Қазақстандық «код» пен «модель» ертегісінің ақыры

Қазақстандық «код» пен «модель» ертегісінің ақыры

Адамзаттың өмір деп аталған Ұлы көші бар. Тоқтамайтын. Мәңгілік. Бүгінгі біз оның ХХІ ғасырындамыз. Абай атамыз айтқандай: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік...». Иә, бірталай. Мысалы елімізге, халқымызға бұйырған Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылы...

Н.Назарбаев туралы ақиқат

Беловеж келісімі — УикипедияРесей мен Украина және Белоруссия басшыларының әйгілі «Беловеж қорығында жасасқан құпия кеңес-келісімдері» (08. ХІІ. 1991 ж.) Совет Одағын ыдыратып, одақтас республикалар Мәскеумен қоштасып, «үйлеріне қайтты». Қазақстан «қазантүпте қалып», жан-жағына жалтақтап отырып-отырып, ақырында жолға шықты. Республикамыздың Жоғары Кеңесі дереу сессиясын өткізіп, тәуелсіздігімізді» жариялады (23. ХІІ. 1991 ж.), ҚКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Н.Назарбаевты 1-президент етіп сайлады. Осы тұста мына бір үзінді сөзді оқылық: «ГазетаRU» тілшісі Д.Тельманов С.Шушкевичпен (Белоруссия Жоғары Кеңесінің төрағасы) сұхбаттасып, мән-жайды біліп, соңында кеңеске Н.Назарбаевтың келмегенін естігенін айтып, оның неге келмегенін сұрапты. Шушкевич былай депті: «Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көрдік те, досы Ельцин оны телефонмен іздестіріп, тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыс күшейткішпен сөйлесті, біздің естіп отырғанымызды айтты. Назарбаев: «Иә, барамын. Ұшаққа жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Ол бізге емес, Горбачевқа жетті. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, қайсымыздың жағарымызды болжай алмай сасқалақтаған. Михаил Сергеевич оны қайткенде де өзіне қаратып алуды ойлап, Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы етуге уәде беріпті. Шығыстың қу қайраткері, мен «ақылды» демей, «қу» деп отырмын, Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан». А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігімен байланысы үшін тұтқындалған-ды. Беловеж қорығында жобаланған «Тәуелсіз елдер достастығы» құрылуын» құптаған КСРО президенті Горбачев кейін бәрін қайтадан жиып алып, «Тәуелсіз мемлекеттер одағын» құрып алуды көздеген көрінеді. Бірақ қулығын құшақтап, айдалада қала берді. Алонымен пиғылдас Назарбаевтың дәмелі дөй лауазыман күдері үзілді де, ақырында тәуелсіздікті ең соңында алып тынды. Солай болғаны баршаға мәлім десек те, Шушкевичтің «қу қайраткері»: – Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық! – деп айқұлақтанды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылын жайлаған мәнсіз мақтан содан басталып, Назарбаевтың жеке басына табынуға ұласты. Оны мадақтаудың «шыңы» болған сөздер: «...Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырған Қазақстан бүкіл әлемді қызықтырып, таңдандырып, үлгі-өнеге болып тұр. Әлемдік экономиканың ғұламалары «Қазақстандық дамудың кодын білуге құлшынулы» (Мырзатай Жолдасбеков. «Егемен Қазақстан» газеті). Меніңше, Назарбаевты мадақтау комитеті құрылып, бастығы осы М.Жолдасбеков болған секілді. Оның ағыл-тегіл пікірін оқысаң, «біздің күніміз де, айымыз да, жұлдыздарымыз да – Назарбаев деп қаласың. «...В Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева» (Олжас Сулейменов. Газета «Свобода слова»). Енді осынау «код» пен «модель» сыңайында ел тірлігінің өзегі – экономикамыздың «дамығынына» бір ғана мысал: 1994-жылы нанның 1 бөлкесі қалыбына қарай (төрттекше, сопақ, дөңгелек...) 54-59 тиын болса, бүгінде 200-320 теңге. 30 жылда халқының алдындағы асы, үстіндегі киімі 1 теңге де арзандамай, үнемі қымбаттаған «Қазақстанда экономикалық даму болды деу – жағымпаздық лақап! Бізде 1992 жылы «Приватизация» туралы («Жекешелендіру», дұрысы – «жекеменшіктеу») туралы жарлық шығарылып, мемлекеттік меншік жойылды да, ауылшаруашылығымыз аңырап, өнеркәсібіз омалып қалды. «Ұлы өзгеріс» алдау-арбаулы алыпсатарлыққа, жылмағай жемқорлыққа, бетпақ парақорлыққа жол ашты, яғни қазақ жерінің асты-үстіндегі байлығын талтүсте тонау басталды. Жүзден астам миллионер, оннан астам миллардер шоғырланып шықты. Ақыры не болғаны ішкі-сыртқы ақпарат арқылы жалпақ жұртқа жайылды. Мәселен: Англия парламентінің мәжілісінде шет елдердің банктеріне адал еңбекпен табылды деу қисынсыз миллиардтаған доллар ақша салған қазақстандықтардың тізімі жария етілді. Ондағы 28-дің жартысы – Назарбаевтың әулеті. Олардың «үлесі», егер жаңылыспасам, 330 миллион доллар! Демек біздің экономикамыз өзіміздің елде емес, шетелдерде «дамып жатқан» болды  

Замана жібегіңді жүн етіп жүр, Арудың талайларын күң етіп жүр. Жыртқышқа «бақ-дәулетті» үйіп беріп, Нелер бір ел жақсысын жүдетіп жүр. (Сегіз серінің «Замана» өлеңінен) Ал рухани өміріміз жайында да бір ғана дерек келтірсем: сахналарымыз бен телеэкрандарымыздың, радиоарналарымыздың көпшілігін желөкпелік, дарақылық, парықсыздық баса-көктеп иемденіп алғанын көріп жүрсіздер. Батыстан әдейі насихаттау тәсілімен Ресейге, одан бізге жеткен әулекі бисымақтар, тақпақ-әнсымақтар. Ежелгі ескі әндеріміз айтыла қалса, оларды әуенмен сүйемелдеуде домбыра мен қобыз, сырнай-керней болмайды. Даңғыр-дұңғыр, ызың-дызың, шақ-шұқ, сарт-сұрт дауыс-дыбысты әлдебір аспаптар көбейді. «Жаңа» қазақ әндері еден тақтайды ағаш тоқпақпен түйгіштегендей дүңкілмен басталып, ол ән біткенше толастамайды. Бұрында Мәдениет министрлігінде «Көркемдік кеңес» басқармасы болды да, жаңа ән-би, күй, пьеса оның мақұлдауынсыз қабылданбайтын. Тәуелсіздігімізде ол тәртіп керек болмай қалды, тіпті министрліктің өзі таратылып, 2-3 жылдан соң әупіріммен қатарға қайтадан қосылды. Руханиятымызды көкпар ету де – Назарбаевтың «жаңалығы». Ол 1994 жылы көктемде АҚШ-қа алғашқы ресми сапармен барып келді де, Америкада, жалпы капиталистік елдерде Жазушылар одағы жоқ екенін, ақын-жазушылар гәзет-журнал корпорацияларымен байланыста жұмыс істейтінін, өз күнін өзі көретінін айтты. «Жаңалығы», әрине, естілген жерде қалмады, сол жылы шілде айында: жазушылар, журналистер, суретшілер, композиторлар, сәулетшілер... одақтарымыз мемлекеттік бюджеттен шығарылды. Жазушылар одағымыз, солақай мәтелге айналған «өз күніңді өзің көр» жағдайда. Оның қарамағындағы газет-журналдар авторларына қаламақы беруден қалды. Е, заман... «тәуелсіздік» деген тәтті сөз адал еңбеккерлерге ащы болды. «Жоқ, олай емес! Мінеки, мынандай жетістігіміз болды!» дер кім табылса да, онымен «саудаласуға» әзірмін. 30 жыл бойғы өктем биліктің осы айтқанымдай, басқа да сан түрлі қиястықтары жиындарда айтылып, газеттерде жазылып та жатты. Бірақ халықпен байланысы сөз жүзінде ғана жоғары шенділер құлақ аспады. Ашық айтушы, анық та батыл жазушы азаматтарымыздыі бірі – сәулетші ғалым, профессор, журналшы Төлеубек Сейітқалиұлының бірде: – Аға, осы біздің билікте көз-құлақ бар ма? Біз не айтсақ та, қазағымыздың мүддесін қолдап шырылдап жүрміз ғой? Ондағы естуге, білуге, былайша айтқанда, міндетті үлкен шенеуніктердің бәрі қазақ емес пе, не ойлары бар? Қазақы намыстары қайда? – деп ширыға сұрақ қойғаны бар. Мен оған: – Бұл сауалыңа жауабым бабамыз әл-Фарабидің мына бір сөзі болсын: «Сен қасыңнан жасқанба, қапыңды тапса, атып кетер; сен досыңа күмәнданба, қатты болса сатып кетер; сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер!» деген екен. Алып-қосарымыз жоқ қой. Біздің қоғамды қожыратқан – сол немкеттілік емес пе? – дедім. ...Төлеубек інімнің қалам ізін 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасына пікірлерін оқудан бастап бағып, оның тірлігіміздегі түзу түйінсіз түйткіл атаулыға назар аударып, әділдік іздеп жазып жүрген мақалаларына разы болып отырамын. Еңбегіне менсіз де қанық оқырмандарға себебімді тізбелеп ұсынуым артық болар. Төлеубек тарихи тақырыптарға да қалам тартуда. Мәселен, радио-концерттерде «халық әні» деп айтыла беретін: «Әйкен-ай», «Гауһартас», «Айқабақ», «Дайдидау»... бір сырлы, сегіз қырлы болған тарихи тұлға Сегіз серінің (Мұхаммед-Қанафия Баһрамұлының) әндері екенін дәлелдеді. Бұл тұрғыдағы басқа пайымдарыда ғибратты. Иә, радиоарналарымызда «халық әндері» мен «халық күйлері» соңғы жылдары көбейіп кетті. Өз басым «Шалқар радиосын», «Қазақ радиосын» тыңдаймын. Қайсысы екені есімде қалмапты, солардың бірін қай күні кеште ашып қалып едім: «Ендігі тыңдайтындарыңыз – халық күйі «Ақсақ құлан» деп хабарлағаны ғой!.. Қаламдас інім былтыр Д.Қонаев, биыл О.Сүлейменов туралы мақала жазды. Мұқият оқыдым. Білген шындығын айтқан. Екеуін беталды мадақтау белең алғанына шыдамаған. Тарихымыздың беттерінде шындықты көпе-көрінеу шырғалаңдаған дақ қалмасын ойлаған.

Қ.Сәтпаевты қудалаған кім?

Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны: шын есімі, зерттеулері, отбасыБұл екеуі жайында менде де біраз мағлұмат бар: Алдымен Д.Қонаев туралы. Орталық партия комитетінде 12 жыл қызмет істеген Михаил Иванович (Хәкім Тілегенұлы) Есенәлиев және оның исі қазақ білетін досы Өзбекәлі Жәнібеков үшеуіміздің басқосуымыздың бірінде сөз қалайда Д.Қонаевқа тіреле қалды да, Хакең: «Ол басқаның қолымен от көсеуге шебер еді», деп басын шайқады. Өзекең: «Нендей мәселе болсын, бәрін де әнеу екі жандайшабы арқылы «реттейтін», – деп мырс етті де: – Бүгін арқаңнан қаққылап, ертең түбіңе жететін», – деді. Соңғы жылдары Д.Қонаевты: біртуар, дана, көреген, кемеңгер, әулие еді, деп қисынсыз дәріптеушілерге жауап ретінде оның: Жұмабек Тәшеневті тантық Хрущевқа сатқаны, Қаныш Сәтбаевтың соңына түскені, Шафик Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Евней Бөкетовті, Өзбекәлі Жәнібековті, Әнуар Әлімжановты, басқа да бірнеше қайраткерді қудалағаны айғақталуда. Алыс-жақынға танымал ғалым Қаныш Имантайұлының тіріде өзіне, өліде аруағына қандай қиянат жасағаны қаламгер Медеу Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев» кітабында паш етілген. КСРО Ғылым академиясының Қанекеңе «Социалистік Еңбек Ері» атағын беру жөніндегі ұсынысын республика партия ұйымының басшысы, СОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.Қонаев қолдамаған, тиісті құжатқа қолын қоймаған. Кейінде Қанекеңнің мүшелтойларын республика деңгейінде өткіздірмеген. КСРО Геология министрі Е.Козловский 1981 жылы іссапармен Алматыда болып, Д.Қонаевпен жүздескен. Әңгіме барысында Қаныш Сәтбаев рухының лайықты жоғары деңгейде құрметтелмеуіне өкініш білдіре бастағанда Қонаев оның сөзін бөліп: «Жезқазғанды әйгілі еткен – геолог-ғалым Сейфуллин. Сәтбаев оның еңбектерін пайдаланып кеткен», депті. Айылын жимастан өтірік айтқаны – сұмдық-ақ! Жалған сөзге жаны түршіккен министр тәжікелесудің керегі жоғын біліп, үндемей шығып кеткен (қарт журналшы Мадат Аққозиннің Д.Қонаев туралы жазбасынан). 1989 жылы Жезқазғанға бардым. Туысқанымның тойына. Әредіктегі әңгіме кезінде ортаға алған жігіттерге: – Осында Сейфуллин деген атақты геолог ғалым болған екен, сол туралы естігендерің, оқығандарың бар ма? – деп едім, бір жігіт: – Қонаев ақсақалдың Сейфуллині ғой, – деді кекесінді үнмен. – Иә, ары қарай айтарың бар ма? – дедім. Әзіл раймен. Ренжітіп алмауды ойлап. – Оны сұрастырғанмын. Оқыған соң. Осында бір қарт геолог есіне әрең түсіріп: «Е, ол кен басқармамызда бөлімнің бастығы ма, орынбасары ма, сонда істеген татар жігіт. Аты... Хаид... жоқ, Саид қой деймін, иә, Саид, татар», деді. Сәтбаев Қаныш ағаның 90 жылдығына арналып шыққан мақалаларда, комбинатта болған жиында сөйлегендердің сөздерінде Қанекеңнің шәкірттері аталғанда ешкім «Саид Сейфуллин» деген аты-жөнді айтқан жоқ

«Семей-Неваданы» тоқтатқан кім?

32 года назад возникло заставившее замолчать ядерный полигон движение « Невада-Семей»

 Төлеубектің Олжас Сүлейменовке қатысты айтқандары да рас. Мен Олжаспен Жазушылар одағында 12 жыл қызметтес болдым, әй-шәй дескен емеспіз. Ол өз тілінде сөйлемеді. Ісләм Жарылғапов деген егде әдебиетші, аудармашы болды, Көркем әдебиетті насихаттау бюросында істеді. Ол: «Мен ең әуелі Олжастың аудармашысы болып жүрмін. Облыстардағы қазақ жазушыларымыздан келген 10-15 сөйлем өтінішті де орыс тіліне аударып беремін», деп күлетін. Бісмілдәсі «казахский язык – язык кухни» деу болған Олжас КСРО Халық депутаттарың 1-құрылтайына депутаттыққа Алматыда өте алмай қалды да, Министрлер Кеңесінің төрағасы, досы Н.Назарбаев Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевпен сөйлесіп, сол облыстан депутат етуге келісіп: «Полигонды жабу күресіңде саған мықты көмекші болады» деп, Олжасты Семейге жіберді. Ал үкімет құрып берген «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы Олжастың қандай көмегі болғанын Кешірім былайша баяндады: «...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскенмін. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен теке-тіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: – Бардым, көрдім, жеңдім! – деп шыға берді... (онысының Олжас екені сөзсіз. «Бадырайтып атамай-ақ қояйын, жұртшылық менсіз де біледі» деген ғой, – Ғ.Қ.). Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда: – Мұндағы еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана сонікі! – делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ жүргендер де бар) өздерін өздері насихаттап, қозғалысқа солақайшылық бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған деректер таратылды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты» (Кешірімнің 1992 жылы шыққан «Семей полигоны» кітабынан). Өздерін өздері насихаттауға, өзгелерге насихаттатуға да шеберленіп алған олжасшылдарға бұл ақиқат сөз, әрине, шаншудай қадалды. Семей полигонына қарсы күресті бастауға бел буып, Кремльдің төріндегі М.Горбачевқа 1989 жылы ақпан айының 20-сы күні хат жолдап, полигонды басқа жаққа көшіруді талап еткен, бүкілхалықтық қолдаудың нәтижесінде мақсатына жеткен Кешірім тарынған тағдырға не дауа, 1999 жылы көз жұмды. Полигонның тарихынан «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөнді өшіріп тастауға алқына кіріскен О.Сүлейменов «Казахстанская правда» гәзетінің тілшісімен сұхбатында (2005 жылы мамыр айының 5-і күні): «…Да, он (К. Бозтаев, - Г.К.) был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае среди первых борцов за закрытие полигона его не видели…», – деді. Жағамды, ұстамақ тұрғай, жұлып ала жаздадым. Аруақтан аттап кету – мұсылмандыққа ғана емес, жалпы адамгершілікке жат кінә да, күнә да!.. Ұят қайда, ар қайда?!. Өтірік айтудың да жөні бар емес пе?!. К.Бозтаевтың хаты Кремльде бомба жарылғандай болған да, ол мәселені реттеуге Мәскеуден мемлекеттік комиссия жіберу ұйғарылған. Оның қашан келерінен хабарда партия мен үкімет басшылары Г.Колбин мен Н.Назарбаевтың «болар іс – болдыға» еріксіз жүгініп, полигонға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастырып үлгіруді қолға алғандарына сол тұста билік жүйесінде болған Әкежан Қажыгелдиннің сөзі дәлел. Ол полигонға қарсы күресте Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың рөлі өте зор екенін атап өтіп: «Қозғалысты бағыттап отыру үшін оған жетекшілікке белгілі адамдардың бірін тағайындау ұйғарылды. Ақын Олжас Сүлейменовтің пайда болуы солайша», деді («ДАТ-ОП» гәзеті. 2016 ж.). Олжасты досы Н.Назарбаевтың ұсынғаны сөзсіз. Ол дауысы зор ақынының ешкімнен сөз сұрамайтынын әу дескенде-ақ көріп-білген шығар. Қозғалысты ұйымдастыруға Әнуар Әлімжанов та қатысқан. Атын қойған да болар. Бірақ «Мен!» дегенді суқаны сүймейтін Әнекеңнің 1989 жылы шілденің 17-19 күндері Семей қаласында «Қазақ ССР-інің Семей облысы, Семей қаласы тұрғандарының денсаулығы» деген атпен өткізілген халықаралық конференциядағы сөзінен аңғарылады. Ол конференция – Кешірімнің хатымен байланысты алғашқы жиын. Бұл екі жайтты беріп отырғаным Төлеубектің мағлұматтары оқырмандарға толығырақ болып жетуін қалағаным. Бұған қосымша: «отызында орда бұзған» жігіттің бүгінде 80 деген биік тұғыр ғасыр берместен, шаршамай, шалдықпай шығып отырғанына шүкіршілігім бар. Қайратты інім, аталарымыз айтқандай: «Басың аман, бауырың бүтін болып», алдағы асуларыңды бетке алып, аяңдай бергін!

РЕДАКЦИЯДАН: Қай заманда да, қандай тар кезеңде де шындықты қақыратып айтатын, жазатын тұлғалар ұлтымызда бар болған. «Тура биде туған жоқ» дегендей, оларды билік аса жақтыра қоймайтыны белгілі. Саусақпен санарлықтай батыр мінезді ағаларымыздың ішінен екі ағамыз газетімізге анда-санда болса да тұщымды материалдар жазады. Олар – Ғаббас Қабышұлы мен Төлеубек Қарамантегі ағаларымыз. Бүгін Ғаббас ағамыз Төлеубек ағамыздың шығармашылығына тоқтала отырып, қазіргі болып жатқан оқиғаларға, кейбір аттары аңызға айналған тұлғаларға қатысты пікір білдіріпті. Сондай-ақ бүгін профессор, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, қоғам қайраткері Төлеубек ағамыз 80 жасқа толып жатыр екен. Құттықтаймыз! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз, аға! Аман болыңыз!

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
08.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 191
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 184
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 694
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 816
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 730

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8886
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8281
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11509
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9265
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10493