«Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, «AMANAT» партиясының мүшелері, Ішкі істер министрлігінің және өңірлердегі полиция департаменттерінің қызметкерлері «Қауіпсіз қоғам» деп аталатын қоғамдық ауқымды науқан бастады», – деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Осыған дейін 120-дан астам рейд жүргізіліп, оған 1,6 мыңға жуық адам қатысты. Олардың мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализммен күрес сияқты шаралар жүргізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында заңның әділетті болып, жүзеге асуын негізге алады. Яғни «Ел тұрғындары мен қонақтары өзін қала мен ауылда бірдей жайлы сезінуі үшін көше қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деп жазылған құжатта.
Елімізде «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты полиция департаменттерімен бірлесіп, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, құқықтық Әділетті мемлекетті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған біраз шаруалар атқарылды. Осыған дейін 120-дан астам рейд жүргізіліп, оған 1,6 мыңға жуық адам қатысты. Бұлар ойын-сауық орындарын, саябақтарды, тұрғын үйлердің аулаларын аралау, түнде, жол ережелерінің сақталуын бақылау, кәріз люктерін тексеру және т.б. «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, ойын алаңдары тексеріліп, түнгі клубтардағы қауіпсіздікті бақылауға дейінгі іс-шаралар жүргізіледі.
«Күнделікті іс-әрекетімізде мейірімділік пен адалдықты, тәртіп пен тәрбиені басшылыққа алып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтау – дамыған қоғам қалыптастырудың негізі. Біз үшін «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен болашаққа қамқорлық. Біздің әрекетіміз қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алады деп сенемін. Бәріміз жұмылып, мұқтаж жандарға ұйымдастыру, волонтерлік, қайырымдылық көмек көрсетуге дайынбыз», – деді ол. «Қауіпсіз қоғам» қоғамдық науқаны – азаматтық қоғамның, саяси құрылымдардың және құқық қорғау органдарының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы әріптестігінің жарқын көрінісі деп есептейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Министрлік жастарға заң және тәртіп жайлы сабақтар жүргізіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмыстар ұйымдастырады, әлеуметтік маңызы бар жерлерде рейдтер жүргізеді.
«Заң мен тәртіпті сақтаудың алдыңғы шебінде тұрып, біз, полиция қызметкерлері, өз міндетімізді орындап қана қоймай, қоғам тыныштығын қорғауды өмірлік мұратымызға айналдырдық. Біздің жұмысымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар көпшілік күн сайын кездесетін қиындықтардың алдын алу, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Қиындыққа тап болғандарға көмектесу, түрлі дау-жанжалдың алдын алу – біз үшін жай ғана міндет емес, үлкен абырой. Отандастарымызбен бірге қауіпсіз, үйлесімді қоғам құрып жатырмыз деп сенеміз», – деді Ғалым Сарғұлов. Айталық, Ақмола облысында полиция қызметкерлері «Жастар Рухы» белсенділерімен бірге арнайы есепте тұратын 1 мыңнан аса адамды тексерді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 34 құқық бұзушылық тексерілді. Ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру сияқты 564 әкімшілік құқық бұзушылық фактісінің жолы кесілді. Патрульдік нарядтар 250-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын анықтады.
Есірткінің таралуына қарсы күреске қарсы «Есірткіге жол жоқ» акциясы жүруде. «Жастар Рухы» белсенділері жарнама мен есірткі граффитиін бояп жатыр. Жыл басынан бері еліміздің 20 өңірінде 5 мыңнан аса хабарландыру боялған. «Қауіпсіз қоғам» қоғамдық науқаны жылдың соңына дейін жалғасады.
Шаргүл Биекеева