Қазақстан шахмат федерациясы ұйым тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңін белгілейтін ауқымды ребрендинг туралы мәлімдеді. Кешенді трансформация аясында ҚШФ жаңартылған фирмалық стилі мен стратегиялық тұжырымдамасын, сондай-ақ қазақ мәдениетінің бай мұрасына құрмет көрсететін жаңа логотипті ұсынды.
«Біз брендті қайта қарастырып, оған жаңа мән-мағына беріп, оны жарқын әрі есте қаларлық еткіміз келеді. Және, бәлкім, бұл 21 ғасырда баламасы жоқ жол, өйткені жарқын бейнесіз қандай да бір ілгерілеу туралы айту мүмкін емес. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Десе де, жасалған ребрендинг – аясы тар мақсат немесе жай ғана графикалық өзгеріс емес. Бұл біздің құндылықтарымыздың, эволюциямыздың және кемелдікке деген ұмтылысымыздың көрінісі», — деп атап өтті ҚШФ президенті Тимур Турлов.
Жаңартылған фирмалық стиль еліміздің мәдени тереңдігі мен болашаққа ашықтығын көрсететін дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімі. Оның негізінде әл-ауқат пен молшылықты бейнелейтін, қазақ мәдениетіндегі даналықтың нышанымен және шахматтағы ерекше фигура – аттың бейнесімен тоғысқан ежелгі «Мүйіз» ою-өрнегі жатыр. Өткен мен бүгіннің ұштасуы Федерацияның Қазақстанды бай тарихи мұраның сақтаушысы ретінде ғана емес, шахматты дамыту үшін озық технологияларды пайдаланатын әлемдік қоғамдастықтың прогрессивті қатысушысы ретінде көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді.
«Өткен кезеңде біздің федерация әлемдік шахмат картасында ойып орын алды, оны Халықаралық шахмат федерациясындағы әріптестеріміз де атап өтті. Қазақстан бірнеше рет әртүрлі Әлем, Азия чемпионаттарының, Шахмат тәжі үшін матч сияқты маңызды оқиғалардың орталығына айналды. ҚШФ шахматты танымал етуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда үдемелі жұмыстар атқарды. Біздің ребрендинг – бұл біздің өз алдымызға өршіл міндеттер қойған жаңа кезеңнің бейнесі. Мысалы, «Мектептегі шахмат» жобасы аясында біз үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, 5 жыл ішінде бастауыш сынып балаларының 20%-на дейін қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін береді және зияткерлік ұлттың қалыптасуына қосылған үлкен үлес болады», — деді ҚШФ бірінші вице-президенті, Азия шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
«Жалпы ребрендингтің ауқымына тек көрнекі бейнелер ғана жасырылмаған, оған ҚШФ жұмысындағы жүйелі өзгерістер, сондай-ақ біздің жұмысымыздың одан арғы жоспарлары да кіреді. Осы тұрғыда біздің федерациямыз кезең-кезеңімен ауқымды шаралар кешенін жүзеге асыруда. Солардың бірі – филиалдық желіні дамыту. Бұл біз жылдамдатуды көздейтін өте маңызды мәселе. Ал осы филиалдар жергілікті жерлерде түрлі бағдарламаларды іске асыру кезінде жұмыстың негізгі құралына айналуы тиіс», — деп қосты ҚШФ президенті Тимур Турлов.
ҚШФ президентінің айтуынша, филиалдық желіні дамытудың маңызды қозғаушы күші Республикалық «Шахмат керуені» жобасы болуы тиіс, аталмыш жобаның іске қосылуы да баспасөз мәслихаты барысында жарияланды.
«”Шахмат керуені” – Қазақстанның барлық өңірлерінде шахмат спортын насихаттауға бағытталған өршіл жоба. Жобаны әзірлеуде шабыттандырған Ұлы Жібек жолы болды, өйткені ол бүкіл әлем бойынша сауда-саттықпен қатар әртүрлі халықтардың мәдени және спорттық мұраларын алып жүрді. Қазақстан аумағындағы қалаларда «Шахмат керуенін» ұйымдастыра отырып, Федерация бас серіктес Freedom Broker-дің қолдауымен өңірлерде шахмат спортын нығайтуға және филиалдардың сенімді желісін құруға ұмтылады», — деп бөлісті ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
ҚШФ туралы ақпарат:
Қазақстан шахмат федерациясың 1992 жылы негізі қаланды. Федерацияның бірінші басшысы ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Тәуелсіз Қазақстанның шахмат федерациясын құрудың бастамашыларының бірі Ғалимолла Сәйденов болды. 1992 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Қазақстан үшін дебюттік дүниежүзілік олимпиадада ерлер мен әйелдер құрамасына жетекшілік етті. Ғалимолла Сәйденов Александр Синявскиймен бірлесіп Қазақстанның шахмат федерациясының бұрынғы логотипін әзірлегенін атап өткен жөн.
Соңғы он жылда қазақстандық шахмат қарқынды дамуда. Балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында қазақстандықтар 100-ден астам медаль жеңіп алды. Біздің әйелдер құрамасы – ең келешегі зор құрамалардың бірі. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева әлемдік әйелдер шахматының элитасына кіреді. Үнемі жаңа есімдер анықталып, бәсекеге қабілетті ойыншылардың бүтін буыны өсіп келеді. Сондықтан әлемдік шахмат аренасында Қазақстанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді.
2022 жылдың желтоқсанында Алматыда рапид пен блицтен шахматтан әлем чемпионаты салтанатты жеңіспен аяқталды. Қазақстандық Бибісара Асаубаева блиц бойынша чемпионаттың алтынын қанжығасына байлады, ал Динара Сәдуақасова рапид бойынша вице-чемпион атанды.
2023 жылдың сәуір айында Астанада Шахмат тәжі үшін матч өтті. Қазақстан астанасында 17-ші әлем чемпионы анықталды.
2023 жылғы 3-8 тамызда Каспий теңізінің жағалауында Ақтау қаласында World Schools Team Championship өтті, оған 53 елден 400-ден астам ойыншы қатысты.
Федерация ҚР-да шахматты насихаттауға, қазақстандық ұлттың зияткерлік элитасын қалыптастыруға, сондай-ақ жетекші спортшылар мен құрама командалардың халықаралық жарыстарға белсенді қатысуына барлық күш-жігерін бағыттайды.