Қарағанды техникалық университетіне академик Әбілқас Сағыновтың есімі берілді. Ол 30 жылдан астам уақыт Қарағанды тау-кен, содан кейін политехникалық институтын басқарды (1955 жылдан 1988 жылға дейін).
Университеттің жаңа мәртебесі – академик Әбілқас Сағыновтың отандық ғылым мен жоғары білімді дамытудағы еңбегін мойындау. Ол оқу процесін ұйымдастыру, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы мен материалдық базасын нығайту, өнеркәсіп үшін жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Сондай-ақ ғалым Қазақстанның тау-кен ғылымы мен тау-кен өндіру саласының дамуына өз үлесін қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен жүргізілген зерттеулердің нәтижелері тәжірибе жүзінде қазіргі уақытқа дейін кеңінен қолданылады.
Әбілқас Сағынов жұмыс істеген уақытта 11 техника ғылымдарының докторы және 50-ден астам кандидаты даярланды. Инженерлік кадрларды даярлаудағы, ғылыми зерттеулер жүргізудегі және олардың нәтижелерін өндіріске енгізудегі ерен еңбегі үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Бүгінде Қарағанды техникалық университеті еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады және беделді әлемдік университеттер рейтингіне – QS World University Ranking кіреді.