Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысын құру туралы бастамасын қолдады. Шешім кезектен тыс XI онлайн сессияда қабылданды.
– Облыста Ұлытау облысын құрудың әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешудің алгоритмі әзірленді. Барлық қажетті жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады. Жүргізіліп жатқан қайта құруларға ғылыми сараптама және экономикалық есептеулер жүргізу мәселесі пысықталуда, – деді экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова жаңа өңірге атау берудің заңнамалық тәртібін түсіндірді. Материалдар тиісті қорытынды алу үшін Республикалық ономастикалық комиссияға тапсырылуы тиіс.
Депутаттар Мемлекет басшысының бастамасын қолдап дауыс берді. Жұмыс белгіленген алгоритм бойынша жалғасады.
Еске салайық, Президент «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуына үлкен үлес қосатын бірнеше бастамалар мен реформаларды жариялаған болатын. Оның ішінде әкімшілік орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын құру бастамасы да бар.