Құрметті «Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің ұжымы!
Еліміз жаңа тәуелсіздік алған жылдары бауырлас Түркия елімен ортақ мүдде мен мұрат жолында жарық көрген іргелі басылымға биыл 30 жыл толып отыр. Жүрегі қазақ деп соққан жампоздардың ерік-жігерінің арқасында жұмысын жемісті жалғап келе жатқан газет ұжымын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Газет 30 жылдық тарихында ұлттық мүдде мен елдік мұратты дәріптеп, ел руханиятының өзекті мәселелері жөнінде үздіксіз салмақты сараптамалық мақалалар жариялап, жаңа дәуірдегі қазақи болмыс пен сананың тереңдеуіне зор үлес қосып жатыр. Халықаралық басылым өндірісті өлкеде орын алған ірілі-ұсақты оқиғаларға да өзіндік үнін қосып келеді.
«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің қазақ тілінің қоғамдық мәртебесін нығайтуда, тарихи-танымдық ой-өремізді кеңейтуде, ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттауда қызметі ерекше. Газеттің алғашқы редакторы Қалтай Мұхамеджанов бастаған қабырғалы қаламгерлер қызмет еткен редакцияда бүгінде талантты тілшілер мен кәсіби мамандар еңбек етіп, ісі мығым, ұстанымы берік, отаншыл азаматтардың ізін жалғап, алға қарай нық адымдап келеді.
Әрдайым қазақтың рухын биік ұстаған басылымның ұжымына шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін!