Барлық парасат пайымы бойына сыйымды, жарасып тұратын, адамшылық сананы арда тұтатын абзал қасиетімен жарылқанған жандар бар. Мұханмадияр Серікбекұлы Орынбеков өзгеден оқшау қалпымен, ұлтжандылық табиғатымен тіршілікке мағына дарыту жолында шынайы ғалымдық өнегесімен танылған ірі тұлғалардың бірі еді.
«Мұқаң факультетте жүргенде арқамызды кеңге жайып, сенімді жүретін едік. Тілі академиялық болғандықтан, зерттеушілік дағдыға әбден машықтанғандықтан лекцияны тезиспен беріп, уақытынан бұрын аяқтап қоятын», – деп еске алады Лесхан Әмірханұлы.
Мұханмадияр Серікбекұлы Орынбеков 1946 ж. 28 шілдеде Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ерте бітірген болашақ философ 1961-1962 жж. Жамбыл облысы Қаратау қаласына қарасты Шолақтау мекенінде орналасқан «Қаратаухимқұрылыс» кен орнында жұмысшы, бетоншы болып еңбек жолын бастады. Буыны қатпаған бозбаланың осындай ауыр салада жұмыс жасағаны ерте есейтсе керек, он алты жасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті атанады (1962-1967). Студенттік шағында көпшілікке белгілі империялық тоталитаризмге, отаршылдыққа қарсы құрылған «Жас тұлпар» ұйымына мүшелік етіп, кеңестік идеологияның олқы тұстарын ойсырата сынауда жастай жігерленіп, ширығып жетілген азаматтардың бірі болады. МГУ-де сол заманның беделді «Философ. Философия және қоғамтану оқытушысы» мамандығын тәмамдап шығады. Табиғаты, талабы мен қабілеті философия ғылымына бейім, зерек Мұқаң әлемдік философиялық қауымдастықта ойып тұрып орнын алған кеңестік философ Э.В. Илье́нков жетекшілігімен дипломдық жұмысын қорғап, елге қайтады. 1967-1968 жж. ҚазССР ҒА Философия және құқық институтының «Диалектикалық логика» бөлімінің аға лаборанты, 1968-1969 жж. кіші ғылыми қызметкері жұмыстарын абыроймен атқарады.
Дарынды шәкіртті ұстазы Э.В. Илье́нков қайта оқуға шақырады. 1969-1972 жж. СССР ҒА Философия институтының аспиранты. 1972 ж. 21 қарашада кандидаттық диссертациясын қорғайды. Елге қайта келіп, ғылым саласындағы тың ағысқа ескек салады. Күрделі философиялық ойларды қаламына іліктіріп, шығармашылығын жалғастырады. Жалпыадамзаттық таным үдесінде философиялық қауымдастықтың аға буыны арасында М.С. Орынбеков пен «субстанция» категориясы өзектес егіз ұғымды қауызына сыйғызатындай. Сол «субстанция» категориясы туралы іргелі зерттеулері, философтың кандидаттық жұмысының қорытындысы іспеттес.
1972-1974 жж. ҚазССР ҒА Философия және құқық институтының «Диалектикалық материализм» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, 1974-1986 жж. аға ғылыми қызметкері, 1986-1990 жж. жетекші ғылыми қызметкері, 1990-1991 жж. бас ғылыми қызметкері, 1991-1995 жж. «Фарабитану және қазақ философиясы» бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1989 ж. 14 маусымда «Уровни научного познания» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды, 1994 ж. 24 қаңтарда профессор ғылыми атағын алады.
Мұханмадияр Серікбекұлы шығармашылығы мен ғылыми ізденісінің кеңестік кезеңін келесі жеке және ұжымдық монографияларда жарық көрген іргелі қолтаңбалары құрайды – «Проблема субстанции в философии и науке» (1975), «Ойлау дегеніміз не?» (1976), «Материалистическая диалектика как логика» (1979), «Роль категории «идея» в научном познании» (1979), «Методологические проблемы развития науки» (1984), «Мировоззрение: опыт теоретического анализа» (1985), «Диалектическая логика» (1985-1987), «Философско-методологические проблемы науки» (1986), «Философия, мировоззрение, практика» (1987), «Чокан Валиханов и современность» (1988), «Генезис категориального строя науки» (1990), «Логико-гносеологический анализ науки» (1990), «Развитие как регулятивный принцип» (1991).
Мұханмадияр Серікбекұлы тәуелсіздіктің таңымен қазақ руханиятын зерттеуге түбегейлі бетбұрыс жасайды. Зерттеудің жаңа бағыттарын қалыптастыруда қазақ философиясының теориялық мәселелерін ғылыми зердемен, толымды таныммен терең қаузаған «Предфилософия протоказахов» монографиясы 1994 жылы жарыққа шығады. Монография қазақ философиясының қайырлы құндылықтарын зерттеуде елеулі серпін бергенін әрі рухани кәусарлардың көзін ашуда оның үздік үлгісі болғанын қанша айтсақ артық болмас, сірә.
Публицист-философ Әбдірәшит Бәкірұлы осы кітап туралы: «Қасымжановтан кейін қазақтың философиялық ойын зерттеу міндетін өте дарынды философ, МГУ түлегі, профессор Мұханмадияр Орынбеков өз мойнына алуға әрекеттенді. Ол «Протоқазақтардың алғашқы философиясы» атты шағын да мазмұнды монографиясын (орыс тілінде) жазып, Қазақ халқының көнеден келе жатқан тарихы мен салт-дәстүрлерінің, дүниетанымының қазіргі заманмен сабақтастығын зерделеуге талпыныс жасады. Бірақ біздің тарихи ғылымның өзі осы уақытқа дейін «қазақ халқының тарихи тұтастығына» қол жеткізе алмаған себепті – Мұқан ағаның еңбегі де өз бағасын ала алмады. Ұлағатты ұстаз М. Орынбеков қайтыс болып кетті. Оның бұл еңбегіне тек 2012-2013 жылдары, Елбасы тапсыруымен «Қазақ ұлтының тұтас тарихын қалыптастыру» туралы мәселе көтерілгенде ғана назар аударылғандай болды... Сол кездегі мемлекеттік хатшы М. Тәжиннің тарихшылар мен мәдениеттанушылар алдында жасаған «тарихи баяндамасынан» кейін тарихшылар мен философтар «бізге қандай тарих қажет екенін» ойластыра бастағандай болды. Бірақ соған қарамастан М. Орынбековтің ол кітабы әлі де қазақ тіліне аударылған жоқ. Ал М. Орынбековтің өзінің қайын атасы, әлемдік деңгейдегі қазақ ғұламасы Әлкей Марғұланның жеке архивіндегі құны жетпес деректерді қолданғаны мәлім. Еңбек философиялық мағынасынан бөлек, сонысымен де құнды!
«Қазақстанның қоғамдық ойы» (ІХ-ХІІ ғғ.), «Абайдың философиясы мен дүниетанымы», сонымен қатар 1995-1996 жж. «Ұлттық мемлекеттілік қалыптасуы жағдайындағы қазақ халқының қоғамдық және эстетикалық ойының қалыптасуы мен дамуы» (ХІІІ-ХV ғғ.), «Абай философиясындағы адам мәселесі» атты ғылыми еңбектерді даралап айтамыз. Айнымас танымға тізгін салуда жаңашыл ізденістерімен ғалымның «Философия» (қосавторлықпен, 1991) оқулығы; «Философские воззрения Абая» (1995), «Ежелгі қазақтың дүниетанымы» (1996), «Верования древнего Казахстана» (1997), «История философской общественной мысли Казахстана (с древнейших времен по XII в.)» (1997) атты жеке монографиялары; «Абайдың философиясы мен дүниетанымы» (1995), «ІХ-ХІІ ғғ. Қазақстан жеріндегі қоғамдық ой тарихы» (1995), «Қазақ даласының ойшылдары» (1995) ұжымдық монографиялары жарыққа шығады. Аумалы-төкпелі сол жылдары философ бөлімі көнеден қазіргіге дейінгі жоталанып тасада жатқан дәуірлік мұраларды зерттеп, Қазақстанның философиялық ой тарихының көптомдығын жарыққа шығаруды жоспарлап, батыл кіріскені көпшіліктің назарын бірден аударды. Себебі жоспар-идея әлеуметтік ғылымымызда енді тәй-тәй басып жүзеге асып жатқан кезі еді.
Философ 1995 ж. қыркүйегінен 2005 ж. дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ғылым философиясы мен методологиясы» кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Қызметтен бөлек «ұстаздық» абыройлы және жауапкершілігі мол міндетін өз еркімен мойнына алады. 1996-1997 жылдары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған «Қоғамдағы адам мен мәдениет» атты жобаның жетекшісі болады. «ҚазҰУ Хабаршысы. Философия және саясаттану сериясының» ғылыми редакторы, сериялық басылым «Ғылым философиясы мен методологиясы» журналының редакторы (1999) ғылыми маңызы бар қоғамдық жұмыстарға араласады. ҚазҰУ-дың «философия» шеберханасында философтың «Философия және мәдениеттану: оқу құралы» (1998), «Духовные основы консолидации казахов» (2001), «Қазақ сенімдерінің бастаулары» (2002), «Генезис религиозности в Казахстане» (2005) атты көмекші және іргелі зерттеулері жарыққа шығады.
«Үздік ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дипломымен марапатталады (2001). Даңғаза сөзімен емес, қайырлы ісімен адамдық болмысты танытып тұратын тұғырлы тұлғаның өміріндегі марапатталған айтулы сыйлығы осы бір жапырақ қағаз еді.
Мұханмадияр Серікбекұлы 2005 ж. 25 наурызда «Генезис религиозности в Казахстане» (2005) монографиясын жарыққа шығару үшін және «Очерки казахского символизма» монографиясын жазу мақсатында шығармашылық демалысқа сұранып, кафедра меңгерушілігінен қатардағы профессор қызметіне ауысады. «Генезис религиозности в Казахстане» монографиясын «ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институты» 2013 ж. екінші басылыммен жарыққа шығарды. «Очерки казахского символизма» монографиясы туралы ешбір қолжазба қалмапты.
Мұханмадияр 2006 ж. 23 ақпанда дүниеден озды. Бірақ ұлтымыздың «өзін-өзі тануын» арғы тектен бастаған Мұханмадияр Серікбекұлының қазақ философиясы тарихында бірегей қазақ философы ретінде елеулі орны бар.
Кісілік қалпы, адамгершілік ұстанымы, қазақ үшін артық туған қасиеті бөлек тұлғаның жүрегін жарып шыққан жазба еңбектері, ой ағыстары – ұлтымыздың зор олжасы деп білемін. «Кеңесі мен толғамының» құндылығы әр дәуірде болсын сарқылмайтын көненің ойшылы Құңфұдзы: «Мен 15 жасымда білімге құмарттым. 30 жасымда талабымның дұрыс екенін байқадым. 40 жасымда білімпаз болу қызғылықты көрiндi. 50 жасымда ғалам, тiршiлiк заңдылықтарын ұқтым. 60-та осы заңдылықтарға мұқият зер салып жүрдiм. 70-те жүрегiмнен жеткен кеңестерден бірде-бір аспадым», − деген екен. Мұханмадияр Серікбекұлы Орынбеков туғанына биыл жетпіс жыл. Қазақ философының қазір көзі тірі болғанда 70-те жүрегінен жеткен ұлт мүддесімен үндес небір тамаша кеңестерінің куәсі болар ма едік?!
Әсет ҚҰРАНБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университеті,
Философия ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
Девистегі Калифорния
университетінің шақырылған ғалымы
















