Қазақстан қантсыз ел ме?

Қазақстан қантсыз ел ме?

Ресейде қант бағасы айтарлықтай қымбаттауы мүмкін деген сыбыс тарағалы елден маза кетті. Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, қант тапшылығы 240 мың тоннаны құрайды. Жыл сайын Қазақстан 450-500 мың тонна қант тұтынып отыр. Ресми статистикаға сәйкес, ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесі 50 пайыздан асады. Іс жүзінде бұл көлемнің аз ғана бөлігін отандық өнім деп атауға болады. Өйткені елдегі қант негізінен импорттық шикізаттан (қамыс) өндіріледі. Қазақстанның қант, тағам және қайта өңдеуші өнеркәсіп қауымдастығының мәліметі бойынша, 2020 жылы елімізде өндірілген қант көлемі тұтынудың жалпы көлемінің 27 пайызын ғана құрады. Қазақстанда жұмыс істейтін төрт қант зауыты бар: Таразда (қамысты қайта өңдейді), Меркіде (қамыс және қант қызылшасы), Көксуда (қамыс және қант қызылшасы) және «АқсуҚант» (қант қызылшасы). 2022 жылдан бастап «АқсуҚант» қамысты қайта өңдеуді бастауды жоспарлап отыр. Дайын қант негізінен Ресей мен Беларусьтен жеткізіледі. Қазақстанда құмшекер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізіміне енген. 11 мамырдағы жағдай бойынша өңірлердегі қанттың бөлшек саудасындағы орташа баға бөлінісі мынандай: Нұр-Сұлтанда – 299 (бұдан әрі де бір килограмм тауар үшін), Алматыда – 256, Шымкентте – 280, Атырауда – 03, Өскеменде – 290, Көкшетауда – 288, Жезқазғанда – 286, Қызылордада – 281, Ақтауда – 276, Қостанайда  – 270, Қарағандыда – 266, Семейде – 286, Түркістанда – 266, Оралда – 265, Павлодарда –265, Петропавлда – 260, Талдықорғанда – 259, Ақтөбеде – 252, Таразда – 236 теңге.

Қазақстанның қант, тағам және қайта өңдеуші өнеркәсіп қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева: «Қант – биржалық тауар, ал  биржадағы баға нарыққа әсер етеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан шамамен 415 мың тұрмыстық ақ қант импорттаған. Өнімнің негізгі көлемі Ресейден және тағы біршама көлемі Беларусьтен жеткізілген. Қамысты қант шикізатын біздің компаниялар Бразилия, Кубадан, кейде Малайзиядан әкеледі. Баға бойынша болжам жасау қиын. Себебі ол биржаға байланысты болады. Тіпті қамыс арзандаған күннің өзінде тасымалдау, қайта өңдеуге қатысты қосымша шығын бар. Сондықтан бір келі қант бағасы, мысалы, 280 теңге деңгейінде болады деп кесіп айта алмаймыз. Бізде электр қуаты, газ, қайта өңдеу кезінде мазут бағасы қымбаттады. «Ақсу Қант» кәсіпорны мазутпен жұмыс істейді. Мұның барлығы тауар бағасына әсер етеді. Ал Ресейдегі қанттың арзан болуының бірнеше себебі бар. Бізбен салыстырғанда оларда егістік алқабы әлдеқайда көп. Бұл салыстыруға келмейтін көрсеткіш. Ресейде 74-ке жуық зауыт болса, Қазақстанда тек төрт қант зауыты бар. Ресейлік зауыттардың көбісінде өз жері бар. Олар қант қызылшасын өсіреді және өздерін шикізатпен қамтамасыз етеді. Ресейде қант саласында жұмыс істейтін көптеген компания интеграцияланған ауылшаруашылық холдингінің мүшесі болып отыр. Қазақстан Ресей тәжірибесіне назар аударып, бірқатар агротехникалық талап орындалатын болса, бұл оң нәтижеге алып келеді. Елде мал шаруашылығы саласы да дамиды. Сондықтан қызылша сапасы жақсы болады. Мысалы, Ресейде қант қызылшасын қайта өңдеу қалдықтарын қолданатын мал шаруашылығы кешендері бар.  2020 жылы қант қызылшасы егілген аумақ 20,9 мың гектарды құрады. Өткен жылы алынған өнім көлемі 466,3 мың тоннаны құрады.

2021 жылы қант қызылшасының егіс алқабы ұлғайды, бірақ түсім қандай болатынын болжау қиын. Себебі Жамбыл және Алматы облыстарында жаз құрғақ болады деп күтілуде. 2021 жылдың алғашқы төрт айында шамамен 100 мың тонна қант өндірілді: Таразда 62 мың тоннаға жуық және Көксуда шамамен 38 мың тонна дайындалды. 2020 жылы отандық өндіріс жалпы тұтыну көлемінің 27 пайызын құрады. Қант қызылшасы әдетте тамыз-қазанда жиналады. Жамбыл облысында 5800 гектар жерге дән себілгені туралы хабарлады. Алматы облысында 25 мамырға дейін егу жұмыстары аяқталады және 16 300 гектар жоспарланған егу аумағын жабу көзделуде. Үсік жүруіне байланысты кейбір шаруашылықтарға қайта егуге тура келді. Сарапшылар биыл Жамбыл және Алматы облыстарында өткен жылғыдан да құрғақ жаз болады деп болжап отыр. Сонымен қатар сумен жабдықтауда да проблемалар бар. Бірақ мұның барлығы шешімін табатын мәселе деп сенеміз», –  десе,  Экономика ғылымдарының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Асқар Шәріпов: «Қазақстанның көптеген облысында климат қант қызылшасын өсіруге қолайлы емес. Біз Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа облыстарда егін егуге әрекет жасадық. Ақырында бұл тірлік шаруа қожалықтарына шығын келтірді. Алматы мен Жамбыл облыстарындағы аумақтар шектеулі. Түсімнің ең жоғарғы көрсеткішіне 80-і жылдары қол жетті. Ол кезде отандық өндіріс 50 пайызға жетті. Біз импортты 100 пайыз алмастыра алмаймыз. Ресей мен Беларусь бізді үнемі құтқарып келеді», – дейді.     

 Ал Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек: «Импорттық қанттың жетіспеушілігі кондитерлік салаға соққы болып, кондитерлік өнімдер мен алкогольсіз сусындардың бағасын қымбаттатуы мүмкін. Ресейдегі өндірушілер бағаны көтеріп, бұл мәліметті растап отыр.  Қауымдастық «тапшылықты сылтау етіп, өңірлерде қант бағасын әдейі қымбаттатуы мүмкін» деп санайды. Кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын өндірістер үшін тауардың өзіндік құны қымбаттап, Ресей және Украинадағы тауар өндірушілермен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілік төмендеуі мүмкін.   Мамыр-қыркүйек аралығында Қазақстанның сұранысы шамамен 160-170 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 61 мың тоннаны кондитерлік өнімдер мен алкогольсіз сусындар дайындайтын кәсіпорындар пайдаланады. Қазақстан үшін қантты кедендік баж салығын төлемей елге алып кіруге берілген жеңілдік нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бағаны алып-сатарлық сипатта қымбаттатудың жолын кеседі деп үміттенеміз. Бөлінген бұл квотаны дұрыс шешім деп санаймыз. Ол 15 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап отырған кәсіпорындар үшін стратегиялық шикізатты жеткізудің альтернативасына жол ашып тұр. Біз қыркүйекте баж салығын төлемеуді қарастыратын бұл шараның мерзімін ұзарту керек деп санаймыз. Қазақстанға стратегиялық шикізат пен өнімдерді жеткізу ресейлік жеке компаниялардың, атап айтқанда қант өндірушілердің жеткізілімдеріне тәуелді болмауы керек. Оның үстіне қызылша көлемінің төмен көлеміне қатысты алаңдаушылық қазірдің өзінде айтылып отыр. Бұл тапшылыққа қатысты жағдай қайталануы мүмкін дегенді білдіреді. Осы жылдың көктемінде кәсіпорындар жоғарыда айтылғандай қант сатылымындағы шектеулерге тап болды. Қазір елге қант алып кіруге рұқсат берілуінің арқасында баға тұрақтанды. Ең болмағанда қант бағасының өсуі тоқтады. Қант қызылшасының өнімі мен қант өндірісінің көлеміне қатысты қазір қандай да бір болжам жасау мүмкін емес. Себебі өнімді жинау кезіндегі, қыстағы және қайта өңдеу кезіндегі ауа райы үлкен маңызға ие. 2020 жылы Қазақстан кондитерлері ЕАЭО аумағынан тыс қайта өңдеуге арналған қантты импорттай алды. Бұл бағаны тұрақтандыруға елеулі әсер етті. Оның үстіне нарықта бәсекелесі бар ресейлік қант өндірушілер бағаны аспандата алмады. Біз кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімге қарастырылған баж салығы жоқ импорт туралы шешім қабылдау қажет деп санаймыз. 2020 жылдың күзінде Ресейден қанттың үлкен көлемі үшінші елдердің аумағына экспортталды. Біздің білуімізше, Ауғанстан үлкен көлемдегі қантты жоғары бағамен сатып алды. Сондықтан ресейлік өндірушілер қазақстандық нарықты қанағаттандыруға аса қатты алаңдай қоймасы белгілі», – деп қорытты сөзін.  Екі жылдан кейін Қазақстан қант импортын бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бірнеше ай бұрын 2023 жылға қарай қантпен өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайызға дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Ол үшін Алматы облысындағы қант зауытын модернизациялау және Жамбыл облысында қуаттылығы 150 мың тонна жаңа кәсіпорын салу көзделуде. Әзірге Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігінің бұл жоспары өзгерген-өзгермегені және қант өндірісіндегі импортпен алмастырудың жағдайы қандай екені белгісіз. 

 

 

Ермек Сахариев
14.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 354
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6459
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8168
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6539
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6675