Қарағанды облысында мемлекеттік спорт тапсырысына бюджеттен миллиард теңге бөлінді. Секцияларда 13 мыңға жуық бала, соның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар тегін айналысады.
Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында мәлімдеді.
– Жоба іске асырылған күннен бастап спорттың 24 түрі бойынша қызмет көрсетушілерден 182 өтінім мақұлданды. 2022 жылы спорттық тапсырыспен 12 901 бала айналысады. Жобаға облыстың бес қаласы мен 11 ауылдық округі жұмылдырылды. Шұғылданушылар арасында халықтың әлеуметтік осал топтарынан 723 бала бар. Мүмкіндігі шектеулі балалар шахмат және бейімделген таэквондо секцияларына қатысады. Облыстағы жұмыстың тиімділігі үшін бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығы ашылды, оған мемлекеттік спорттық Тапсырыс операторының функциялары берілді, – деп баяндады Темірхан Абылаев.
Ол қызмет көрсетушілердің жұмыс сапасына мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Облыста 46 мемлекеттік спорт мекемесі жұмыс істейді. Оларда 34 мыңнан астам бала оқиды. Барлық секциялар тегін. Жаттықтырушылар штаты толығуда.
Спорт мектептері мүмкіндігінше көп балаларды тарту үшін Ашық есік күндерін өткізеді. Қажетті ақпаратты басқарманың және спорт ұйымдарының сайттарынан, сондай-ақ eSPORTkrg мобильді қосымшасынан алуға болады.