ҚАЛАДА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ТАРТЫСТЫ ТУРНИР ӨТТІ.
Қарттар күні мерекесіне орай Шу қалалық әкімдігі мен қала жастарының бірлесе ұйымдастыруымен ардагерлер арасында тастаяқтан турнир өтті. Бабы келісіп, бағын сынауға келгендердің көпшілігі 63 пен 80 жас аралығында.
Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімі Елдос Нұралиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мэлс Бейсембаев қатысты.
-Бүгінгі турнирдің басты мақсаты-ардагерлерімізге мерекелік көңіл-күй сыйлап, бір-бірімен дидарластыру, бос уақыттарында аз да болса спортпен шұғылдануларына жағдай жасау болды.
Біздің бастамамызды қолдап, қатысып жатқандарыңызға рақмет.
Алдағы уақыттарда да мұндай шараларды ұйымдастыра беру жоспарымызда бар. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын,-деді қала әкімі.
Аталған сайыста ардагерлер турнир басталған сәттен дәлдік пен ептіліктерін, жақсы ойын өрнегімен жарыс көрігін қыздыра түсті.
Жарыс жеңімпаздары арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.
Бірінші орынға қазақы ер-тұрман, екінші орынға массаж аппараты, үшінші орынға домбыра берілді.
Қалған қатысушыларға оюлы қамшылар сыйға тартылды.