Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінің сегізінші сынып оқушысы Арай Райымбекова XV "Бұқарекең жырлайды" байқауының жүлдегері атанды. Оқушы ақынның 80-нен астам шығармасын жатқа біледі.
Бұқар жыраудың шығармашылығына арналған дәстүрлі байқау Ботақара кентінің мәдениет үйінің сахнасында 55 адамның басын қосты. Олар ақын және оның шығармалары туралы білімдерін көрсетті.
Аудандық байқаудың салтанатты ашылуы театрландырылған көрініспен сүйемелденді. Фойеде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.
"Біз жыл сайын "Бұқарекең жырлайды" байқауын өткіземіз. Шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады, жас шектеулері жоқ. Біздің басты мақсатымыз – Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығын насихаттау", – деп атап өтті байқауды ұйымдастырушылар.
Он үш жасар Арай Райымбекова Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінде оқиды және "Руханият" қосымша білім беру мектебі жанындағы шығармашылық үйірмеде айналысады. Ол Бұқар жыраудың шығармаларын өткен жылдың қыркүйек айында жаттай бастаған.
– Мен өткен жылы да байқауға қатыстым, Бірақ ол кезде тек алғыс хат алдым. Биыл ұлы ақынның шығармаларын мақсатты түрде жаттай бастадым. 80-нен астам туындыларын жаттадым. Байқауда олардың кейбірін оқыдым. Мойындаймын, толқу болды. Бірақ, соған қарамастан, мен бірінші орынды жеңіп алдым. Маған 40 мың теңге мен диплом табыс етті, – деді Арай.
Қатысушылар төрт номинация бойынша жарысты. Олардың әрқайсысында жеңімпаздар анықталып, олар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алып, ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ, ондаған қатысушылар жұбаныш сыйлықтарына ие болды.