Қарға тамырлы қазақпыз

Қарға тамырлы қазақпыз

Ештеңе жазбауға бекінген едім. Бұл жазбаны оқалы жандаралдардың оқитынына да күмәндімін. Бірақ әлеуметтік желілердегі, "Азаттық" секілді кей ақпарат құралындағы тергеу-тексерусіз темір торға тоғытылған отандастардың абақтыда көрген азаптау туралы айтқандарынан аза бойым қаза болып, қауқарым келетін қаруым - қаламды қолға алдым.

Конституциясында өзін зайырлы, демократиялық, ал ең бастысы құқықтық мемлекет ретінде жариялаған мемлекетте ортағасырлық инквизиция жүріп жатыр ма деп шошисың. 

Абақтыда азап көргеннің дені қазақ, оны аяусыз сабап, мүгедек қылып, тіпті өлтіріп қойып жатқандардың да дені қазақ! "Қарға тамырлы қазақпыз" деген ата-баба ұстанымын қашаннан тәрк еткенбіз? 

Қасқалдақтың қанындай ғана аз қазақ бір-бірімізді аяулаудың орнына, аямауға көштік. Бауырыңның бауырын езіп, қарындастың қанын төккеннен шығар пұшпағың қайсы? Жүздеген неміс солдаты мен офицерін өз қолымен жер жастандырған батыр Қасым Қайсенов жауды өлтіргеннің өзінде жүрегі қан жылағанын айтқан еді. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан соң "қазақ қыз-жігіттерінің қан-жоса болғанын көргенше, соғыста өлгенім артық еді" деп күңіренген Жұбан Молдағалиев бүгін не дер еді?

Өз қандас, қарындасыңа қарата шүріппе басқанда селт етпеген неткен тасжүректік?

Тәртіп солай, заң солай, бұйрық күшті дерсіз. Иә, заңға бағыну керек, тәртіпті тәрбиенің темірқазығы деп қабылдауға міндеттіміз! Бірақ тасқа басқан заңнан басқа, Құдайдың жаратылысымен келген Ар заңы бар емес пе?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеңгендер Германияны екіге бөлгені мәлім. Екі елдің ортасына дуал салды. 

Кеңес Одағына қарасты ГДР-ден ГФР-ге қашатындар көп болды. 1963 жылы ГФР соты шекарадан қашып өткен бұрынғы шекарашы Фриц Ханкені соттайды. Себебі бір жыл бұрын ол өзі секілді ГФР-ге қашып өтпек болған 19 жастағы Петер Райшты атып өлтірген.

Офицер бұйрықты орындағанын, өзі өмір сүрген ел заңының талаптарына бағынғанын айтады.  Бірақ судья оқ атуға бұйрық берілгенімен, ол адам өлтір дегенді білдірмейді, демек офицердің өзі осылай шешім қабылдаған деп табады. 

"Ол бұйрықты орындау үшін дәл басынан немесе жүрегінен көздемеуіне де, тіпті мүлт кетуіне де болар еді. Ешбір авторитарлық режим жағдайы, ешқандай әскери тәртіп қарусыз адамды өлтіргені үшін қылмыстық жауаптан құтқармайды", - деп тұжырады.

 

Мұндай жауыздық жазасыз қалмайды. Оның ең ауыры - Ар жазасы. Ең қатігез, тіпті айуан жендеттің өзі Ар сотының қыл арқанынан құтылмаған. Ал кейде адамның соты да жаза кеседі. Мұны азаптау мен көзсіз атуға бұйрық бергендер де, оны орындаушылар да білуі керек! Бұл құлқыны үшін лаң салғандарға да қатысты!

 

Бірнеше күн бұрын Германияда Сирия арнайы қызмет органының бұрынғы полковнигі Анвар Р. өмірбақи түрме жазасына кесілді. Германияға саяси бассауға сұрап келген полковник 4 мың азаптуға, 30 кісі өліміне және үш әйелді зорлауға кінәлі деп танылды. 

 

Абақтыдағы азаптауларға оралайық! Неге бұлай болды? Өйткені отыз жылда парамен жұмысқа тұрып, парамен өмір сүретін, бастықтары қарамағындағыларын адам құрлы көрмейтін, қорқытып-үркітумен, алдап-арбау, арандатумен, көз бояумен жұмыс істеуге бейім полиция институтын құрдық. 

Менің әкемді бәріміз керітартпа жүйе деп жамандайтын Кеңес заманында жүйке тамырына суық тигеніне бола жоғарғы милиция мектебіне оқуға қабылдамаған. "Соның салдарынан шарт ашуланып, адамды атып тастауың мүмкін" деп түсіндіріпті. Ал қазір әскери билетің мен сұраған ақшасы, тамыр-танысың болса, жындысүрейдің де полицей болуы ғажап емесін қарайған халық біледі.

 

"Жаңа Қазақстанды" ескі күш құрылымдарымен құруға бола ма? Жұрт "Жоқ" деп кесіп жауап беріп жатыр! Бір күнде бір ғана бұйрықпен бүкіл полицейді жұмыстан шығарып, қатаң талаппен жұмысқа іріктеген Саакашвили де осылай ойлаған. Онысы дұрыс болғанын уақыт көрсетіп отыр. Мұндай реформа жасау тек президенттің қолында. 

 

Ал біздің қолдан келер қайран қолында заң күші барларға тағы қайырылып: Қандасыңның қанын мойынға жүктеме! Қарғыс арқалама деу ғана! Әрине тыңдар құлақ, естір жүрек болса!

Дәнеш Байболатовтың фб парақшасынан
16.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 119
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 118
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 634
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 752
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 665
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 677

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8811
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8210
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11437
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9192
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10421