Қайырымдылық айлығы аясында Орал қалалық кітапханалар жүйесі осындай атаумен мерекелік кездесу ұйымдастырды.
Даналықтың алтын кілті – ата-бабаларымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Қария деген сөз – елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөленіп, шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі.
Біздің мерекелік кездесу өткізудегі басты мақсатымыз – оқырмандарды адамгершілікке, қайырымдылыққа, жақсы үлгі-өнегеге, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, мейірімділікке, қарияларды құрметтеуге тәрбиелеу. Кездесу шарасына кітапханамыздың оқырман қариялары қатысты. Шара барысында №16 кітапхана-филиалы жанынан ұйымдастырылған «Ақ кимешек» әжелер үйірмесі, «Қарақат» мектеп студиясы, «Мектептен тыс жұмыс орталығы», «Жұлдыз-ай » би студиясы, Кәусар Мұхтарова, Мөлдір Базарбай өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен бірге өлеңдер оқылып, сергіту ойындары ойнатылып, «Жеті өнер» үйірмесінің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Іс-шараға қаладағы «Стекло Сервис» ЖШС құрылтайшысы және директоры, депутат Аркадий Рубцов демеушілік көрсетіп, сыйлықтар табыстады.
Бүгінгі жас, ертеңгі – қария. Мұны әрбір қазақ азаматы жадында сақтап, көңілге түйіп, атасыз үйлері – батасыз, анасыз үйлері – панасыз қалатынын ескергені дұрыс. Қарттарымыз – бағасыз байлық, олардың төрімізде отыруының өзі – бір бақыт. Сондықтан қарияларымызды құрметтейік, оларға өмір бойы борыштар екенімізді ұмытпайық!