Өткен жылы Қарағанды облысында ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген жас педагогтарға 24 қызметтік пәтер бөлінді. Бүгінгі таңда Абай ауданында, сондай-ақ Приозёрск және Жезқазғанда жас мамандарға арналған тұрғын үйлер берілмек.
Сондай-ақ ЖОО түлектері тұрғын үйді жалға алу, коммуналдық қызметтер үшін өтемақыға және үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақыға үміттене алады.
– Ауылдық аудандар мен қалалар әкімдеріне "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша аудандарға баратын жас мамандар үшін баспана санын анықтауды тапсырамын, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек басқарма басшыларының қатысуымен өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында. – Басқа жолмен біз жас мамандарды ауыл мектептеріне тарта алмаймыз.
Сондай-ақ, өңір басшысы педагог кадрлардың кәсібилігін және олардың әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды.
– Әлеуметтік желілерде жекеменшік балабақша қызметкерлері тарапынан балаларға дөрекі қарым-қатынас туралы жарияланымдар тарап жатыр. Білім басқармасы шағын бизнесті тексере алмайды, мүмкіндігі шектеулі. Алайда, ондай мекемелердің басшыларына қызметкерлердің психологиялық жай-күйін, тамақтануын, өрт қауіпсіздігін бақылау үшін әсер ету тетіктерін табу керек. Олар өз мекемелерінің беделі үшін мүдделі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Біз балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жайлы, достық атмосфера құруымыз керек.
Биылғы оқу жылында жұмысқа мыңнан астам адам қабылданды, оның ішінде 432 жас маман. "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне 200 түлек жіберілді.
Биылғы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша барлығы 1 349 студент бітіріп шығады деп күтілуде.
Өңірде педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету бойынша кешенді бағдарлама әзірленуде. Ол мамандарды жұмысқа орналастыруға ғана емес, оларды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге де бағытталған