Биыл Алматының «Қайраты» мен Ташкенттің «Пахтакоры» жолдастық кездесулер сериясын өткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы ойыны 25 ақпанда Ташкентте өтті. Жанкүйерлер әлі стадионға толық кіріп үлгермей жатқан тұста ойын бастала салып, небәрі үшінші минутта қақпаға бағытталған Драган Черан жойқын соққысымен есепті ашты, бірақ ойынның бірінші жартысының ортасында «Қайрат» та қалыспай тез арада жауап қайтарды. Гүлжігіт Алықұловтың басымен соққан голы есепті теңестірді. Үзіліске дейін өзбекстандықтар тағы да алға шықты. Екінші жартысының басында Жоау Пауло қайтадан есепті теңестіріп, «Қайраттықтарға» үміт сыйлады, бірақ қарсылас тағы екі рет гол соғып, тек ойынның соңында айып добынан «Қайрат» бразилиялықтың соққысымен жауап берді. Есеп 4-3 тартысты аяқталып, Өзбекстан чемпионы басымырақ түсті. Алайда қос ұжым жазда Алматыдағы Орталық стадионда ұйымдастырылатын қарымта матчта қайта жолығуды жоспарлап отыр. Осылайша Кеңес үкіметі кезінен Орталық Азия дербиі деген атқа ие болған бауырластық ойындар жалғасын таба бермек. Тіптен Ташкентте өткен ойынға Алматыдан арнайы бір топ жанкүйерлердің, оның ішінде Кеңес үкіметі кезінен бері қос ұжымның ойындарына куә болған ардагер жанкүйерлер де ат басын терлетіп келгенінен-ақ ойынның маңыздылығы мен қызықтылығын түсіне беріңіздер. Қос ұжымның да өткен күнінен сыр шертетін болсақ, тарихқа бай клубтар екені белгілі. «Қайрат» пен «Пахтакор» арасындағы бәсекелер әркез өте шиеленісті әрі қызықты өтетін. Стадиондарда ине шаншар жер болмайтын. Тіптен бұрындары бұл дербиге саяси мән берілетін. Өйткені қазақтар кімге есе жіберсе де, өзбектерден ұтылуды құп көрмейтін. Өздеріне намыс санайтын. Көршілеріміздің де ұстанған қағидаттары дәл сондай еді.
Қазақстан мен Өзбекстанның бас командалары КСРО чемпионаты мен КСРО кубогі жолындағы жарыстарда өзара 50 мәрте күш сынасқан екен. 21 рет «Қайрат» жеңіске жетсе, 18 рет «Пахтакордың» асығы алшысынан түсті. 11 бәсекеде тең есеп тіркелді. Жерлестеріміз 66 гол соқса, қарсыластар 61 рет нысананы дәл көздеді. 1956 жылдың 13 қыркүйегінде алматылықтар ташкенттіктердің қақпасына жауапсыз төрт гол соқса, 1984 жылдың 29 қыркүйегінде 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Өзбектер де қарап қалған жоқ. 1957, 1973 және 1974 жылдары жылы олар бізден 4:1 есебімен басым түсті. Бұлар – осы клубтардың арасында өткен бәсекелерде тіркелген ең ірі есептер. Байыптап қарасаңыздар, басымдық сәл болса да «Қайрат» жағында. 1962 және 1982 жылдары КСРО чемпионатында «Пахтакор» алтыншы орынды иеленді. Бұл – өзбекстандық команданың аталған жарыстағы ең үздік нәтижесі. 1968 жылы олар КСРО кубогінің финалында ойнады. Шешуші тұста ташкенттік ұжым Мәскеудің «Торпедосынан» 0:1 есебімен ұтылды. «Қайрат» одақ чемпионатындағы ең үздік көрсеткішіне 1986 жылы қол жеткізді. Сол маусымды олар жетінші орынмен қорытындылады. 1963 жылы КСРО кубогінің жартылай финалында өнер көрсетті. Бұл жағынан «Пахтакордың» көші ілгері. Десек те 1971 жылы алматылықтар Халықаралық теміржолшылар одағы мен 1988 жылы КСРО футбол федерациясы кубогі жолындағы жарыстарда бас жүлдені олжалағанын естен шығармағанымыз абзал. Ал «Пахтакор» болса, ондай табысымен мақтана алмайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тәуелсіздік алғаннан кейін аталған командалардың жолдары екіге айырылды. Бұл күндері әркім өздерінің ішкі жарыстарында өнер көрсетуде. 1992-2022 жылдар аралығында «Пахтакордың» Өзбекстан чемпионатында қол жеткізген көрсеткіші мынадай: 15 алтын, 6 күміс және 2 қола. Ел кубогін олар 13 рет ұтты.
«Қайраттың» Қазақстан чемпионатындағы нәтижесі: 3 алтын, 5 күміс және 6 қола. Кубоктық сайыста алматылықтар 10 мәрте бас жүлдені олжалады.