Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында қар суынан мектеп қабырғасы құлап қалды. Тұрғындар мектеп ғимараты салынған уақыттан бері жөндеу көрмегенін айтты деп хабарлады turkystan.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
«Мен өзім осы мектепте оқығанмын. Кеше сыныптастарым суреттер жіберді. Барлық құжаттар, кітаптар мен жиһаздар жарамсыз болып қалған. Бұл корпуста бір оқу сыныбы, директор кабинеті, кітапхана мен спорт залы орналасқан. Оқиғадан кейін мектепке Қоскөл ауылдық округының әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы келді. Көмектескен жоқ, арнайы техника мен күректері де болмады», – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Сағынғалиева.
Оның айтуынша, мектептің іргетасы 1988 жылы қаланған және қазірге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауыл мектебінде қазір 37 оқушы білім алады.
Қаратөбе әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мектеп ғимараты екі бөліктен тұратынын айтты. Алғашқысы 1967 жылы, екіншісі 1988 жылы салынған. Қабырғасы құлаған бөлігін 1988 жылы ауыл тұрғындары өздері салған екен.
«1988 жылы ауыл азаматтары салған корпустың қабырғасы құлады. Жалпы аумағы 114 шаршы метр және төрт кабинеттен тұрған. Іргетасы тым төмен болғандықтан, қар суы жиналған. Саман қабырға шыдамай, құлап кеткен. Өзге корпустар зақымдалмады, оқу штатты режимде жалғасып жатыр», – деді Жасұлан Сұлтан.
Бұдан бір жыл бұрын мектепте техникалық тексеріс жүріп, ғимарат апатты деп танылған. Жасұлан Сұлтан келесі жылы жаңа мектеп салу жоспарланғанын мәлімдеді.