Әр мектепте пән онкүндіктерін өткізу дәстүрі бар. Сол игі дәстүрге сай М. Б. Темиргалиева басқарып отырған №156 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігі өз онкүндігін ақпанның ортасында жариялады. Әдеби іс-шаралар, ашық сабақтар, өзара тәжірибе алмасу алаңының қызған шағы да осы болды.
Ақпанның 12 жұлдызында аталмыш мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері Ф. А. Абдрасилова, А А. Тульбаева, Н. Е. Сарсенбаева ұйымдастырған қаламгермен кездесу өтті. Кеш қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жазушы, сыншы, драматург, ұстаз Айзат Рақыш. Кештің бір жаңалығы – назарға электронды көрменің ұсынылуы. Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданған А. А. Тульбаева жазушының әрбір туындысына жасанды интеллектінің көмегімен иллюстрация салып, көркем шығарманы QR арқылы оқуға мүмкіндік туғызды. Кездесу кеші К. Имангазиеваның жетекшілігімен «Жеті өнер» шығармашылық орталығы өнерпаздарының орындауындағы «Балбырауын» күйімен ашылды. Кеш жүргізушілері мектеп оқушылары Арыстанбек Нұрхат пен Жұмағали Жанайым қаламгердің түрлі шығармаларымен танысқан бала оқырмандарға кезек берді. 5-7-сынып оқушылары Айзат Рақыштың әңгіме-хикаяттарын оқығаннан кейінгі әсерлерімен, түйген ойларымен бөлісті. Әрбір оқырманның сөзінің соңы жазушыға деген алғыспен аяқталды. Кеш соңында жазушының таяуда шыққан «Анамыз бір, алайда...» кітабының тұсауын әріптес оқырмандары Н. С. Малданбаева мен Ф. А. Абдрасилова кесті. Қазақ салтымен шашу шашылып, жазушыға мектеп ұжымы атынан естелік сыйлық табыс етілді. Айзат Рақыш бала оқырмандарына ақ тілегін жаудырып, мектеп кітапханасына «Анамыз бір, алайда...» кітабының бірнеше данасын сыйға тартты. Әдістеме бірлестігінің жетекшісі А. С. Касайнова пән онкүндігі аясында бұл аптада білім ордасына арнайы шақырылған тұлғалар легі толастамағанын, бұған дейін жазушы Ерболат Әбікенмен әдеби кездесу болғанын мәлім етті. Әдебиетті шын сүйген ұстаздардың тәлімін көрген оқушылар да нағыз оқырманға айналғандарын айқын көрсетті.
Нұрай ЭРИКҚЫЗЫ,
Алматы қаласы














