Тіл тазалығы үшін күрес майданы
Тіл таяқ жегелі қашан. Көптік жалғау мен зат есім тудырушы етістіктер көрінген сөзге жалғанып, тікелей аударма, яғни калька түрінде баспасөз беттерінде, теледидарда, радиода, тіпті әдеби көркем шығармаларда да белең ала бастады. БАҚ өкілдері ең алдымен сөзін түзесе дейміз. Жоқ, біз баяғы шешендердей шешіліп, архаизмдерді қайта қолданысқа енгізу керек деп тұрған жоқпыз. Дегенмен қарапайым грамматикалық қателікке жол бермесе деген тілек бар. Сол үшін төменде «Журналист парызы» кітабынан үзінділер келтірсек пе дедік.
Сөз бен жұрнақтағы шалағайлық
Ең алдымен дық, лық, тық, дік, лік, тік, шыл, шіл жұрнақтарына бітетін сын есімдерді қолдануда ала-құлалық көп. Бұл жөнінде қалыптасқан дұрыс тәжірибе мынадай. Қазақ тілінің нормаларына сәйкес адам жөнінде, сондай-ақ адам өмірімен тығыз байланысты партия, ұйым, қауым, қоғам, тап, топ жөнінде шыл немесе шіл қосымшалы сын есімдер, ал адамның іс-әрекетін сипаттау үшін басқа жұрнақтарға бітетін сын есімдер қолданылуға тиіс. Мәселен «прогрессивное человечество» – «прогресшіл адамзат», «прогрессивное общество» – «прогресшіл қоғам», «прогрессивное движение» – «прогрестік қозғалыс». Айта кету керек кейбір жолдастар жұрнақтардың осындай ерекшеліктерін ажырата білмей, түрліше қолданылып жүрген белгілі бір сын есімдерді дублет сөздерге жатқызады. Бұл дұрыс емес. Мәселен баспасөзде «прогрессивный строй» деген күрделі терминнің төрт түрлі нұсқада – «прогрессивтік құрылыс», «прогресті құрылыс», «прогрестік құрылыс», «прогресшіл құрылыс» – деп жазылуында ешқандай дублеттілік жоқ, өйткені бұлардың ішіндегі бірден-бір дұрыс нұсқа – «прогрестік құрылыс», ал басқалары – тек ұқыпсыздық пен шалағайлықтың нәтижелері.
Тағы бір қатты ескеретін нәрсе, дублеттерді синонимдермен шатастырмау керек. Өйткені синонимдер тіл байлығына жатады, сондықтан бұлардың әрқайсысын өзінің мағыналық өресінде саралап пайдалана білу шарт. Бұл жерде филология ғылымының докторы К. Ахановтың «Қазақстан коммунисі» журналының 1965 жылғы 2-нөмерінде жарияланған мақаласының мазмұнын қысқаша еске салып өтуді мақұл көреміз. Мақалада Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының атынан шығып жүрген еңбектер мен сөздіктерде бір ізділік жоқ екені, соның салдарынан біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің бір-бірімен шатастырылып жүргендігі көрсетілген. Мәселен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (екі томдық, 1959-1961 жылдары жарық көрген) «көлбақа», «құрбақа», «атшабар», «ақсүйек», «көкми», «балқаймақ», «балмұздақ», «бірбеткей», «жолбике» сияқты сөздер біріккен сөздер ретінде бірге жазылған да, ал «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігінде» аталған сөздер сөз тіркестері түрінде бөлек жазылған («көл бақа», «құр бақа» т.б.). Сөз тіркестері мен біріккен сөздердің жігін ажырата білмеушіліктен «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» де осындай ала-құлалық кездесіп отырады.
Біріккен сөз бен сөз тіркесін шатастырма!
Әрбір біріккен сөз бір ғана ұғымды білдіреді («тасбақа», «көлбақа»), мұнда біріккен сөздің алғашқы жартысы («тас», «көл») – заттың, жәндіктің сыны емес, біртұтас ұғымның ажырамас бөлігі. Сондықтан «көлбақа», «құрбақа», «тасбақа», «бесатар», «алтыатар» деген сияқты біріккен сөздерді «тас бауыр», «тас қараңғы», «тас жүрек», «алты аласы, бес бересі жоқ» деген сияқты фразеологиялық тіркестермен әсте шатастыруға болмайды. Өйткені екінші тізбеде тіркестің алғашқы сыңары сын есім рөлін атқарады.
Осы өте жүйелі, нанымды пікірге қосылмау мүмкін емес. Бұл пікірді академик І. Кеңесбаев та дұрыс деп біледі («Қазақстан коммунисі» журналының 1965 жылғы 7-нөмерін қараңыз). Бірақ Тіл білімі институтының еңбектеріндегі ала-құлалық әлі арылмай келеді. Соның салдарынан газеттер мен журналдарда біріккен сөздер мен сөз тіркестерін жазуда ешбір тәртіп жоқ екені, кез келген сөзді әркімнің өз қалауынша, бірде бөлек, бірде біріктіріп жазатыны айтпаса да белгілі. К. Аханов жолдастың мақаласында және ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген бірқатар ғалымдардың сөздерінде мынадай ұсыныс жасалған:
1. Бір ғана ұғымды білдіретін күрделі атаулар («көлбақа», «құрбақа» т.б.) әрқашан да бірге жазылуға тиіс. Ал егер күрделі сөздің алғашқы сыңары сын есім ролін атқаратын болса, яғни соңғы сөздің анықтауышы болса, бұларды сөз тіркесі ретінде бөлек жазу керек, мәселен, бидай (пшеница) дақылының айырым белгілері: «ақ бидай», «қызыл бидай», «жаздық бидай», «күздік бидай». Бірақ басқа дақылдың (рожь) аты ретіндегі «қарабидай» жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бірге жазылады. Сол сияқты «темір жол», «темір таяқ» деген сөздердегі «темір» соңғы сөздің анықтаушысы болғандықтан бөлек жазылады, ал «теміржолшы» деген күрделі атаудың бірге жазылатын себебі, темір деген бөлшектің сын есімдік сипаты жоқ, тек темір жолда істейтін қызметкер деген ұғымды ғана білдіреді.
2. Екі сөзден құралған күрделі сын есімдер әрқашан да бірге жазылуға тиіс: мәселен, «ақсары», «қараторы», «көкала», «қызылкүрең», «екеуара», «үшеуара», «халықаралық», «бүкілхалықтық», «бүкілодақтық», «дүниежүзілік», «ауылшаруашылық» т.б. Ал егер күрделі сын есім үш сөзден құралған болса, алғашқысы бөлек жазылуға тиіс. Мәселен, «бүкіл дүниежүзілік».
Түрлі ғылым саласында кездесетін терминдер мен атауларды бір ізге салуда терминология комиссиясы көп жұмыс тындырды. Мәселен, орыстың «арбуз» деген атауы республика көлемінде негізінен «арбыз», «дарбыз», «қарбыз» делініп, ал «огурец» деген атау – «бадыран», «қияр», «үгіршік» делініп, түрліше қолданылып келген еді. Терминком бұлардың неғұрлым көбірек тараған нұсқаларын – «қарбыз» және «қияр» деген түрлерін ғана түпкілікті қабылдады.
Қорыта айтқанда, аударма ісіндегі, терминология мен орфография саласындағы кемшіліктер мен шалағайлықтарды, әдебиет пен баспасөзде орын алып келе жатқан ала-құлалықты біржола жою үшін әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді.