Құрметті «Qazaqstan dauiri» серіктестігінің ұжымы!
Сіздерді халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің шыға бастағанына 30 жыл және «Мөлдір бұлақ» журналына 20 жыл мерейтойларыңызбен құттықтаймын!
Газет «ZAMAN-Қазақстан» деп басталып, «Qazaqstan dauiri» деген атпен жалғасқан 30 жылдық жолында басылым шын мәнінде ұлттың үніне, ана тіліміздің жоқтаушысына, халықтың қолдаушысына айнала білді. «Qazaqstan dauiri» газеті – елімізбен қатарлас дамып келе жатқан тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының бірі. «Qazaqstan dauiri» газеті қай мәселені болмасын кәсіби тұрғыдан жан-жақты жазатын білікті журналистердің ортасы деп танимын. Қалам қуатына, өзінің көзқарасы мен негізгі ұстанымына адалдық газеттің қазақстандық медиа кеңістікте өз орнын ойып тұрып алуына жол ашты деп есептеймін. Бұл – тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің жемісі. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің асыға күтетін «Мөлдір бұлақ» республикалық журналы жас жеткіншектерімізге тәрбие бұлағы ретінде сусындатып, 20 жыл бойы көптеген отбасының асыға күтетін басылымы болып келеді. Ағымдағы балалар жылы журналдың дамуына ерекше қарқын беріп, келешекте де өзі бағындырған биігінен аласармай, жас зиялыларға қызмет ете беруіне тілектеспін. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымдарына шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін.