Әкімдер мен журналистер арасында (немесе халықпен) бұрыннан келе жатқан текетірес дей ме, әлде түсінбеушілік пе, әйтеуір олармен жиі-жиі шекісіп қайта табысып жатамыз. Біздің діттегеніміз – халықтың жанайқайын жеткізу. Неге екенін кім білсін, әкімдер көбінесе мұны түсінбей, журналистермен кездескісі келмейді. Олар неғұрлым бізді қабылдағысы келмей небір сылтауларды айтып, қашқақтайтыны өмірдің шындығы.
Өткен нөмірімізде газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызының «Қазақ баспасөзі қамқорлыққа зәру» атты мақаласы шықты. Мақаланың басты мақсаты әкімдердің немқұрайлылығы, салғырттығын міней отырып, халықпен, журналистермен тығыз байланысқа шақырады. Себебі журналистер – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Егер өзара тығыз байланыс болса, қалың бұқараның жанайқайы, назасы, ашуы азайып, елдің билікке деген көзқарасы түзелер еді.
Кәнігі, тәжірибесі, көргені мол, қаламы қарымды Сәуле Мешітбайқызы жасына қарамай елді көп аралайды. Ондайда өңірлерге бару үшін әкімдердің рұқсаты керек. Міне, осы жерде қиындық туындайды, әкімдердің, жоғарыда айтқанымыздай, қолдары тие бермейді. Халықпен жиі жүздескеннен кейін журналистің қоржынында олардың жанайқайлары жетіп артылады. Бір жағынан елдің анасы болған соң, тек өзі басқарып отырған басылымды ғана емес, өзге де жағдайы мүшкіл қазақ баспасөзін де ойлап, толғанады. Міне, осы мақалада соңғы жылдары көкірек сарайына жинақтаған ой-толғамдарын ортаға салған журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерінің мақсатының, айтқанының дұрыстығына көзің жетеді.
Осы көкейтесті мәселе біздің де көкейімізде жүрген біраз жайттарды қозғап, қолға қалам алуға мәжбүрледі. Алматы облысы Қарасай ауданының әкімшілігімен соңғы екі жылда тығыз байланыста болуымызға тура келді. Қарасай ауданының Алматы қаласымен шекаралас бірнеше ауылы бар. Соның бірі – 40 мың тұрғыны бар Кемертоған ауылы. Ауыл тұрғындары проблемаларының ушыққаны соншалық – шыдамай біздің газетке келді. Оның жай-жапсары жайлы көзі қарақты оқырман жақсы таныс деп ойлаймыз. Қысқасы, Кемертоғанның шешілмей жатқан түйткілді мәселелері жайында газетімізде үзбей сыни мақалалар жаздық. Әкімшілік мұнымызды жақтырған жоқ. Күрес, тайталас, шайқас екі жылға созылды. Ақыры әкімшілік мәмілеге келіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешуге тырысты. Шешті де. Қырсықпаса, мәселе түйіндері шешіледі екен. Қазір ауыл жағдайы біртіндеп түзеліп келеді.
Дегенмен біз әкімшілікпен тағы да байланысып қорытынды, түйінді мақала жазуға оқталдық. Себебі Кемертоғанда ғана емес, өзге ауылдарда проблемалар бар. Аудан әкімімен кездесіп, осы мәселелер бойынша әңгімелескіміз келді. Аппарат жетекшісі Ержас Серғазыұлы Тоқтасынов мырзамен кездесіп, мән-жайды түсіндірдік. «Сұрақтарыңызды жіберіңіз. Әкіммен кездесесіздер» деп ол нық жауап қайтарды. Сұрақтарды жібердік. Міне, содан бері үш ай уақыт өтті. Ержас уәдемен тойдырды. Өтірікші сонда кім? Аудан әкімі ме, әлде аппарат жетекшісі ме? Біз осыған түсінбей далмыз. Яғни олар бізді ғана емес, елді де осылай алдап, сүйретпеге салатыны анық қой. Жетпістен асқан ақсақалмын. Әкімнің оң қолы Ержастың бұл қай мазағы? Шүкір, Алматы облысының, қаласының талай әкімдерімен кездесіп жүрміз. Мұндай проблема болған емес. Мұның қалай, Ержас балам! Неде болса да шындықты неге айтпайсың? Бастығы қабылдамаса, оны айтсын! Осылай өзіңе газет арқылы шығуға тура келді. Сіздердің уәждеріңізді де газетке жариялауға біз әзірміз.