Қазақ Президентінің Омбыдағы уәжі әлемді шарлап кетті

Қазақ Президентінің Омбыдағы уәжі әлемді шарлап кетті

2026 жылғы 25 шілдеде Ресейдің Омбы қаласында «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбымен 

ХХІІ кезекті Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өткен еді.

 

Форум аясында шешілген мәселелер

Омбыға барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолай соғыс ардагерлеріне арналған Омбы госпиталі ғимаратының қасбетіндегі Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті. Бұл орталықта Президентіміздің әкесі Кемел Тоқаев 1945 жылдың ақпанынан маусым айына дейін ем алған екен. Бұл тарихи оқиғаны еске алған омбылықтар госпиталь қабырғасына ескерткіш тақта қойыпты.

Форумның келесі күн тәртібінде екі мемлекеттің басшылары кездесіп, пікір алмасты. Форум аясында көлік дәліздері, шекаралық өңірлердің сауда-экономикалық байланыстары, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, білім және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыға түсті. Омбыдағы қонақжайлылығы үшін Ресей басшысына алғысын білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз арасында Ресейдің қазақ еліне қомақты инвестиция салып отырған санаулы елдердің бірі екендігін айтып, екі елдің ынтымақтастығының терең тарихи негізі бар екендігін алға тартты.

– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 млрд долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 млрд долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 млрд доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аңғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 млрд долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәйкес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жарқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал етеді. Өйткені инвестиция алдағы күнге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқындайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 млрд доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әртүрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған, – деді Владимир Путин.

Форум барысында Қазақстан мен Ресей үкіметтері өңіраралық байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойып, өңірлер арасындағы өндірістік кооперацияны, логистиканы және инвестициялық жобаларды кеңейтуге уағдаласты. Сонымен қатар облыстар мен өңірлер арасында да жаңа келісімдер жасалды.

 

Әккі дипломаттың атақты сөзі

Омбыда өткен осы форум әлем назары ерекше аударған кездесуге айналарын ешкім болжамаған сияқты. Омбы форумының басты жаңалығы экономикалық келісімдер емес, мемлекет басшыларының жабық және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінде қозғалған халықаралық мәселелер болды. Соңғы бірнеше күн бойы әлемдік БАҚ-тарда Қасым-Жомарт Тоқаевтің орыс-украин қақтығысына қатысты Путинге қарата айтқан сөзі қызу талқыланып жатыр.

– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады. Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей басшысы бұл сөз айтылғанда үнсіз ғана тыңдап отырды. Сөз кезегі келгенде екі ел арасындағы экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынастар туралы күн тәртібіндегі мәселелер жайлы ой өрбіткені болмаса, бұл қақтығыс туралы көңіл аударарлықтай ой айтқан жоқ.

Кремльдің жауабы осыдан кейін барып белгілі болды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында: «Ол Президент Тоқаевқа арнайы әскери операцияның барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Украинаның қазіргі ұстанымын ескерсек, Тоқаев ұсынған қақтығысты тоқтата тұру мүмкін емес. Ресей үшін басты шарт – өз мақсатына жету. Егер Киев режимі тиісті шешім қабылдаса, бәрі бүгін күн батқанша тоқтауы мүмкін», – деді Песков.

Әлемдегі БАҚ-тарға азық болған ой

 

Омбыдағы мәлімдеме халықаралық ақпарат құралдарының назарын бірден аударды. «Reuters» агенттігі Тоқаевтың ұсынысын Ресейдің ең жақын серіктестерінің бірінің жария түрде соғысты тоқтатуға шақыруы ретінде бағалап, оның «Стамбұл формуласы 2.0»-ға қайта оралу жөніндегі ұсынысын егжей-тегжейлі жариялады. Агенттік бұл мәлімдемені әлемнің ондаған еліндегі серіктес басылымдар таратқанын атап өтті.

Ал «Financial Times» газеті болса, Қазақстан басшысының сөзі «Мәскеуге бағытталған ең ашық дипломатиялық үндеулердің бірі» деп атапты. Басылым Тоқаевтың Ресеймен одақтастықты сақтай отырып, Украинадағы соғысты тоқтату қажеттігін алғаш рет осындай деңгейде жария түрде көтергеніне назар аударған.

Еуропалық сарапшылардың бір бөлігі Тоқаевтың сөзін «бейтарап делдал мемлекет ұстанымына жақын дипломатиялық үндеу» деп бағалады. Олардың пікірінше, Қазақстан Мәскеумен қарым-қатынасты сақтай отырып, халықаралық құқық қағидаттарына сүйенетін мемлекет ретінде өзін тағы да көрсетті.

Ресей ақпарат құралдары негізінен форумның экономикалық нәтижелеріне және Путиннің ұстанымына басымдық беріп, Тоқаевтың пікірін дипломатиялық диалогтың бір бөлігі ретінде көрсетті. Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Федор Лукьянов Ресейдің серіктес мемлекеттері арасында Украина мәселесіне қатысты әртүрлі көзқарастардың болуы қалыпты жағдай екенін бірнеше рет атап өткен. Оның пікірінше, Қазақстан өз ұлттық мүддесіне сүйене отырып, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп келеді. Ал Андрей Кортунов сияқты ресейлік халықаралық қатынастар мамандары Қазақстанның көпвекторлы саясаты Ресей үшін күтпеген құбылыс емес екенін, мұндай ұстаным Астана дипломатиясының тұрақты ерекшелігіне айналғанын айтыпты.

«Украина ақиқаты» секілді украиналық басылымдар Қазақстан Президентінің «қақтығысты тоқтатып, келіссөзге қайта оралу» туралы сөздерін жеке жаңалық ретінде жариялап, оның «соғыстың мәнін түсіну қиын» деген пікіріне ерекше назар аударған.

Қытайлық басылымдар мен әлеуметтік желі қолданушылары Тоқаевтің дипломатиялық шеберлігіне, батылдығына және Қазақстанның Мәскеуге жалтақтамай, өз бетінше өмір сүруге толық қабілетті елге айналып келе жатқандығына таңданып жатыр. Сондай-ақ қытайлық халықаралық қатынастар институттарының бірқатар зерттеушілері Қазақстанның бұл ұстанымын Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған саясаттың жалғасы деп бағалады. Қытай сарапшыларының пікірінше, Украинадағы соғыстың ұзаққа созылуы Еуразиядағы көлік дәліздері мен халықаралық саудаға әсер етеді. Сондықтан Қазақстанның келіссөздерді қолдауы аймақтық экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан да түсінікті қадам, – деп баға берген.

 

PS: Омбыдағы ХХІІ өңіраралық форум экономикалық тұрғыдан Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі ынтымақтастықты тағы бір мәрте бекіткен алаң болды. Бірақ халықаралық деңгейдегі негізгі жаңалық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысқа қатысты айтқан ұсынысы деуге болады. Кейбір шетелдік басылымдар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 17 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында «Қазақстан «ЛХР» мен «ДХР» сияқты квазимемлекеттік аумақтардың тәуелсіздігін мойындайтынын» ашық айтып, «Путинды қасқа маңдайдан бір салғанын» еске алып жатыр...

Біз үшін Омбыда айтылған ойлар Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстанатындығын шын мәнінде айғақтап берген оқиға десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан Ресеймен стратегиялық әріптестігін сақтайды. Екінші жағынан, халықаралық құқық қағидаларын, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын және бейбіт келіссөздер арқылы дауларды шешу ұстанымын қолдайды. Тоқаевтың Омбыдағы мәлімдемесі дәл осы екі бағыттың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған дипломатиялық қадам ретінде бағалануда.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
29.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26618
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26052
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43442
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39228
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43848