Қазақты әлемге танытқан көтеріліс

Қазақты әлемге танытқан көтеріліс

Шовинизмге қарсы шеру

 

1986 жылғы оқиғаға тікелей себепкер болған – Димекеңнің орнынан алынып, басқа жақтан келген, өмірінде Қазақстанды көрмеген Колбин деген біреудің  Республикаға бірінші басшы болып келуі еді. Орыстық ұлы шовинизм қазақ ұлтын қорлап, қатты намысына тиді. Бір күн бұрын дайындалған Алматыдағы студенттер, жұмысшылар жатақханасындағы жастар, азын-аулақ зиялы қауым сол кездегі Брежнев атындағы алаңға келіп, қарсылық шерулерін бастады. Мен де басында екі-үш жүздей  жастар жиналған Алаңға келгенмін. Бұл 17 желтоқсан, сағат ондардың кезі болатын. Жастарға қарай жақындап едім, әскери формадағы милиция майоры  маған қарап: «Сіз қызметкер көрінесіз. Жастардың арасында ұрандап жүру сізге жараспайды» деді. Қазақ сөзге тоқтаған халық қой. Мен кешірім сұрап кері қайттым. Шерудің соңы сойқан болатынын, әрине, білген жоқпын. Жаман ой басыма келмеген.

 

Үрей

Түскі үзіліс кезінде алаң адамға толып кетіпті. Қаладағы күллі студент осында деген хабарды естіп, мен тағы 4-5  қызметкер сонда баруды жөн көрдік. Орталық Комитет үйі, оның алдындағы алаң бізге жақын еді. Бұрынғы Карл Маркс, қазіргі Қонаев көшесімен жүріп, Абайға шыққанымызда көшеде «зоовет» студентері  жасақшылармен сөзге келіп, қармен атысып жатты. «Ленин әр ұлттың өздерінің басшылары басқаруға тиіс деген» деп көшедегі орыстарды тоқтатып жатты  бір-екі  жігіт. Біз Фурманов көшесімен Сәтбаевқа шыққанда Алаңды қоршап тастаған екен. Қарулы күзет ары қарай жібермеді. Кері қайтуға тура келді. «КГБ-інің құпия камералары білдірмей түсіріп жатыр» деді марқұм Есберген Естаев. «Қазақстан мұғалімі» газетінде менімен бірге қызмет еткен ұлтжанды  азамат еді. Америка ғарыш аппараты спутник арқылы таратып жатқан шығар деді марқұм Базарбек Төтенаев. Кешкісін Төлебаев көшесімен төмен түсіп келе жаттым. Қабақтары түсіп кеткен үлкен кісілерді көрдім.

Димекең ескерткіші алдында №20 автобусты күттім. Келіп тоқтағанда ішке кірсем, адам аз екен. Салонда үрпиіп, қорқып отырған орыс жігіттерін көрдім. Түрім бұзылып кірген олар маған қауіптене қарасты. Мен олардан секем алдым. «Қазақтар орыстарды өлтіріп жатыр» деп біреулер қауесет таратқан ғой.

 

Ержүрек батыр қыздар...

Алаңға баруға жол жабылып, қалаға әскер кіріп, қанжоса  жалғасқан 18 желтоқсанда  Тастақ жақта бір досымыздың туған күніне баруыма тура келді. Ондағы мақсат ЖенПи-де оқитын қыздардың ерлігі жөнінде білу еді. ЖенПи-ді бітірген жерлестің  үйінде жиналдық.  

Отырыс туған күн емес, Алаңдағы оқиға жөнінде  жалғасты. Тілек тілеу емес,  жан беріп, жан алысып жатқан қыздар мен жігітердің ерлігіне сүйсініп, олардың  амандығы үшін деп тост  көтерілді. Ол кезде арақсыз ас ішілмейтін. КСРО маскүнемдер еліне әлдеқашан айналған болатын. СОКП маскүнемдікке қарсы арнайы қаулы қабылдап, тойларда арақ ішуге тыйым салынды. Бұл бір жағынан дұрыс еді. Ішкіштер бұл саясатты келемеж қылды. Алаңға шыққан жастарды нашақорлар, мәскүнемдер деп   айыптаудың бір себебі осында жатыр. Арандату үшін Алаңға жәшікпен арақ әкелгені сол кезде айтылып жүрді. Арада 2-3 күн өткенде КазПи-де оқытушы досым Досаман Дәуітовтың  кафедрасына келдім. Ол көзіне ыстық жас алып қарсы алды. «Оңбаған жендеттер қыздардың ішінен теуіп, ұрып, болашақта бала көтере алмасын деп  кіндіктен  ұрғаны  жаныма батты. Алаңға барған қыздардан мұны естіп егілдім» деп Дос көзіне келген жасты сүртті. Мен де іштей егіліп, біраз үнсіз тұрдық.

 

Жантүршігерлік жазалау 

Жетоқсанның соңына таман Кеңестік партиялық басылымдар қанды Желтоқсан оқиғасын ұлтшылдар мен оңбағандардың әрекеті деп  жарыса жазып жатты. Сотталғандардың тізімін, суреттерін жариялай бастады. Жоғарғы оқу орындарында, мектептерде жастарды айыптап, кінәлаған, жазаланғандарды сендерге сол керек деп табалаған жиындар өтіп жатты. Алматы облысы, Есік қаласындағы мектеп-интернаттан  маған хат келіп түсті. Хатта Алаңдағы жастарды нашақорлар,  ұлтшылдар деп кінәлайды. Мен оқып шығып, оны қорытпай, авторы жоқ деп белгі қойып архивке жібердім. Редакцияда бірге істейтін Сырғабай Мейіржанов деген соғыс ардагері бар еді. «Ораз, сен дұрыс жасадың» деді. Өзі Желтоқсан оқиғасы кезінде Мәскеуде болған болатын. Бір кавказдық әскери адаммен қонақ үйде жатып, радиодан Алматыдағы жағдайды естиді. Бұған қуанған майор «Қазақтар, сендер қаһарман халықсыңдар. Ұлт-азаттық көтерілісті сендер бастадыңдар. Құттықтаймын!» деп Сырғабайдың қолын алады. Мұны Сырағаң жиі айтып,жұртқа таратып жүрді.

1987 жылдың басында желтоқсаншыларды жазалаудың, соттаудың, өлім жазасына кесудің тарихта болмаған сұмдығы мен сойқаны басталды. Партиялық баспасөзде жаза жөнінде күн сайын жарияланды. Қайрат Рысқұлбектің серіктерімен сотта түскен суреті  дүрбелең тудырды. Олар өлім жазасы жөнінде сот үкімі оқылғанда  бұрынғының батырларынша қасқайып қарап тұрғаны Колбинге ұнамай мұны жариялаған газеттің редакторы  қызметтен кетті. Әлемге әйгілі сурет қазір жиі жарияланады.

Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға ара түсіп, оларға қорған болған ұлжанды зиялылар болды. Солардың бірі генерал М.Қалматаев еді. Осы әрекеті үшін оны Ауғанстандағы соғысқа айдап жіберді. Бұл шындық Тәуелсіздіктен кейін айтылды.

Желтоқсан дүрбелеңі басылмай тұрған жылы өткен Республикалық мұғалімдер сьезінде КСРО  ағарту ісінің үздігі халық мұғалімі, соғыс мүгедегі Құмаш аға Нұрғалиев осы жиында боздақтарды еске алып егілгені менің есімде әлі тұр. Шетелдік ақпарат құралдары Желтоқсан оқиғасы жөнінде күндіз-түні  хабарлап жатты. Америка даусы, Би-Би-Си, Азат Европа, т.б. Мәскеудегі Америка журналисін Алматыға жібермеді. Оқиғаға себепкер болған Қонаевтан сұхбат алмақшы болған тілші кейін мұны ашына айтты.

 

Кемеңгерді өлтірудің әрекеті

Мәскеу Желтоқсанды тікелей ұйыдастырушы Қонаевтың өзі деп Димекеңді қалай да жазалап, атақтарынан айырып, ескерткішін құлатудың тағылық әрекетін жоспарлады. Алдымен көмекшісі Дүисетай Бекежановты соттап, содан соң Димекеңнің көзін құртудың зымияндық амалын іздестірді. Мәскеу нұсқауы бойынша бірінші партиядан шығару керек болды. Мақтай Сағадиев тағы басқалар бұған қатты қарсылық танытып, Колбиннің айтқанына көнбеді. Бірақ тергеу жүріп жатты. Горбачевтың тікелей  нұсқауымен Димекең үстінен  500-ден  аса  оны  кінәлаған хат Кремльде  бума-бума болып, КГБ-ге  келді. Өйткені «Көтеріліс көсемі»  Қонаев деп  Димекеңді тіпті өлім жазасына кесудің әрекеті осылай жасалып еді. Қоғам қайраткері Сағидола Құбашов жоғарыда айтылған  500 хат жөнінде кейін баспасөзде   жариялады. Жантүршігерлік зұлымдыққа,әділетсіздікке төзе алмаған, әйелі ауру, өз қарт кісі   соңында өзіне қол салуды  жөн көрген. Димекеңді тергеуші атақты А.Калинченко естелігінде   «бұл тұлғаның енді оқыс, тосын  жағдайда өлуі  ғана  қалған еді» дейді  Кеңес өкіметі құлағаннан кейін айтқан сөзінде... 

 

«Меңдібас» патша» Қонаевты неге қудалады?

Ақырзаман болғанда «меңдібас патша билікке келеді» деп айтушы еді Татарка жақта тұратын сәуегей Клава Петровна. Горбачевты неге екен белгісіз басындағы  қызылкүрең меңіне байланысты осылай дейді екен.

1987 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Мәскеуде өткен жиында алдымен «Меңдібас патша» Димекеңді мінбеге шақырады. «Дүрбелеңді сен ұйымдастырғансың» деген оймен бұған кінәлі кім, тікелей кім жастарды алаңға  шығарды» деп  сұрайды. Димекең   Меңдібасқа отты көзімен қадала қарап, содан соң бірінші қатарда отырған екеуді сұқ саусағымен көрсетеді. Сенің нұсқауыңмен дегендей  ишарат сездіріп. Оның бірі Назарбаев, бірі Камалиденов болатын. Бұл көріністі және Димекеңнің не айтқанын естіген ҚР жоғарғы Кеңес төрағасы С.Мұқашев еді. Жиынан кейін сол кездегі  Қазақ (Мәскеуде) өкілділігінде істейтін Сәбит Жадановқа келіп, мұны тісіңнен шығарма, құпия ұста дейді Саламат депутат. Кейін көп жылдан кейін бұл құпияны Сәбит аға маған айтты. Димекеңнің ол кісіге шапағаты тиген. Сол кезде Алаңға алғашқы күндері Нұрекең мен Захаш келіп, жастарға басу айтады. Кешкісін жарық барда  үйге қайтыңдар дейді. Иә, осы сөздің астарында жастарды қолдаудың нышаны жатыр. Мәскеу меңзеуімен болып жатқан әрекет екені айдай анық сезіледі. Саясаттағы көзге көрінбейтін нәрсе қылаң береді. Мұны ұйымдастырған Назарбаев деген әңгіме тарады. Желтоқсан оқиғасы жөнінде Хасен Қожахмет мұны Мәскеудің  өзі жасап отыр деген. Мәскеу неге мұндай қадамға барды? «Меңдібас патша» өмірінде шеру өтпеген ел енді демократияға келе жатыр. Мұны әлем білсін деп өзінің қайта құруын дүниеге паш етуді ойлады. Сондай-ақ орыстық шовинизм қанына сіңген ол Димекеңнің атақ даңқын көре алмай қызғаныштан өле жаздады. Сөйтіп бар кінәні соған артып, тарихтан атын өшіруді мақсат етті. Өзі ұйымдастырған Желтоқсан оқиғасын дәлел қылып, ақылманнан  кек алуды жөн көрді. Политбюроның бір ұлт мәсесі жөндегі жиынында Кавказдан түскен арызды Брежневтың  тапсыру бойынша  Димекең қарайды. Өлке басшысы Горбачевқа сөгіс жариялайды. «Меңдібасты» академик  мұсылман елдері бойынша курьер Димеке онша жақтырмаған. Мылжыңдап көп сөйлейтінін ұнатпаған. Желтоқсанның алғашқы дүрбелең кезінде Меңдібас Димекең үйіне әдейі телефон соғады. Димекең оққағары Горянов  мұны естіп тұрады. Залыммен  кемеңгер айқасады. Димекең  қатты кетеді. «Менен ала алмай жүрген кегіңді  айтшы. Жетеді енді» деп тоқтайды. Бұл егесті Димекең сыртқа шығармады. Антолий Горянов  сіз алаңға бармаңыз, қастандық жасалады. Политбюро  мүшесі Сіздің өміріңізді сақтау маған парыз дейді. Димекең  бұған мән бермей, Орталық комитетке келді. Бірақ оны алаңға жібермеді. Димекең бәрін шынайы баяндап, жастарды сабырға шақырғанда үлкен сыйлаған қазақ  жастары райдан қайтар ма еді деген ой келеді өзіме. Димекең естелігінде Желтоқсан оқиғасына  қатысты нысанаға бірінші мені алды дейді. Қыршын кеткен  қыздар мен жігіттерді  еске алып, бұған кінәлілер бұғып жатыр дегенді меңзейді. Зейнетте жүргенде ақталған  желтоқсан  ерлеріне  көмек қолын созды. Атылып кете жаздаған, кейін жазасын өтеген Түгелбай Тәшеновты қабылдап, Олжас арқылы оған екі бөлмелі  үй алуға  көмектесті. Бұл азамат сотта жазалаушыларға қасқайып қарап тұратын батырлардың бірі. Өзін насихаттауды  ұнатпайды. Атам қазақ дана, көреген ғой. Ойыннан өрт шығады деп текке айтпаса керек. Сондай-ақ «орыс ойына келгенін  істейді» дейді. «Меңдібас патша» нақұрыстық әрекетке барып, соңында өшпенділік пен залымдықты өршітіп, Кеңес Үкіметінің ыдырауына  өзі  жол ашты. Өзі әрең тұрған жүйені  Желтоқсан оқиғасы күйретті. Лениннің ұлы орыстық шовинизм  қағидасы империяның  түбіне жетті. Қанды Желтоқсан оқиғасы қырғынын жасады. Құдай қолдап, түбі қайырлы болды. Оқыс оқиға, нәубет залалдың  артын Алла қайырлы қылады деген даналық мұны дәлелдеп тұр. Қазақ Тәуелсіз ел болды. 

Елімнің егемендігі мен  Тәуелсіздігінен асқан маған бақыт жоқ. Алақаны аялы, жаны саялы халқым деп соңғы демі таусылғанша Димекең  жаратқаннан еліне тек жақсылық тіледі. Димекең өмірі мен тұлғалық қасиетін зертеуші, американдық тарихшы, советолог Марта Олкотт  Қонаев пен Горбачев арасындағы құпия шайқас, мылтықсыз айқас 18 айға жалғасты. Патша  қатаң жазалау үшін  аянбады. Оны балға болып ұрды. Қонаев керісінше төс болып шыдады. Соңында балғаның басы сынып, ол жеңіліске ұшырады. Сөйтіп тақтан тайғанын өзі де білмей қалды деп ой түйді американдық тарихшы, философ. Жауын осылай жеңген Қонаевты  қалай батыр, кемеңгер, қаһарман демейсіз. Желтоқсан туралы әңгіме болғанда оған қатысқандар қазір  бірден Димекеңді бірінші ауызға алады. Өйткені қоғамның өзгеруіне тікелей себепкер болған Қонаевтың аты әлемдік тарихта тұлға екені өз алдына құбылыс болып қалды. Өкініштісі, өз елінде бұған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Өз елі Пайғамбарды танымайды деген даналықта шындық бар. Қарапайым халықтың Димекеңе деген сүйіспеншілігінде шек жоқ. «Дінмұхамед деген атты жай қойған ба, халқың сені теңейді Пайғамбарға» деген бір ақынның жыр жолдары әлеуметтік желіде қазір  жиі қайталанады. Желтоқсан оқиғасы кезінде Колбин күш қолданды. Егер «Меңдібас» Михайл оны Қазақстанға жібермегенде тіпті, көтеріліс болмас еді. Бұған кінәлі, тікелей айыпты, шовинист Горбачевтың өзі. Қазір ол тірі өлік болып, таяққа сүйенген бейшара. Шетелде  мүсәпір болып болып жүр. Табалаудан аулақпын. Тарихта халық қарғысына, әулие назасына ұшыраған патша ретінде аты қалды. Ал Колбинің  Мәскеуде  ит өліммен өлгенін айтудың өзі ауыр. Құдайдың кәріне ұшырап, Алла Тағала жазасын берген   екеуі Желтоқсандықтардың есінен  ешқашан кетпейді.

Димекеңнің  ұлы-лығы жөнінде, оның  Америкада тұлға ретінде қалай танылғаны туралы  АҚШ  президенті  Джо Байденге  Желтоқсан айында хат жазып, Елшілікке тіркеттім. Жауап келуге тиіс.

 

Ораз ҚАУҒАБАЙ, қаламгер, қонаевтанушы
14.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 110
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 146
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 48
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 144
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 110
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 255
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 469
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 430

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9130
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8527
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11754
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9523
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10735