Қазақ болайық! Туған жерге туымызды тігейік!

Қазақ болайық! Туған жерге туымызды тігейік!

Кейінгі кезде Аягөз өңірінің ауылдарынан басқа қалаларға қоныс аударған көптеген азаматтардың туған өлкесін еске алып, туған жеріне деген адами сезімдерін іске асыруға ұмтылып жүрген жақсы үрдіс пайда болды. Бұл – құптарлық қадам. Өйткені, атақоныс кіндік қаны тамған, бабаларының мәңгі төсегіне айналған аруақты жерді қадірлеу – азаматтық борыш. Әр адам өзінің есі кіріп, жарық дүниенің қыр-сырын ұғып, есейгенге дейінгі отбасының қамқорында өскен бала кездегі өмірі ең бақытты, ең қымбат қайталанбас кезең екені аян. Ол, қанша жоқшылықтың қиыншылығын көрсе де, ата-ананың мейірі, жылы алақаны, туыстары мен жерлестерінің ақ пейілдерінен тәлім алып, өмірлік көзқарасының негізін қалаған қоныс. Жалаңаяқ жүгіргендегі қара жердің шаңы, шөлдегенде жұтқан мөлдір бұлақтың мұздай суы, жаңа орған пішеннің иісі мен саф алтындай таза ауа – мәңгі есте қалған, ұмытылмайтын сағыныш кезең. Оны қалада, жасанды ортада өсіп, табиғаттан қол үзгендер сезінбейді. Елін-жерін сүюді, қадірлеуді ұқпаған адам өз тегінің намысын қорғамайды. Отан әр адамға өзі туып-өскен үйінен, ауылынан басталуы табиғи заңдылық. Адам өз тағдырына өзі ие болғандықтан, тіршіліктің қамымен білім, табыс, жайлы қоныс іздеуі табиғи құбылыс, одан бір пенде құтыла алмайды. Сол тіршілік заңы, адамдарды туған жердің топырағынан ажыратып келеді. Адамның есейіп ұлғайған шағында, туып-өскен жерге деген сағыныш сезімі өседі. Осы табиғи құбылыс ешқашан өзгермейді. Ұққанға, қартайған шағында бақытты болуы туып-өскен жұртымен байланысты үзбеуінде. Осыны жас кезінде ойламаған адам, өмір күзі келгенде көп ішінде жалғыздық кешіп, күні арманмен  өтеді.       

Айналайын туған елім, аягөздіктер! Алыстағы жерлестеріңнің келешек ұрпақты тәрбиелеуге керек қадамына қолдау көрсету халқымыздың бірлігі мен бауырмалдығын нығайтуды ойлаңыздар. Келешек ұрпақтың қайда жүрсе де, ата-баба жұртынан тамыры үзілмесе, өз тегінің елі мен жерінің намысы мен бірлігін сақтайтын, бабадан қалған рухани құндылығы бауырмалдықтың мәңгі жасай беруіне ықпал ететінін естен шығармауға тырысу қажет. Осы бастаманы аягөздіктер жасампаздықпен қолдаса, оның әсері ел мен жердің келешегіне нәтижелі ықпал әкелуі ықтимал. Кейін аягөздіктердің, осы халықтың ынтымағы мен бірлігіне үлес қосатын тәжірибесі қазақ елінің барлық жерлеріне таралуы айқын. 

Кең-байтақ қазақ жерінің төрт бұрышында шашылып жүрген жерлес бауырларым өзің шыққан, тегіңнің кіндік қаны мен тері сіңген қасиетті ел мен жерді қадірлеу ұрпаққа тәлім болар адамгершілік қадам. Бірақ атақонысын қадірлеуді шоу-шараларға айналдырмай, кейінгі кездерде сәнге айналдырып жүрген жолдан аулақ болған жөн. Ауылға барып ас бердік, аруақтарға құран оқыдық деген сияқты бір күндік атақ-мадақ үшін жиналып тойлаудан гөрі, сол еліңе, жеріңе қандай пайда әкелеміз дегенді ойлау қажет. 

Тойлау –  ауылдағы жұрттыңа тәлім болардай не береді, өсіп келе жатқан ұрпақ одан не алады? Осыны ойлау керек сияқты. Келешек үшін, шетте жүргендер туған елдің өміріне, ұрпақ тәрбиелеуге не қажет, соған септігімізді тигізу үшін не істейміз дегенді ойлағаны дұрыс. Елден кеткен азаматтардың көбі қалаларда тұрады. Бәрі болмаса да араларында ауқаттылар, жақсы табыс табатын түрлі саладағы мамандар, мәдениет пен заң орындағылар, билік пен қалам ұcтағандары бар. Солар бастарын қосып, өз ауылы мен аудандарының дамып, көркеюіне аз да болса қандай іспен үлес қосамын дегенді ойлағандары абзал болар еді. Ойланып, белсенділікпен жерлестердің бейресми мықты ұйымын құрып, жүйелі жұмыс жасауды ұйымдастыру жөн сияқты. Ол ұйымның әр мүшелері тек өздерінің мүмкіншілігіне байланысты ерікті үлес қосуы керек. Оған шетте жүргендердің өз отбасының тіршілігіне байланысты ғана араласуы өмір заңдылығы. Оны да ескеру керек. Енді, шетте жүрген азаматтарға өскен елінің өміріне қандай көмегім керек болады дегенге келсек.  Мысалы, ұрпақ тәрбиесіне, олардың өмірге деген көзқарастарының негізін қалау үшін өз ауылының, ауданының тарихын, табиғатының қасиетін білуді, соны бағалайтын сана қалыптастыру керек. Бұл – қазақ халқының бабалардан келе жатқан тәрбиелік бағасы зор құндылық. 

Әр адам өзінің қайдан шыққанын, ауыл тұрғындарының тарихынан хабардар болу ұлттың  бірлікке-ынтымағын нығайтады. Ауыл тарихын білуде, кейбір санасы жетілмегендердей, шежірені теріс пайдаланып өздерін мадақтау емес, қайта ауыл адамдарының бірлігіне ықпал ететін тарихи деректерді жинап, соны келешек ұрпаққа қалдыру. 

Ертеде жүйелі оқыту, жазу дамымаған заманда, аузы дуалы ауыл ақсақалдары ел мен жердің тарихын сақтап ұрпаққа қалдырып отырған. Қазір ондай ақсақалдар жоқтың қасы. Кеңестік дәуірде ауыл адамдары тіршіліктің қамымен, бодандық саясаттың ықпалымен өзінің ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды. Енді сол рухани байлықты жаңғырту қажет. Бір ескертетін мәселе, ауыл тарихын жазғанда ресми Ресей патшасының деректеріне сүйенуге болмайды. Онда ақиқат жоқ. Ол деректер бодан халықтың табиғаты бай шұрайлы жерлерін меншіктеп алу үшін қазақ жерлерінің аттарын жоғалтып тек болыс орталығына нөмір беріп, өздеріне керек өмірде болмаған деректерді жазып отырған. Соған дәлел бір мысал келтірейін. Осыдан біраз жыл бұрын Ақшәулідегі Жаманегін деген ауылдың орнына асығыс ізденістер жасамай, дайындықсыз ескерткіш орнатқан азаматтар үлкен қателікті жіберген (оны алып тастау керек). Ескерткіште, Жаманегін ХІХ ғасырдың аяғында орыстардың қонысы болған деп жазылған. Осыған қоса, көптеген тұрғындар туралы жазылмай, деректер жазудың қалыптасқан тәртібінен ауытқып құлыптастағы жазуға ұқсаған кім-кімнің туысы деген жазу орын алып, адамдардың жазылған деректерінде өрескел қате жіберілген.  Ал, ескерткіштегі жазу келешекте Ресейдің кейбір империяшыл «есерсоқ» шовинистерінің жер біздікі деп жасанды «деректі» пайдаланып, дау-жанжал туғызуына жол ашады. Тарихи ақиқат бойынша, Ақшәулі соғысы жоңғарлардың империясының құлауына соңғы соққы беріп, қазақ  елінің шығысы мен Жетісу өңірін азат етуге дайындық өткізген жер. Ол туралы қазақ елі тұр ғой, өз өңіріндегі жұрт хабарсыз. Ақшәулі тауының Қызылбұлақ тау жазығы (альпиский луга) шетіне Абылай хан ханшатырын тігіп, бір жаз бойы әскерін жоңғарларды бас көтертпей жоюға дайындаған жер. Шатыр Қарақол өзені жағасындағы Қосқонған деген жерде болған. Ақшәулі өңірін Қабанбай батырдың ұсынысымен Абылай хан Ақтамберді батыр-жырауға бекітіп берген. Найманның сыбан ұрпақтары Жаманегінді ХVIII ғасырдың аяғынан қоныстанған. Ақтамбердінің жерін ХІХ ғасырдың аяғынан ХХ ғасырдың басына дейін он жылдай, орыстарды Ақшәулі  тауының аумағына жолатпай, келімсектермен күрескен Тұрлыбай батырдың аты бүгін ұмытылған. Сол батыр туралы бірде-бір архивте деректер жоқ, патша билігі патша саясатына қарсы күрес туралы жазбаларды құртып отырған. Жұрт батырдың аты мен жатқан жерін, кейінгі кезге дейін Мәскеу билігінен жасырып, атамай келген. Оны кезінде барша халық, би мен байлар қолдаған екен. Ақшәулінің бір сайына, өзен-бұлағына орыс аттарын қойдырмаған. Тек, жиырмасыншы жылдың басында ғана Украинадан жер аударылып келгендерге қазақтар, жазықтан жер беріп, Көктөбе ауылы болған. Оны Кеңес билігі орнаған соң ғана Знаменко деп атандырған. Сондықтан, жазба деректерді мұқият зерттемей пайдалану тарихымызға нұқсан келтіреді.  

Жаманегін ауылында өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары жұрт аттарын аңызға айналдырған Асабай әулие (жанкөбек Арқарбай әулиенің інісі), Қабақ, Сүлеймен, Бердіке, Қали шежіреші, аңшы Оспан, ұлттық би өнерінің иелері Ішпекбай мен інісі Сімтікбай ақын, Қожаберген, Қалтай, Самал сияқты ақындар, Жебеген балуан, Саңқайбай, абыралылық Мариямғали апа тағы басқа елі сыйлаған адамдар болған. Бұл Ақшәулі өңірінің бір ғана ауылы туралы дерек. Сондайлар туралы және басқа ауылдардың тарихына үлес қосқандар туралы жазу үшін жұмыс жасау керек. Ал, бұл өңірде Көктөбе, Қарақол, Қарабұлақ, Жамбыл, Мыңбұлақ деген құнды тарихи деректерге бай ауылдар болған. Осылар сияқты тарихы жазылмаған, Аягөз ауданында қанша ауылдар болғанын ешкім білмейді. Солардың қаншасы сақталды? Бұл өте ауыр жұмыс болып көрінгенмен, қолға алса, жүре-жүре ұлттың мәңгілік болуына қосатын үлкен пайдалы іс орындалады. Ол үшін біз ұмтылыс жасасақ, ары қарай жас ұрпақ өздері алып кетеді. Ойланып, шетте жүрген ауқатты,  мүмкіншілігі барлар ауылда әлеуметтің жағдайы нашарларға көмек көрсету үшін қоғамдық қор құрып, дарынды балалардың келешегіне, ұлттық қолөнердің дамуына,  ауылда ұлттық тағамдарды табиғи ерекшелігін сақтап дайындайтын жеке бизнес жүйесін құруына қол ұшын бергені жөн.

Қазақ халқының рухани құндылығының көзі – ауылды сақтау үшін бізге  ынтымақ пен өз санамызды ескі ұғымдар мен зиянды қылықтардан өзіміз тазартуға ұмтылып, жаңалықты халқымызға тән (менталитетіне) ерекшелікке сәйкес қабылдауды үйренуіміз керек. Ауылды көтерудің бір жолы әр жердің табиғи байлығын пайдалануды дамытып, ауданда ауылдық туризмнің негізін қалау керек. 

Соны насихаттап, алғашқы қадамды әр ауылдың шаруашылығына кәсіби жолмен дамуға бейімделуді үйренуге көмек жасау керек. Оған шетте жүрген азаматтар өз мамандылығы мен біліміне сәйкес ұсыныс, кеңестерін аямауы қажет. Бұл бір адамның қолынан келмейді, ал көп ынта білдірсе, іске асатын шаруа. Жерлестер, осыны ойлайық!        

Тағы бір, осы жаңа бастамаға бел буып араласамын дегендердің есіне сақтайтын мәселе ол: Ел мен жер тарихын іздеп, ол туралы сөз көтергенде, не жазғанда «жершіл, текшіл»  боламыз деп бұл асыл сезімді жікшілдікке айналдырмаңдар. Атадан қалған «Қырық рудан құралған қазақ руға, жершілдікпен бөлінсе, бөріге жем болады» деген даналық бар. Біз – қазақпыз, бөлінбей, аса рушылдықтан сақтанайық. Қазақтың елі мен жеріне қорған болайық. Қазаққа руды білу қан тазалығы мен бауырмалдықты жоғалтпау үшін қажет. Халқымыз барша рулардың бір-бірімен қыз алып, қыз беріп, құдандалық арқылы өрбуімен мыңжылдық туысып кеткен салтын сақтаған әлемдегі жалғыз ел. Бірлігімізді сақтайық. Өз құндылығымызды ұмытпайық. Біздің мықтылығымыз осы қасиетте. Рушыл болып у ішіп, жершіл болып, бөтенге жем болмайық. Қазақ болайық!

 Болат ДҮЙСЕМБІ    

26.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14905
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14800
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29945
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28567
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32131