🔹Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Пәкістан Ислам Республикасының Лахор қаласындағы Құрметті Консулы және «Habib Syndicate» бас директоры Рао Халид Махмудпен және «Green Earth Recycling» ЖШС директоры Зафар Жаведпен кездесті.
🔹Басқосу барысында тараптар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өзара тиімді жобаны іске асыру жөнінде ұсыныстарды талқылады. Пәкістандық бизнес өкілдері мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, аталған өндірісті жолға қойып, тәжірибелерімен бөлісуге ниетті екендіктерін жеткізді.
🔹Шаһар басшысы өз кезегінде бұл жобаға қызығушылық бар екенін айтып өтті.
– Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісіне қызығушылықпен қатар сұраныс та бар. Дегенмен, оны тек инвесторлардың қаржысы есебінен ғана жүзеге асыруға болады. Егер бұл бизнесті дөңгелетуге мүдделі инвестор табылатын болса, біз өз тарапымыздан жерін бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Әуелі нақты өз ұсыныстарыңызды бізге жолдаңыздар. Соған орай біз жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Содан соң тиісті шешімдер қабылданады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға әзір екенін тілге тиек етті.
📌Бүгінде облыс орталығы аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Бұл қызметпен 7 мекеме айналысады. Аталған жұмыстарға 56 бірлік техника тартылып, 155 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіледі. Қаладағы 328 тұрмыстық қатты қалдықты тастауға арналған алаңшалар 1540 дана жәшікпен қамтылған. Өткен жылы жаңа 520 жәшік сатып алынып, тозығы жеткендерімен алмастырылды.