Тараз қаласының орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілері 18,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,5 тонна шұжық өнімдері, 6,4 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4,0 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,6 тонна балық, 6,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 127,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін төмен бағамен ұсынды. Мәселен, жылқы еті - 2500, сиыр еті - 2300, қой еті - 2100, сүт өнімдері түрлеріне қарай 270-1000 теңге және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 100-300 теңге аралығында саудаланды.
Талас ауданынан келген «Зерхат» шаруа қожалығының басшысы Еркен Мейірбековтің айтуынша мұндай жәрмеңкелер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа сатуға көп септігін тигізеді екен. - Себебі, біздің өнімдеріміз ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдер. Ал, мұндай өнімдер ешқашан халықтың сұранысын төмендетпейді - дейді қожалық басшысы.
Ал, қала тұрғыны Эльвира Дәулетбекқызы «Мұндай жәрмеңкелер біздің қалтамызға өте қолайлы. Мысалы, пияздың келісін - 60 теңгеден алсам, картоп пен сәбізді 100-180 теңге аралығында сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір тиімді. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі болып тұрса біз тек қуанамыз», - дейді.
Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы келіп, қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге сөрелерді аралап көрді және шаруалармен тілдесіп, халыққа өткерілетін өнімдердің сапалы болуын әрі қойылған бағалардың тұрақтылығын сақтау керектігін атап өтті.
Жалпы қолжетімді бағаға азық-түлік алып, жәрмеңкеге көңілдері толған шаһар тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.