Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде тазылар жарысы өтті. Шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ден астам тазы асыраушылар қатысты. Олар төрт аяқты достарының ептілігі мен кербездігін көрсетіп қана қоймай, арнайы ұйымдастырылған көрмеде тазы тұқымының барлық артықшылықтарын көкпшілік назарына ұсынды.
«Қансонар-2022» ұйымдастырушысы – Ақтоғай ауданының тұрғыны Құрмаш Нұрпейісов. Ол нағыз қазақи аңшы иттердің жанкүйері және тәжірибесі мол аңшы.
– Мен ауданның қарапайым тұрғынымын, «Ақтоғай Энерго» кәсіпорнында учаске бастығы болып жұмыс істеймін. Мен тазыларды, аң аулауды жақсы көремін. Менде жеті тазым бар. Жұбайым мен балаларым да менің иттерге деген сүйіспеншілігімді қолдайды және оларды асырауға көмектеседі. Тазы – отбасымыздың мүшесі, – дейді Құрмаш Нұрпейісов. – Мұндай ауқымды жарыстарды мен бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқпын. Мен сондай-ақ олардың демеушісі боламын. Керемет бай емеспін, бірақ бұл шараларды жандандырып, қолдау керек деп санаймын. Себебі, тазы – халық қазынасы, біздің мақтанышымыз. Биыл біз 5 км қашықтытқты бағындырдық. Бұрын 2 және 3 км жарыстар болған, ал бүгінде біз қазақи тазылардың 5 шақырымды да оңай бағындыра алатынын дәлелдедік.
Тазының жүгірісінен басқа, иттер көрмесі және бүркітпен аң аулау ұйымдастырылды. Жарысты қарашай жылқыларын тізгіндеген шабандоздар ашты.
– Бұл бүкіл Шашубай үшін маңызды іс-шара болды. Барлығы ат салысты.
Біздің әйелдер ұлттық жейделерде қонақтарды қарсы алып, тамақтандырды, – дейді жарыс ұйымдастырушысы. – 5 км жүгіруде бірінші болып жеті тазы келді. Бірінші орынды Балқаштан келген, екінші орынды Қостанайдан, үшінші орынды Көкшетаудан, төртінші орынды біздің облыстан, бесінші және алтыншы орынды Алматыдан әкелген тазылар және жетінші орынды да біздің өңіріміздің иті иеленді. Жеңімпаздар қарашай жылқысымен және ірі қара малмен марапатталды.
Бірінші орын алған тазының иесіне мен қарашай тұқымды жылқымды, қалғандарына – ІҚМ сыйладым. Жетінші орын үшін ешкі берілді.
«Қансонар-2022» қатысушылары да назардан тыс қалған жоқ. Олардың барлығы алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Алматыдан келген бүркітшілер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Шашубайда үш жүздің басын қосқан осындай ауқымды іс-шараның ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Мен Тараздан келдім. Қазір жасым 80-де. Бірақ балалар осында келуді ұсынғанда, мен бірден келістім. 7 жасынан бастап тазыға, 15 жасымнан көкпарға қатысып, күреспен айналысқанмын. Мұның бәрі біздің байлығымыз, дәстүріміз. Қазақстанда осындай іс-шараларды жандандырып, ұлттық рухты көтеру керек, – деп санайды жарыстың ең қарт қатысушыларының бірі Сәтмақан Жолтаев.