғаның маңыздылығын атап өтіп, қырық жасқа толып әрі жақсы амалдар жасаған пенденің дұғасының қабыл болатынын жеткізген. 

Мұның бәрі сөз орайында айтылып жатқан дүниелер ғой. Дегенмен Тургенов пен Құнанбаев тіршілік кешкен XIX-XX ғасырды бүгінгі XXI ғасырмен салыстыруға мүлде келмейді екен. Ақырындап интернетті ақтарып көрсем, мен ғана емес, бүкіл ғалам оқымыстылары «Уақыт зымырап өтіп барады» деп зар илеп жатыр ғой. 

 Батыс білгірлері жер шарында бүлкіл, яғни тамыр соғуы секілді тыныс бар екенін анықтапты. Бұл жүректің бүлкіліне ұқсайтын, соғуы тұрақты, секундына 7.8 ырғаққа сәйкес келетін дүние. Шамамен 1980 жылдан бастап Жердің бүлкілі жылдамдай бастапты. Қазіргі уақытта ол шамамен секундына 12 ырғаққа тең. Ең қорқыныштысы, кейбір оқымыстылардың есептеуінше, осы ырғақ секундына 13-ке жеткенде, Жер шары нақты түрде өз білігінен айналуын тоқтатады. Жер үш күн бойы айналмай тоқтап тұрады да, кері бағытқа айнала бастайды. Бұл магниттік полюстердің өзгерісіне алып келеді, ары қарай не болатыны белгісіз... Демек, 40 жаста жүзіміз жылтырап тұрса таңданбайық. Бұл – зырлаған уақыттың берген «жемісі». Тек ар-ұятымызды жоғалтып алмасақ болғаны... 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
30.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479