Сенаттағы парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр: «Біз Қарағанды – Балқаш жолын салу жұмыстарына қатысты тиісті жоспарды түзеттік, алайда қаржыландыруға қатысты мәселе бар. Республикалық жолдар республикалық бюджеттен және несие есебінен қаржыландырылады. Бұл жобаға қатысты жоспарға өзгеріс енгізіліп жатыр. Қарағанды – Балқаш жолын қайта салу 2018 жылы басталып, аяқталатын мерзімі 2023 жылға жоспарланған. Мердігерлер жобаны түзетуді аяқтады, енді оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастырып жатыр», – деді. Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр күзде сенаторлар Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына автомобиль жолдарын жаңғырту мәселелері туралы сауал жолдады. Осы орайда Қарағанды – Балқаш тасжолының құрылысын қаржыландыру мәселесі көтерілген-ді.