Алматылық «Қайрат» футбол клубының тағдыры не болмақ? Елімізде қазақ футболының дамуына үлес қосып жүрген жалғыз жекеменшік құрама қала меншігіне өте ме? 70 жылға жуық тарихы бар, халықтық командаға айналған «Қайрат» футбол клубы 2011 жылдан бері ірі кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі. Наурыздың 15-і күні қамауға алынған кәсіпкердің тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Ал «Қайрат» футбол клубының алдағы тағдыры әлі де белгісіз. Боранбаев қамалғаннан кейін құрама 7 ойында 1 ғана жеңіске жетті. «Басшылары қамауға алынды» дегенді естіген ойыншылар«ақша төлемейді» деп,ойынға құлшыныстары өшіп, әсіресе шетел футболшылары өзінің басшыларын емес, өз қалталарын уайымдай бастаған секілді. Ондай болса неге «Қайрат» футбол клубын толықтай қала меншігіне өткізіп, ақшасы аз болса да,өз қалтасын емес, ел намысын ойлайтын жергілікті футболшыларымызды ойнатқызбасқа? Боранбаев тұсында тағы бір қазақ футболының дамуына үлес қосқан нәрсе– елімізде бұрын-соңды болмаған футбол академиясын ашуы, бірақ одан қазақ футболы дамып кетті деп айту қиын. Бұл академияның ауыз толтырып айтарлықтай жемісін көрген жоқпыз. Неге дейсіз ғой? Өйткені аты-шулы академияға ауылда топырақта аунап, доп теуіп жүрген қазақтың қарапайым баласы түсе алмайды. Бұған түсетіндер тек қана ақшасы бар,«Бәке, Сәкенің» балалары, ал ол балалар жиырмаға таяған шақта ақшаның дәмін сезіп, ішіп-шегіп, қыдырғыш болып, футболдарын тастайды. Осыдан кейін қазақ футболы қайдан дамысын? «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген сөз бар қазақта, ал «аяғы қисық болса да, бай баласы ойнасын» дегенге сіз қалай қарайсыз?
Одан бөлек осы уақытқа дейін Боранбаев иелік еткен қаламыздағы ЖШС «aParking»тұрақтары мен «ФИТОХИМИЯ» ғылыми-өндірістік кешені мемлекетке қайтарылды.